Қазақстан үкіметіне бос қиял-иллюзиядан арылуға кеңес берілді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2478

Бұл ескерту үкіметтің отырысында айтылды.

Қазақстан үкіметіне бос қиял-иллюзиядан арылуға кеңес берілді Фото: tengrinews.kz

Бір қызығы, бұл ақыл "сырт көз сыншыдан" емес, іштен шықты. Негізі, ондайды телефонмен не смс хабарламамен де өзара жеткізе салуға болады, алайда бұл мәлімдемені ғаламтор арқылы ашық таратылатын тікелей үкіметтің отырысы деңгейіне шығаруды жөн деп тапса, демек, тонның ішкі бауындай араласып-құраласып жүргендіктен, үкіметтегілердің арасында қиял белең алмасын деген алаңдаушылық бар болса керек.

"Мемлекет басшысы жолдау аясында қойған басты міндеттердің бірі – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеті орындалуда. Сонымен бірге әлемдік тауарлық және қаржылық нарықтарда сақталып отырған белгісіздік – біздің осы жылға қатысты үміт-күтулерімізді бәсеңдетуге мәжбүрлейтін негізгі фактор болып табылады. Биылғы алғашқы төрт айдағы оң динамика бізде мемлекеттік аппаратты белсенді етіп, жұмысын жандандырмай-ақ алда да осы қарқынды ұстауға болады деген бос қиял-иллюзия тудырмауға тиіс. Өйткені былтырғы жылдың алғашқы бес айы бойы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) құлдырағанына куә болдық. Бізде әлі күнге "төменгі база әсері" сақталып отыр" – деп ашығын айтты бас экономист Тимур Сүлейменов.   

Айтқандай, министрлер кабинетінің жиыны primeminister.kz ресми сайтынан, сондай-ақ Facebook, Вконтакте, Twitter және Periscope әлеуметтік желілерінен онлайн режимде таратылыпты. Демек, бұл "сақтандыруды" шенеуніктердің кең аудиториясы көруге тиіс. Яғни, қамын жасамай, құр қарап отырса, ЖІӨ жайдан жай өзі өспейді.

Ал әзірге үкіметтегілердің көңілі көтеріңкі. Өйткені 2016 жыл қорытындысында символдық қана мәні бар 1 пайыздық өсуге мәз болуға мәжбүр болса, биылғы төрт ай қорытындысы 4 пайызға жуықтаған салмақты "жеміс" сыйлап отыр.

"Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың 4 айындағы статистиканы жағымды деп айтуға болады. Алдын-ала деректер бойынша қаңтар-сәуірде ЖІӨ өсуі біз 1-ші тоқсанда көрген 3%-ға қарағанда жоғарылап, қарқыны 3,7%-ға дейін жеделдеді", – деп өзі де желпініп қойды Тимур Сүлейменов.

Экономиканы өсірген – қарапайым халық пен бизнесмендер. Олар біріншіден, өнімдерді көптеп сатып алып, қызметті көбірек тұтынған. Екінші жағынан, өнім өндірісін арттырған. Нәтижесінде, экономикалық өсімнің қарқын алуының негізгі факторлары ретінде "тұтынушылық және инвестициялық сұраныс, сондай-ақ ЖІӨ серпінін қолдауға септігін тигізген экономиканың нақты секторындағы кеңінен таралып жатқан белсенділік" аталды.

Негізгі капиталға құйылған инвестициялар 5,5%-ға өсуі, жылдық инфляцияның 7,5%-ға дейін бәсеңдеуі халықтың нақты табысының 2,4%-ға және бөлшек сауда көлемдерінің 5,5%-ға артуына әсер етіпті. Салыстыру үшін айталық, 2016 жылғы қаңтар-сәуірде 2,3%-ға төмендеген еді.

ЖІӨ-нің оң серпіні өндіруші (7,8%-ға) және өңдеу (6,8%-ға) салаларының, құрылыстың (6,1%-ға) және қызмет көрсету саласының (1,9%-ға) сенімді түрде өсуімен байланысты.

Тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларының ішінде көмір және лигнит (18,9%-ға өсу), мұнай (7,6%-ға), табиғи газ өндірістерінде (13,2%-ға өсу) оң серпін байқалды.

Өсу Қашаған кен орнында мұнай өндірісінің, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-та, "Богатырь Көмір" ЖШС-да, "ЕЭК" АҚ-та (тау-кен жұмыстарын дамытудың бизнес-жоспарына сәйкес) көмір өндірісінің және "ССГПО" АҚ-та темір кені өндірісінің ұлғаюынан болып отыр.

Мұнай өңдеу (9,1%-ға өcу), фармацевтикалық өнімдер (49,7%-ға), бейметалдық минералды өнімдер (5,0%-ға), металлургия өнімдері (8,3%-ға) және машина жасау өнімдері (3,3%-ға) сияқты өңдеудің негізгі сегменттерінде де жандану тіркелді.

Бұл ретте, өндірістің азаюы химия өнеркәсібінде байқалады. Химия өнімдерінің өндірісі 0,7%-ға төмендеді. Бұл ретте, бірінші тоқсанмен салыстырғанда құлдырау ауқымдылығының (минус 1,2%-ға) азаюын атап өткен жөн.

Мәселен, Ақтөбе хром қосындылары зауытында хром триоксидінің, хром тұздары мен натрий бихроматы өндірісінің, "Казфосфат" ЖШС-да фосфор және натрий трифосфаты өндірісінің төмендеуі байқалады.

Агроөнеркәсіптік кешеніне келсек, ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі өзгермей, 2,9% деңгейінде оң межені сақтады.

Атап айтқанда, өсу мал мен құстың сойылу көлемінің 4,1%-ға және сиыр сүті көлемінің 3,3%-ға жоғарылауымен негізделеді.

Биылғы төрт айда азық-түлік өндірісі 5,7%-ға жоғарылады, ал сусын өндірісінің өсуі 2,6%-ды құрады. Құрылыс 6,1%-ға өсіп, оң серпінін сақтады.

Бұл салада құрылыс жұмыстары серпінді қарқынмен жүргізілген көшбасшы өңірлер – Павлодар облысы (59,5%-ға өсу), Астана қаласы (19,1%-ға) және Жамбыл облысы (12,7%-ға) болып табылады.

Мысалға келтірсек, құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы Павлодар мұнай химия зауытының жаңғыртылуының жалғасуымен, Ақтоғай КБК-ның, Ақтөбедегі кеніштердің, тұрғын-үйлердің, мектептердің және спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысымен байланысты.

Негізінен, өндіріс секторларының жүйе құраушы салалары төңірегіндегі тығыз салааралық байланыс, қызмет көрсету салаларындағы өсудің жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Жыл басынан бері қызмет көрсету өндірісі 1,9%-ға өсті. Сауда және ақпарат пен байланыс салаларында өсу байқалды. Мәселен, сауданың өсуі жыл басынан 2,4%-ды құрап, ақпарат пен байланыс 2,0%-ға ұлғайды.

Көлік және қоймалау қызметтерінің көрсетілуі 3,5%-ға өсті. Бұл ретте жүк айналымы 5,9%-ға, жолаушы айналымы 3,2%-ға ұлғайды.

"Өткен жылғы бастапқы төмен мәндерге байланысты өсу факторлары екінші жартыжылдықтың ішінде аяқталатын болады. Сондықтан мемлекеттік органдар жетекшілік ететін салалардағы өсу мәселелерін инерциялық тәсілдерден нақты шешуге өту арқылы жұмыстарын жандандыру қажет", – деп нықтай түсті ұлттық экономика министрі.

Мұны үкімет жетекшісі құптады. Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсімнің белгіленген динамикасын сақтауды тапсырды. Ол мемлекеттік органдарға елбасы алға қойған міндеттерді шешу шараларын іске асыруды жалғастыруды жүктеді. Премьер инвестициялар және даму министрлігіне өңдеу өнеркәсібіндегі жағдайға ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру, яғни жауапты тұлғалардың жеткенге тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуына жол бермей, бақылау жасау үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары Асқар Маминге тапсырылды.

Үкімет мүшелері осы жиындарында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның Қазақстанда іске асырылу барысын да қарады.

ЭКСПО-ға арналған таяудағы жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев бұқара көп жиналатын әлеуметтік нысан – "Астана циркінің" ғимаратындағы жарқабақтай биік, көкмұздай тайғанақ пандустың фотокөрінісін көрсетіп, үкіметтегілердің бетінің отын шығарған. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мәселесін үкімет отырысында жеке қарауға ұйғарылыпты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова "біздерде бәрі жақсы, жақсы еместері ары қарай жақсартылуда" деген сарында баяндап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар басталды.

Елбасы сынынан кейін бұқара көп жиналатын нысандарға ревизия жүргізіліпті. 

"Мүгедек адамдарға өмірлік маңызды қызметтерді ұсынатын 36 мыңнан астам әлеуметтік маңызды нысан анықталды. Оның ішінде 18,4 мың нысан немесе 63,6%-ы мүгедектерге қолжетімсіз деп танылды. Емханалардың, ауруханалардың, мектептердің және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бейімдеу деңгейі 62,4%-ға жетті. Көліктік инфрақұрылым қолжетімділігінің көрсеткіші 50%-дан төмен. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанда әлеуметтік "инватакси" қызметтері белсенді дамуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа енгізуге байланысты, соңғы екі жылда бұл такси парктерінің саны 8 есеге, яғни 11-ден 89-ға дейін артты. Жыл сайын әлеуметтік такси парктері 27 мыңнан астам мүгедекке қызмет көрсетеді, – деді министр ханым.

16 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыс істейтін және оқитын мүгедектер үшін жеке көмекшінің және ыммен сөйлесу маманының қызметтерін алыпты. Қабылданған шаралар мүгедектерге ішінара қолжетімді әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын 20-дан 62,4%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етті.

2016 жылы 4,4 мыңнан астам баланың есту қабілетінде әртүрлі ақауы барын анықталып, оларға ертерек медициналық көмек шаралары қабылданды. Мүгедек балалардың жалпы саны 79 мыңды құрайды және өкінішке қарай бұл жайт жоғары болып қалуда.

Бір қорқыныштысы, Қазақстанда жарымжан жандар қатары өсе беретінге ұқсайды: еңбек министрлігінің дерегінше, "зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 400 мыңға жуық жалдамалы қызметкер мүгедектікке алып келетін кәсіптік аурудың және еңбек жарақатының жоғары қауіпті аймағында болып есептеледі".

Сонымен бірге, Тамара Дүйсенова қазіргі 266 мың мүгедектің еңбек етуге қажетті көрсеткіштері барлығын, оның ішінде 130 мыңға дейін немесе 48%-ы еңбек нарығында жұмыспен қамтылғанын айтты.

Мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру квотасы қайта қаралды. Егер ол бұрын барлығына 3%-ды құраса, қазір ол 2-ден 4%-ға дейін жұмыскерлердің саны және салалар бойынша дифференцияланды. Мүмкіндігі шектеулі 460 қазақстандық "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында, 22 тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіретін және жеткізетін 141 қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарда жұмыс істейді.

Министр мүгедек жандарды қамтамасыз етуде бизнесмендер қауымы үкіметке үлкен қолқабыс етіп отырғанын жасырмады.

"Мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері кеңінен қолданылуда. Бүгінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді 110 интернат үйлерімен қатар жеке сектордың ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар да көрсетеді. Мұнда әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 6 мыңнан астам адам қамтылды: егер бұл болмағанда, мемлекетке олар үшін 60 жаңа интернат үй салу қажет болар еді. Психологиялық аурулары бар балалар арасында кезек жойылды", – деді Тамара Дүйсенова.

Оның мәліметінше, интернат үйлеріндегі 626 бала отбасыларына қайтарылыпты. Олар күндіз болу жағдайындағы интернат үйлерде немесе жеке әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қызмет алады.Сөйтіп, 6-ға жуық интернат үйі босатылды.

Инклюзивті білім беру үшін 495 мектепке дейінгі ұйымда, 3 289 мектепте (45,1 мың адам), 163 колледжде (2,4 мың адам), 5 жоғары оқу орнында (374 адам) жағдай жасалған. Елімізде 9 7коррекциялық мектеп пен жалпы білім беру мектептері жанынан 1 155 арнаулы сынып, 42 арнаулы балабақша мен жаппай мектепке дейінгі ұйымдар жанынан 193 арнаулы топ жұмыс істеуде.

Қазақстанда үкімет жанынан мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі құрылды, оның құрамына 16 мүгедек кіреді, бұл кеңес мүшелерінің жалпы санының 64%-ы.

2016 жылы 35 мүгедек облыстық, аудандық мәслихаттар құрамына депутаттар болып сайланды.

Барлық облыстарда жергілікті деңгейде мүгедектер істері жөніндегі кеңестер құрылды, олар мүгедектердің құқықтарын сақтауға қатысты барлық сұрақтар бойынша шешімдерді қарастырады және қабылдайды.

Мүгедектер істері жөніндегі облыстардың, қалалардың, аудандардың 37 әкім кеңесшілері тағайындалды.

Кеңес тұсында жарымжан жандарға қатысты биліктің ұстанымы жаман болды, тіпті коммунизм кезінде ондайлар болмайды деген көзқарас қалыптасты. Нәтижесінде, қарапайым бұқара да "калека" деп, жеккөрініш танытқаны жасырын емес. Қазір тәуелсіздік жағдайында қазақстандықтардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты ұстанымы жақсара бастағандай. Статистика комитеті жүргізген зерттеулер қорытындысында, мүгедектердің 46,3%-ы "халық мүгедектер мәселесіне оң қарым-қатынас таныта бастады" деп бағалапты. 2015 жылы осы көрсеткіш небары 5%-ды құраған болатын.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу