ЭКСПО-дағы қозғалысты Қостанай қамтамасыз етпек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3285

Араға бір айдай үзіліс салып, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңірлерді аралауын жалғастырды.

ЭКСПО-дағы қозғалысты Қостанай қамтамасыз етпек

Бұған дейін ол Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарында жұмыс сапарымен болды. Ал бүгін Қостанай облысына келді.

Премьер мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл-аймақты аралауға жыл басында кіріскен болатын. Сол кезде министрлер кабинетінің жетекшісі елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауының өңірлерде қаншалықты лайықты әрі қаншалықты қарқынды жүзеге асырып жатқанын өз көзімен көріп, кейін Астанада ел басшылығына тікелей баяндауға тиіс болатын. Әйтпесе, әкімдердің орталыққа жолдайтын баяндамалары көркем болғанымен, жергілікті жерде ол істердің өркен жайып жатпауы әбден ықтимал: әкім-қаралар мен шенеуніктер баяндама әзірлеудің шебері болып алған, олар бұл іске тіпті қалам ұстай алатын қарапайым төл қызметкерлерінен бастап, кәсіби жазушылар мен спичрайтерлерге дейін жұмылдыратыны жасырын емес.

Біздің айтпағымыз, жаңа сапарларда Бақытжан Сағынтаевтың "күн тәртібіндегі" тақырыптары ауырлай түскен: жолдаудағы міндеттер сыртында, енді ол Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді де жергілікті жұртшылық пен шенділерге түсіндіріп, оның іске асырылу барысын тексеруге міндеттелді.

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев іссапары барысында Қостанай өңірінің өнеркəсіптік əлеуеті мен Жаңғырту 3.0 аясында қабылданып жатқан шараларды бағалады, биыл бастау алған елбасының тағы бір мега-жобасы – тегін кәсіптік техникалық білімге оқыту және қазақстандықтарға жұмысшы мамандығын игеруге көмектесу бағдарламасының іске асырылу барысын, мемлекет пен жекенің әріптестігі тетіктерін қолдану туралы жауапты тұлғалардың баяндамасын тыңдады. Мұның сыртында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу жұмыстарын тексерді.

Премьер-министрдің жұмыс сапарындағы алғашқы нысан "Қостанай" халықаралық әуежайы болды. Ұшақтан түсе сала, Бақытжан Сағынтаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі мен әуе айлағын қайта жөндеу жобасын іске асыру барысы туралы есептерді тыңдады.

Әуежай жаңғыртылу үстінде екен, оның нәтижесінде жолаушылар ағыны екі есеге, яғни сағатына 400 адамға дейін ұлғайтылады. ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымы сертификаттау жұмыстарын жүргізгенде Қостанай қаласының әуежайы барлық ұшақтарды түріне, ұшу-қону массасына, рейс жиілігіне қарамастан, ешқандай шектеусіз қабылдай алатынын растауға тиіс болады.

Жалпы, мемлекет дамыған ел атануы үшін оның "әуе қақпалары" халықаралық биік стандарттарға жауап беруі керек. Сондықтан бұған дейінгі сапарларында Бақытжан Сағынтаев Астана халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен танысып, Семей әуежайын қайта жөндеу жұмыстарының барысын бағалап, сондай-ақ Орал мен Талдықорған әуежайларының жұмысын тексерген болатын.

Ары қарай астаналық биік лауазымды тұлғалар мінген кортеж Қостанайдағы "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" кәсіпорнына тартты. "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС 2010 жылы құрылған. Кәсіпорында 2010 жылдан 2017 жылғы сәуір айына дейін 26 345 автокөлік шығарылған. 2017 жылдың І тоқсанында 971 көлік құрастырылған. Зауытта шамамен 600 жұмыс орны бар.

Мұнда жаңғырту аясында, шығарылатын автокөлік желісі ұлғайтылып, экспорттық әлеуеті жүзеге асырылуда екен. Қостанайдың көлік өндірушілері Бақытжан Сағынтаевты экспортқа және ішкі нарыққа шығару үшін автомобильдер желісін арттыру туралы ақпараттандырды.

Үкімет жетекшісіне "JAC S3" және "PEUGEOT 301" кузов-шанақтарын дәнекерлеудің жаңа желісінің монтаж жұмыстары туралы баяндалды, шанақтарды бояу цехтарының, жеңіл автокөліктер мен автобустарды құрастыру желісінің жұмыстарын көрсетті.

Зауыт қызметкерлері Бақытжан Сағынтаевқа алдағы айдың басында ашылатын ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ресми делегацияларға, қонақтарға және басқа да қызметтерге осында өндірілген "IVECO Crossway" автобустары жұмылдырылатынын әңгімеледі. Автобустар партиясы ендігі елордаға жіберіліпті.

Зауытта 7 бренд: Peugeot, SsangYong, Iveco, Hyundai, JAC, JAC Commercial, Ravon және Chevrolet көліктері шығарылады. Бұдан өзге, электромобильдер өндірісі ретке келтірілген.

Бүгінде автокөліктер еліміздің ішкі нарығы мен көрші Ресей мемлекетінде сатылуда. "Холдинг Азия Групп Тәжікстан" компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатын болады, оның аясында Тәжікстанға 2 мың JAC және Peugeot автокөліктері жеткізілетін болады.

Осы күні премьер қаладағы "ЕвразКаспианСталь" зауытына да ат басын бұрды. Мұнда оған өнеркәсіптік өндіріске жаңа технологиялардың енгізілуі баяндалды, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға және оның жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірісті автоматтандыру процесі таныстырылды.

Бұл металлургия зауыты – ресейлік серіктестермен бірге іске асырылған инновациялық жоба екен. Өзінің техникалық жабдықталуы мен процестерді автоматтандыру деңгейі бойынша кәсіпорын "Индустрияландыру 4.0" Төртінші өнеркәсіптік революция тұжырымдамасына жауап береді.

Бұдан өзге, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі шарттар едәуір жақсартылды. Интеграциялық үдерістер нәтижесінде дайын өнімді еуразиялық одақ елдеріне экспорттау кезінде кедендік рәсімдеу қажеттілігі жойылды. 

Зауытта металды өңдейді және қайта өңдейді, сондай-ақ арматура, ұсақ сұрыпты илем және басқа да бұйымдар шығарылады. Екі жүзге жуық металлург еңбек ететін кәсіпорынның қуаты жылына 450 мың тоннаны құрайды.

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында үкімет басшысы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен, өңірдің студенттерімен кездесіп, олармен бәсекеге қабілеттілікті арттыру және елімізде заманауи білім беру жүйесін құру мәселелерін талқылады.

–Біліктілік-компетенция – жаңа экономиканы қалыптастырудың басты факторына айналады. Сондықтан кәсіби мамандар базалық салаларды дамыту үшін де, сондай-ақ елімізде белсенді дамып келе жатқан қызмет көрсету салаларын өркендету үшін де қажет. Осыған байланысты мемлекет кәсіптік білім беру саласына кешенді қолдау көрсетуде, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Ағымдағы жылы "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы іске қосылады. Сонымен қатар, Үкімет өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік, жастар іс-тәжірибесі, "Серпін" және басқа бағдарламалар арқылы барлық оқуға ниетті адамдарға кеңінен қолдау көрсетіп келеді. Жұмыс берушілердің талаптары мен жастардың сұраныстарына жауап беретін мамандық алудың икемді жүйесі қалыптастырылуда.

Мамандарды оқытуда жаңа тәсілдердің қолданылуының және "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" бағдарламасының жүзеге асырылу барысының мысалы ретінде Бақытжан Сағынтаевқа Қостанай автомобиль көлігі колледжінің қызметі таныстырылды. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру аясында колледж биыл 315 адамды оқуға қабылдайды. Оның ішінде 100 адам Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қабылданады. Кәсіптік даярлау 7 мамандық және 10 біліктілік бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, 2017 жылдың 10 сәуірінен бастап колледжде қысқа мерзімді кәсіптік курстар басталған, онда 4 мамандық бойынша 196 адам қамтылған.

Премьер Б.Сағынтаев облыста мемлекет пен жекеменшік сектор қаншалықты серіктесе жұмыс жасап жатқанын да бағамдады. "Мемлекет-жеке әріптестігі" жобаларын іске асырудың үлгісі ретінде жергілікті басшылық үкімет басшысын "Жемчужина Стомед Уральская" жаңа көпбейінді медициналық орталығына бастады.

Астаналық қонаққа ондағы цифрлық рентген жүйесі, бейне-эндоскопиялық жабдықтар, ультрадыбыстық диагностика жүйесі қолданылатын клиниканың жабдықталуы таныстырылды. Медорталық МЖӘ тетіктерін қолданумен жүзеге асырылған жоба болып табылады және 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының "жеке медицинаны дамыту негізінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту" басымдықты бағытына енгізілген. 

Б.Сағынтаевқа жауапты тұлғалар мемлекет тарапынан МЖӘ тетіктерін іске асыру аясында коммуникацияларды реттеуге көмек көрсетіліп жатқандығын баяндады. Атап айтқанда, медорталыққа апарар жол жөнделді, автобус павильоны орнатылды, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қала автобустарының қозғалыс бағдарлары қайта қаралды.

2016-2017 жылдары Қостанай облысында денсаулық сақтау саласында екі МЖӘ жобасы іске асырылды, оған қоса ағымдағы жылдың соңына дейін Рудный қаласында және Затобольск ауылында емханалар салу бойынша екі жобаны іске асыру жоспарланған.

Ел үкіметі биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту үшін бекіту мен жобалардың сараптама мерзімдерін қысқарту жұмыстарын жүргізді, түрлі салаларға арналған МЖӘ жобалары бойынша типтік құжаттама әзірленді, сондай-ақ инвесторларға арналған жобалардың Бірыңғай базасы әзірленуде.

Сонымен қатар, инвесторлардың МЖӘ-нің ұзақ мерзімді шарттарына сенімін арттыру мақсатында, құжат деректерін қазынашылық органдарында тіркеу мәселелері пысықталуда. Жобаны іске асыру мен мемлекеттік бағдарламаларда келісімшарттарға қол қою шарттарын анықтауға мүмкіндік беретін бұқаралық әлеуметтік маңызды жобаларды жоспарлау үшін Бағдарламалық МЖӘ-ні енгізу мәселесі қаралуда екен.

Премьердің ауыл-аймаққа сапары одан әрі жалғасады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу