Ел тыныш, жұрт аман болғанда ғана кәсіптің тасы өрге домалайды

3254

"DASTAN" компаниялар тобы жылына 500 млн теңге салық төлейді.

Ел тыныш, жұрт аман болғанда ғана кәсіптің тасы өрге домалайды

Ақтөбелік "DASTAN" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов inbusiness.kz  тілшісіне сұхбат берді.

Кәсіпкер бизнестің басты қағидасын тілге тиек етіп, жетістікке жету жолын әңгімеледі. Бұған қоса елдің берекесі мен бірлігі жайлы сөз қозғады.

– 1991 жылы "Дастан" жеке өндірістік-коммерциялық компаниясы болып құрылып, өндіріс саласында делдалдық қызметпен айналыстық. Қазақстанға көтерме бағамен алыс-жақын шет елден материалды-техникалық ресурс пен тауар тасымалдадық. 1997 жылы құрылыс саласына бет бұрып, Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 8 мың шаршы метрді құрайтын 2 тұрғын үй кешені мен "DASTAN" қонақ үйін салдық. 2002 жылы "Dastan Hotel Atyrau" қонақ үйін қайта жаңғырттық. Жүз адамға арналған 4 жұлдызды қонақ үйдің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

2002-2005 жылдар аралығында ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй мен кеңсе құрылысын аяқтадық. 2003 жылы Ақтөбе облысында әк өндіретін Ақжар кеніші мен Хлебодаров құм кен орнын аштық. 2007 жылы Ақтөбе қаласында 11 қабатты "А" класындағы "Dastan Center" бизнес орталығын, "Dastan Hotel Aktobe" бизнес отелін және "Dastan Optimum" бизнес орталығын пайдалануға бердік. Бүгінгі таңда "DASTAN" компаниялар тобы азаматтық және жол құрылысы, девелопмент пен жылжымайтын мүлікті басқару, қонақ үй бизнесі салаларында табысты қызмет көрсетіп келеді. Қазір компаниядағы қызметкерлердің саны 700 адамға жуықтады. Олардың барлығы компанияның дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр.  

– Бизнестің бір саласынан екіншісіне ауысу қиын емес пе?

Табысқа, жетістікке қиындықсыз жету мүмкін емес. Сүрінесің, құлайсың, тұрасың, жүресің, жүгіресің. Сонда ғана еңбегіңнің жемісін жейсің. Бизнестің бірнеше түрін қатар алып жүру оңай емес. Десек те қолыңнан келсе, тәжірибең жетсе неге әрекет етпеске?! Жасыратыны жоқ, кейде қатты шаршаймын, бірақ бастаған ісімнен бас тарта алмаймын. Себебі менің соңымда қызметкерлер, олардың отбасы тұр. Мен үшін бизнестің бір саласынан екіншісіне ауысу емес, мықты маман табу қиын. Бизнесті бір адам емес, адамдардың тобы, яғни команда жасайды. Бизнес табысты болу  үшін команда мықты болуы керек.

– Жылжымайтын мүлікті басқару идеясын жүзеге қалай асырдыңыз?

–  Төрт жыл АҚШ-та тұрып, жұмыс істедім. Сол кезде жалға берілетін үйлерді зерттедім. Бұл уақытта біздің ел үйді жалға беру дегеннен бейхабар болатын. Шет елден қомақты қаражатпен оралдым. Сол ақшаға 40 пәтерлік 7 кіреберісі бар жалға берілетін үй салдым. Оның барлығын жалға бердім. Бұл  бизнес күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.  

– Қонақ үй бизнесіне қалай келдіңіз?

Біз көрген қонақ үйлердің сапасы сын көтермейтін. Шетелдіктер де біздің қонақ үйлерімізге көп шағымданатын. Олқылықтың орнын толтыру үшін, заман талабына сай қонақ үй салдық. Қонақ үй бизнесі осылай басталды.

– Темірден түйін түю ісімен де айналысады екенсіздер ғой...

– Айналысқанбыз, қазір бұл істі Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Алмас Құрманалин есімді азамат кәсіп қылып отыр. Кезінде бірлесіп жұмыс істедік, кейін еншісін бөліп бердік.

– Жол құрылысын да ұршықша иіріп отырған шығарсыздар?

– 1998 жылы "DASTAN" компаниялар тобының құрамына "ГорДорСтрой" жол-құрылыс кәсіпорны кірді. Осыдан соң біз бизнестің жаңа арнасын аштық. Іс барысында қолымыздан жол салу да келетінін дәлелдедік.

2011 жылы біздің жобамыз "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасына енді. Жоба аясында қуаты жылына 100 мың тоннадан астам асфальт бетон жасайтын заманауи өндіріс орны пайда болды.

Қалай ойлайсыз, кәсіпкерлердің үні билікке жетіп жатыр ма?       

– Әрине, жетпеген, жеткізілмеген болса, елімізде шағын, орта және ірі бизнес қанат жаяр ма еді? Бұл ретте "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының билік пен кәсіпкерлердің арасына алтын көпір болып отырғанын атап өтуге тиіспіз. Себебі біздің үніміз жоғары билікке палата арқылы жетіп отыр. Біздің мүддемізді де палата қорғап жүр.

Бизнестің басты қағидасы мен талабы қайсы? Кәсіптің тасын өрге өрлету үшін не істеу керек.

– Бизнестің басты қағидасы – үкіметті, серіктесті, салық органдарын және компания қызметкерлерін алдамау. Сапалы қызмет көрсетіп, адал табыс табу. Әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, мұқтаждарға қол ұшын беру және жұмысшыларға жағдай жасау.

Біздің компания жылына 500 млн салық төлейді. Үнемі қайырымдылықпен айналысады. Мұның барлығы елдегі береке мен бірліктің,  ынтымақ пен келісімнің арқасы. Ел тыныш, жұрт аман болғанда ғана кәсіптің тасы өрге домалайды. ​Қоғамдағы қайшылықтар алаңдағы айқаймен емес, ұлттың ұпайын түгендейтін нақты іспен шешіледі. Кейде алаңда аттандап, дүниені төңкеріп тастауға дайын тұратын бәзбір батырлардың ештеңеге ебі келмейтінін босбелбеу екенін білгенде ішім удай ашиды. Ереуіл мен ерегес ешбір елге жақсылық әкелген емес. Біз ешкімге буынсыз жерімізге пышақ салдырмауға тиіспіз. Бизнес береке болған жерде ғана дамиды. Береке жоқ жерде, бірлік орнамаған елде бизнесті ойлауға мұрша болмайды.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу