Елбасы Тәжікстанға Еуропаны Қазақстанмен ауыстыруға кеңес берді

2590

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен Астанаға атбасын тіреді.

Елбасы Тәжікстанға Еуропаны Қазақстанмен ауыстыруға кеңес берді Фото: akorda.kz

Қазақ еліне "Пешвои миллат" келді. Қазақ тіліне аударғанда бұл "Ұлт көшбасшысы" дегенді білдіреді.

Жалпы, осыдан үш жылдай бұрын қабылданған заң бойынша Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға берілген мәртебе толыққанды түрде "бейбітшіліктің және ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы" деп аталады екен.

Айтқандай, Рахмон мырза Қазақстанда тағы бір атақ алды, ол тәжік басшысы енді "Парасат" орденінің иегері болып табылады. Биік мемлекеттік марапатты Эмомали Рахмонға бүгін ақордада елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен табыс етті.

Айтқандай, қазақ елінде "Көрісу" басталған күні елбасыны құшақтаған алғашқы президент те Рахмон мырза болды.  

"Елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, мен сізді "Парасат" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл сіздің даналығыңызды және Қазақстанға деген сүйіспеншілігіңізді мойындауымыздың белгісі" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақордадағы биік деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан президенті тәуелсіздік жылдары қазақ пен тәжік арасы жақындай түскенін айтты.

"Осы жылдар бойы сіздің басшылығыңыздың арқасында, сондай-ақ сіз екеуіміздің қарым-қатынастарымыздың арқасында үлкен сенімге, ынтымақтастыққа және достыққа құрылған екіжақты қатынастар түзілді. Біздің арамызда ешқашан шешілмеген мәселелер болған емес. Біз әрдайым бір-бірімізді халықаралық деңгейде де қолдап келеміз. Осының барлығы сіздің Қазақстанға деген жақсы көзқарасыңыздың арқасы. Біздің жақын елдерге айналдық", – деді елбасы, Эмомали Рахмонға қайырылып.

Мемлекет басшысы Қазақстанның әрқашан тәжік елін қиын-қыстау шақтарда жан-жақты қолдап, көмек көрсетуге тырысатынын айтты.

Жалпы алғанда, 2006 жылдан бері қазақ елі Тәжікстанға 34,5 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен екен. Еліміз бұл мемлекетке зілзала, тасқын, басқа да табиғи апаттар кезінде азық-түліктер, шатыр-палаткалар, нәубетті бастан кешуші халыққа қажетті өзге де керек-жарақтар жеткізіп тұрды.

"Біз мұндай жағдайларда ұдайы тәжік халқының қасынан табыламыз, қолдан келгенше көмектесеміз. Қазір бұл бағыттағы жұмыстың жаңа кезеңі тууда. Біз осы мәселелерге басқа тұрғыдан келуіміз керек. Оның үстіне Орталық Азиядағы ахуал өзгеруде. Сондықтан біз осы бағыттағы сіздердің кез келген мәселелеріңізді бірге талқылап, проблемаларды шешуге дайынбыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кету керек, Орталық Азия елдері ішінде ең экономикасы әлсізі де тәжік елі екені құпия емес. Халықтың бір бөлігі шетелге кетіп, жатжұрттарда нәпақа іздеуге мәжбүр. Оның үстіне жарылыстан көз ашпаған, террордан қансыраған Ауғанстан жақтан келетін қауіп-қатерді бірінші қабылдайтын да осы ел. Сондықтан өңірдің көшбасшысы ретінде Қазақстан ең алдымен Тәжікстан басшысын жеке қабылдап, оңашада ақылдасып алуға ұйғарғандай. Қол жеткізілген кейбір уағдаластықтар мен анықталған түйінді түйткілдер ертең қалған орталықазиялық мемлекеттердің басшылары қатысатын үлкен саммитте жалпы талқылауға шығарылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан президенттері қатысатын жұмысшы, кеңес-консультативтік кездесуге шақырғанын еске салды.

"Біздің көршілеріміздің мемлекет басшылары келеді. Ертең бәрімізге кездесіп, ақылдасуға мүмкіндік болады. Бұған қоса, биыл Тәжікстан су жөніндегі халықаралық конференция өткізгелі отырғанын да білемін. Біз мұны қолдаймыз. Аралға арналған халықаралық жиын Ашхабадта және Ташкентте де күтілуде. Бұл біздің қалауымызға жауап береді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ-тәжік барыс-келісі ғана емес, алыс-берісі де артуда.

Осының алдында "Бәйтерек" холдингі Тәжікстанның астаналық таксопаркі қазақстандық автомобильдерге ауысқанын хабарлаған болатын. Еліміз тәжіктерге отандық автомобильдердің кезекті тобын жөнелтіпті. Атап айтқанда, "Холдинг Азия Групп Таджикистан" ЖАҚ-ы бізде құрастырылған 105 дана JAC S3 қалалық кроссоверлерін Душанбе қаласының муниципалдық таксопаркін толықтыру үшін сатып алған.

Бұл автокөлік саласындағы өзара алыс-берістің басы ғана екен. Құрамына "СарыарқаАвтоПром" және "АгромашХолдинг" өндірістік алаңдары кіретін "Аллюр КТ" АҚ мен тәжіккөлік холдингі жалпы құны 10,5 млн доллар тұратын 1000 дана JAC автомобильдерін жеткізу жөніндегі келісімшарт жасасты.

Халықаралық транзиттен табыс табу, сондай-ақ елдің барлық өңірлерін пойыз қатынасымен байланыстыру үшін төл темір жол саласын дамытуға кіріскен тәжіктер елордадағы General Electric зауытында құрастырылатын Evolution маркалы қазақстандық локомотивтерді де сатып алуға ниетті. Әзірге екі локомотив жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойылып отыр. Оның біреуін еліміз жеткізіп те үлгерді.

Бұлар сыртында Тәжікстанға экспорттың перспективті салалары қатарында мұнай, коммуналдық техника, қалалық автобустар, рельстер секілді темір жол саласына арналған өнімдер, жолдаушылар және жүк вагондары аталды.  

Тұтастай алғанда, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауарайналым 776 миллион долларды құрады. Бұл 2016 жылғыдан 31,5%-ға жоғары.

"Біздің елдеріміз арасында сауда, экономикалық қатынастар үдемелі түрде дамып келеді. Біз олардың ары қарай қарқын алуына мүдделіміз. Қазақстан тауарайналым көлемі бойынша Тәжікстанның жетекші экономикалық серіктестері арасында екінші орында тұр. Біз елдеріміз арасындағы кешенді және стратегиялық қатынастарды өркендетуге ниеттіміз", – деді Эмомали Рахмон.

Өз кезегінде Қазақстан "№1-шіге" айналуға ұмтылатын болады. Бұл үшін өзара сауда айналымын "күрт өсірмек".

Нұрсұлтан Назарбаев ортақ тауарайналымды бірден еселеп көтере алатынын мәлімдеді.

"Елдеріміздің экономикалары жақсарып келеді. Нәтижесінде, өзара саудамыз да 32 пайыздайға артып, бір миллиардқа жуықтап қалды. Перспективалар мен мүмкіндіктеріміз алда. Біз сіздердің сырттан не таситындарыңызды қарадық. Олардың біразы бізде бар. Біздің де алыстан әкелетініміз сіздерде бар. Бұған дейін мәселе осы тұрғыдан қаралмаған. Өзімізде барды қия шеттен, сонау Еуропадан арбалаудың не қажеті бар?! Оны өзара жеткізе аламыз. Сонда біз тауарайналымды күрт көтере алатын боламыз", – деп түйді елбасы.

Тәжік президентінің ресми сапарының қорытындысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Мәселен, екі ел дін саласында ынтымақтастық құратын болады. Осыған орай дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Тәжікстанның үкіметі жанындағы дін істері, ұлттық дәстүрлерді, салтанаттар мен салттарды ретке келтіру комитетінің Давлотзада Сулаймон тиісті меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, екі елдің құзырлы органдар дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу және діни экстремизмге қарсы тұру саласында өзара тәжірибе алмасатын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу