Қазақстанның тәуелсіздігіне мүдделіміз – Джонатан Хеник

2456

"C5+1" форматы нәтижелі алаңға айналған.  

Қазақстанның тәуелсіздігіне мүдделіміз – Джонатан Хеник

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросындағы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісінің орынбасары Джонатан Хеник журналистермен өткен онлайн брифингте "C5+1" форматында өткен кездесуде талқыланған мәселелерді сөз етті. Ол сондай-ақ, Құрама Штаттардың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда қандай мақсат көздейтінін де айтты.

Джонатан Хениктің пікірінше, "C5+1" форматы нәтижелі алаңға айналған.

"Біздің ортақ мақсатымыз – аймақтың экономикасы мен экологиясының жақсаруы және қауіпсіздігі. Коронавирус барлығымыз үшін зор сын-тегеуірін болды. Бұл қиындықтардан шығу үшін бірлесе әрекет етуіміз маңызды. Орталық Азия елдеріне АҚШ көмек ретінде көп мөлшерде қаражат бөлуде. Қазіргі дағдарыс кезінде ғана індетпен күреске қажетті тестілер, скринингтер, тексерулерге алуға 25 млн доллар бердік. Сондай-ақ, аймақ елдеріне көмек ретінде қосымша қомақы қаржы бөлеміз. Бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі – COVID-19 індетінен кейінгі экономиканы қайта қалпына келтіру. Бұл экономикалық байланыстарды кеңейту, адам құқын қорғауды күшейту арқылы мүмкін болады", – деп айтып өтті ол.

Ауғанстанда бейбітшілік орнауы Орталық Азия аймағының дамуына оң әсер етпек.

"Сонымен қатар, аймақта, әсіресе Ауғанстанда бейбітшілік орнағаны өте маңызды. Бұл тұрғыда көптеген іс-шара атқарылуда. Соның бірі ретінде Ауғанстанда соғысты аяқтап, бейбітшілік орнату үдерісі жүріп жатқанын айтуға болады. Экономикалық тұрғыда көркейген Ауғанстан – бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылық кілті. "C5+1" алаңы аясында осы тұрғыда жұмыс істейміз. Кеше жоғары деңгейде өткен кездесуде жұмыс тобын құру және т.б. тапсырмалар берілді", – деді Джонатан Хеник.

АҚШ өкілінің сөзінше, "C5+1" аясында қолға алынып жатқан мәселенің бірі – Орталық Азия елдеріндегі артық электр қуатын Ауғанстан арқылы өткізіп, басқа нарықтарға шығару.

"Артық электр қуатын нарықтық бағамен сату барлығына пайдалы. Өкінішке қарай, қазір елдер арасында қарым-қатынас жетіспейді. Дегенмен бұл шешілетін мәселе. Айталық, электр қуатын, әртүрлі энергия көздерін тасымалдайтын құбырларды Ауғанстан арқылы өткізуге болады. Алайда ол үшін Ауғанстан қауіпсіз ел болуы керек. Біздің басты мақсатымыз бұл жобаларды саяси тұрғыда қолдауды қамтамасыз ету. Көптеген кедергілер бар. Бірақ жұмыс істеп жатырмыз", – деген Джонатан Хеник Қазақстан жайлы да сөз қозғады.

Сұрақтарға жауап бере отырып, ол Құрама Штаттардың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатудағы мақсатын жасырып қалмады.

"Қазақстан біздің стратегиялық маңызды серіктесіміз. Орталық Азиядағы инвестициямыздың орасан зор бөлігі Қазақстанға салынды. Энергетика, аэроғарыш, ауыл шаруашылығы тәрізді бірқатар салада инвестициямыз, ынтымақтастығымыз бар. Біз Қазақстанның және барлық Орта Азия елдерінің көркеюіне, тәуелсіздігіне мүдделіміз. "C5+1" алаңы аясында жүріп жатқан ынтымақтастықты жетілдіріп, инвестицияларды жалғастырып, экономиканы әртараптандыру керек деп ойлаймын", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу