WFZO-ның Орталық Азиядағы ресми өкілі атанды

2969

Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының таңдауы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына түсті.

WFZO-ның Орталық Азиядағы ресми өкілі атанды

Осы уақытқа дейін жұмысы шатқаяқтап келген "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы соңғы уақытта аяқтан тұра бастағандай сыңай қалдырып отыр. Енді, міне, арнайы экономикалық аймақ Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының (World Free Zones Organization – WFZO) Орталық Азиядағы ресми өкілі атанып отыр. Біле білсек, бұл - үлкен абырой, зор міндет!

Бүгінде Солтүстік Македония Республикасының Скопье қаласында арнайы экономикалық аймақтардың Еуропалық саммиті өтіп жатыр. Осы жиында "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының жұмысына жоғары баға берілді.

"Біздің ұйымға мүше Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысын бір жыл бойы бақылап келдік. Ал Орталық Азиядан ресми өкілдік ашу – біз үшін маңызды міндеттің бірі. Біз өңірдегі ресми өкілдік арқылы бірнеше республиканы қамтитын боламыз. Бұл ретте, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының өңірлік өкілдікті құруға байланысты ұсынған стратегиясы көңілге қонымды шықты. Орталық Азиядағы ресми өкілдіктің жұмысы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының дамуымен қатар жүруі үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз", – деді Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының бас директоры Самир Хамроуни.

Осылайша, 2019 жылдың мамыр айынан бастап Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі жұмыс істей бастады. Ұйымның директорлар кеңесінің шешімімен ресми өкілдіктің жұмысын "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы ұйымдастыратын болады.

"Өз басым дұрыс таңдау болды деп есептеймін. Өйткені, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының менеджменті нақты даму стратегиясына негізделген және осы бағыт бойынша жемісті жұмыс істеп келеді. Арнайы аймақтың төрағасы Айбек Тұрсынғалиевпен ертеден таныспын және оны арнайы экономикалық аймақтарды дамытуда әлемдегі ең үздік мамандардың бірі деп білемін. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағын таңдауымызға бұл фактор да әсер еткенін жасырмаймыз. Айбек Тұрсынғалиев бастаған команда екі жақты даму жоспарларын ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін", – деді Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының ТМД және Еуропа елдері бойынша өңірлік менеджері Ника Манукова.

Еске сала кетейік, World Free Zones Organization – әлемдегі арнайы экономикалық аймақтардың мүддесін қорғайтын коммерциялық емес ұйым. Оның негізгі мақсаты – арнайы экономикалық аймақтарды бір-бірімен байланыстыру. Сондай-ақ олардың елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы өткен жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында аталмыш ұйымның төрағалық етуімен өткен халықаралық конференцияға қатысып, мүшесі атанған еді.

"Орталық Азиядағы ресми өкіл мәртебесін алу Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының түрлі құралдарын пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция және стратегиялық әріптестер тартуға мүмкіндік береді", – дейді "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиев.

World Free Zones Organization ұйымының өңірлік офистері Испания, Қытай, Иордания, Марокко, Аргентина, Үндістан, Сербия және Нигерия елдерінде жұмыс істейді. Енді бұл қатарға Орталық Азия да қосылып отыр.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында 10 кәсіпорын өнім шығарады. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Италияның ірі ұлттық компанияларының бірі CHIMEC S.p.A. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеуге бейілді екені анықталды. Дәлірек айтсақ, италиялық компания отандық KazMunaiHim компаниясымен бірлесіп, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында химиялық реагенттер мен отын қоспаларын өндіру өндірісін ашпақ.

"Келіссөздердің бірінші кезеңі аяқталды. Қазақстандық-италиялық жоба "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына ресми резидент ретінде еніп отыр. Сонымен қатар, "KazFoil" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы да "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының қатысушысы деген ресми мәртебеге ие болды. Бұл кәсіпорын алюминий фольгасы мен жабындысын өндіретін болады", – дейді Айбек Тұрсынғалиев.

Жобалар 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп күтілуде. Ал инвестицияның жалпы көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрап отыр.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу