Әскерилер жалақысы көтеріліп, баспаналы болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4425

"Отан қорғаушы күні" қарсаңында Елбасы бірқатар әскери қызметшіге жоғары әскери және арнаулы атақтар мен шендерді табыс етті.

Әскерилер жалақысы көтеріліп, баспаналы болады Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы айтқандай, ен даланы еркін жайлаған елімізде ежелден ерлердің еншісі Отан қорғау болған. Тәуелсіздікті сақтап қалу, мемлекеттілікті нығайту үшін өскелең ұрпақ осы жолда қасық қанын қиған жаужүрек бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыруы шарт. Әрбір қазақстандық үшін Отан қорғаушы атанып, байтақ жеріміздің, бейбіт еліміздің тыныштығын қас қақпай күзету – қашанда мерейлі мәртебе, асқақ абырой болуға тиіс.

Бұл ретте біздің ұлттық әскеріміз – ұлыстың берік қорғаны, тәуелсіздіктің мығым тірегі болып табылады.

Мемлекет айбынды армиямыздың әрдайым қындағы қылыштай бабында болуына зор мән береді, қыруар қаржы шығындайды. Сонымен бірге бабадан құтты мұра болған қастерлі борышын атқарған ерлер марапатталуы, еңбегі лайықты бағалануы да маңызды.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әскерінің кәсіби біліктілігі артқанына тоқталып, оның қатарындағы ең лайықты азаматтардың жоғары атақтарға ие болып келе жатқанын айтты.

"Бүгінгі рәсімнің Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы қарсаңында өтуінің ерекше символдық мәні бар. Бұл – ел егемендігінің сенімді кепіліне айналған айбынды армиямыз үшін маңызды тарихи белес. Оның әлеуеті тәуелсіздік жылдарында әскери реформалардың, қару-жарақ пен техниканың жүйелі жаңартылуының арқасында айтарлықтай нығайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті жаңа жаһандық қауіп-қатерлер жағдайында еліміздің қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы барлық құрылымдарының кәсіби және жауынгерлік дайындығының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударып, бұл ретте командирлер корпусының ерекше рөлін атап өтті.

"Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны – қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер", – деді елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларға зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.

Ақордадағы рәсім барысында елбасы генерал-лейтенант әскери атағын өз қолымен қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровқа табыс етті.

Сондай-ақ салтанатты жағдайда "ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты" арнаулы атағы Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішке, ҰҚК төрағасының орынбасары,  "Арыстан" арнайы мақсаттағы қызмет директоры Әнуар Садықұловқа тапсырылды.

"Генерал-майор әскери шеніне" Қарулы күштердің Бас штабы Жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы Тимур Әбішев, Құрлықтағы әскер бас қолбасшысының орынбасары Дулат Адырбеков, Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары  Бас штаб бастығы Ерлан Алдажұманов, Ұлттық гвардияның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев, Ұлттық гвария Әскери институтының бастығы Жұмабек Ахметов, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, Әуе қорғанысы күштері Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы Серік Исмайылов, "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Қайдар Қарақұлов, Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық департаментінің бастығы Бақыт Құрманбаев, Ұлттық қауіпсіздік қызметі әскери қарсы барлау департаментінің бастығы Қайсар Тасыбеков иеленді.        

"Авиация генерал майоры" шеніне Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары Тұралы Қойшықұлов, "контр-адмирал" шеніне Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қайыргелді Есенеев, "ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры" шеніне ҰҚК Қарағанды облыстық департаментінің бастығы Кендебай Адамбеков, "полиция генерал-майоры" шеніне Қостанай облыстық ІІД бастығы Бекет Аймағамбетов, Ішкі істер министрлігінің  Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы Мирлан Қызылов ие болды.    

"ІІІ санаттағы жоғары біліктілік" сыныбы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының жетекшісі Талғат Татубаевқа, "ІІІ санаттағы мемлекеттік әділет кеңесшісі" сыныптық шені Бас прокуратура Қылмыстық процесстің сотқа дейінгі кезеңінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Құсайын Игембаевқа, Жамбыл облысының прокуроры Ернар Сыбанқұловқа, Бас прокуратураның соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаментінің бастығы Әсет Шындалиевқа берілді.

Осы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев әскери қызметшілерге мемлекеттік наградаларды да салтанатты түрде табыс етті.

"Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер! Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны  қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер!" – деп аманат етті елбасы.

Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев І дәрежелі "Даңқ" орденімен Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Берік Асыловты, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары, Нысандарды қорғау қызметінің бастығы Мұхтар Аюбаевты, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовты, Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы Құрбан Қаражановты, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Майкеевті марапаттады.

ІІ дәрежелі "Даңқ" орденін ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха, Қорғаныс министрлігі "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Дәулет Оспанов иеленді.

І дәрежелі "Айбын" орденіне – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығының бірінші орынбасары Денис Бартенев, ІІ дәрежелі "Айбын" орденіне – ҰҚК Астана қалалық департаментінің басқарма бастығының орынбасары Іскендір Әуесбаев, ҰҚК  Батыс Қазақстан облыстық департаментінің басқарма бастығы Темір Ғиззатов, Мемлекеттік күзет қызметінің департамент бастығының орынбасары Евгений Лавренюк, Қорғаныс министрлігі 30212 әскери бөлімінің командирі Талғат Сапарбаев, Қорғаныс министрлігі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары,  штаб бастығы Талғат Ысмайылов, сондай-ақ ІІІ дәрежелі "Айбын" орденіне – Мемлекеттік күзет қызметінің Нысандарды қорғау қызметі 0112 әскери бөлімінің рәсімдік батольонының бөлім командирі Нариман Ахметуллин, Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының сержанты Мирбек Рахымбеков лайық деп танылды.

Айтқандай Ақордадағы мерекелік рәсім барысында елімізде әскери қызметшілердің жалақысы 1 шілдеден бастап 25 пайызға артатыны жария етілді.

"Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне орай мен Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын бірінші шілдеден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым" деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бұрын айтылғанындай, қорғаныс министрлігі қазір әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешудің жаңа жолдарын да қарастыруда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу