Электр бағасы 6%-ға қымбаттайды

Энергетика министрлігі электр қуатының өзіндік құнын 15,7 %-ға көтерген. 

Электр бағасы 6%-ға қымбаттайды

Өткен жылы ғана мемлекеттің тоқпағымен мысқалдап түсірілген тарифтер қайтадан қарыштап өсуі мүмкін. Тариф нарығындағы ауа райын қалыптастырушы көрсеткіштің бірі саналатын электр қуатының бағасы желтоқсан айынан бастап қарапайым халық үшін 6%-ға өсуі мүмкін. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Ибрайханов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Тариф көтеру туралы әңгіме, о баста, елдегі электр қуатын беріп отырған 33 кәсіпорынның бастамасынан шықса керек. Көмір мен теміржол тасымалының, газдың бағасы өскенін алға тартқан компаниялар электр қуатының көтерме бағасын өсіру керек деген ұсыныс айтады. Кейін олардың қатарына қалған 10 компания қосылған. Табиғи монополияларды реттеу комитеті сол өзгерістердің енді қарапайым халықтың қалтасына әсер етуі мүмкін деп отыр.

"Электр энергиясының көтерме бағасын энергетика министрлігі бекітеді. Бұл қызмет құны 15,7%-ға көтерілгендіктен, соңғы бағаға оның әсері болады. Желтоқсан айынан бастап оның әсері қарапайым тұрғындарға сезілуі мүмкін.  Ол Қазақстан бойынша орта есеппен 6% болады. Өңірлер деңгейінде аздаған айырмашылықтар болатыны түсінікті", – деді Ерболат Ибрайханов.

Оның айтуынша, бұл мәселе қазір барлық деңгейде қаралып жатыр. Дегенмен тарифтің өсуіне түрткі болатын бастапқы шешім қабылданып кеткен. Комитет өкілі ол шешімге табиғи монополияларды реттеу комитетінің қатысы жоқ екенін айтып ақталды.

"Тариф реттелетін және реттелмейтін тауар бағаларынан қалыптасады. Біздің комитет реттейтін жақта тариф өспейді. Біздің құзыретіміз электр энергиясын тасымалдау және жабдықтау құнын реттеуге ғана қауқарлы. Бұл қызмет түрлері бойынша баға өзгерісін күтіп отырған жоқпыз. Ал Энергетика министрлігі реттеп отырған қызметтер бойынша тариф өскен. Осының салдарынан қарапайым тұрғын үшін электр бағасы өзгеруі мүмкін. Электр қуатының реттелмейтін құны көмір, теміржол тасымалы және газ бағасынан тұрады. Көмір бағасы бізде реттелмейді. Оны бәскелестік орта  қалыптастырып отыр. Теміржол тасымалының 50%-ын ғана реттейміз. Қалған 50%-ы дизель мен рельстің, шпалдың бағасына қарай қалыптасады", –дейді Ерболат Ибрайханов.

Әдетте, электр бағасының қымбаттауы басқа тарифтердің бағасын көтеріп жібереді. Комитет өкілі мұндай тенденцияны жоққа шығармағанымен, басқа тауарлардың тарифін қайта қарау туралы ұсыныстар түспегенін айтты. 

"Басқа тарифтер бойынша өтінімдер түскен жоқ. Әзірге "ҚазТрансОйл" компаниясы ғана тарифті қайта қарау туралы өтінім берген. Оны қарастырып жатырмыз. Оның өзінде "ҚазТрансОйлдың" айтқаны болады деген сөз емес. Керісінше, газ бағасы түсуі де мүмкін", – дейді ол.

Былтыр ғана жарты әлемге жар салып жүріп төмендетілген тарифтердің көбінің мерзімі 2020-2021 жылдары аяқталады. Ол мерзім біте сала қызмет ұсынушы компаниялардың жаңа тариф ұсынатыны белгілі.

"Біздегі көптеген тарифтер 2016-2020 жылға белгіленген.  Яғни тарифтердің басым бөлігінің мерзімі 2021 жылы бітеді.  Сол мерзім бітер кезде өтінім түсе бастайды. Оған дейін басқа тарифтер бойынша ештеңені кесіп айта алмаймыз", – деді Ерболат Ибрайханов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу