Электр энергиямыз белорусьтарға жеткізіледі

2996

Екібастұз 1-МАЭС өндірістік қуатын арттырмақ.

Электр энергиямыз белорусьтарға жеткізіледі

Аbctv.kz-ке берген сұхбатында Екібастұз 1-МАЭС  бас директоры Рысқан Свамбаев энергетикалық блокты қайта қалыпқа келтіру, күлді утилизациялау, электр энергиясын ішкі және сыртқы нарыққа өткізу жайындағы ойын ортаға салды.

–  Рысқан Тишпекұлы, станция жаңа кезеңге қандай жетістіктермен жетті?

–  Осы жылы жоспарлы іс шараларға 12,5 млрд теңге  инвестиция бөлінді. Екі үлкен күрделі  және екі ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Энергетика министрлігі мақұлдаған көмірдің азайтылмайтын қоры қамтамасыз етілді. Біз отын жеткізуші - "Богатырь Көмір" ЖШС-ның дәл қасындамыз. Сондықтан  көмір қорын дер кезінде, еш қиындықсыз толтыра аламыз. Жыл сайын осы кәсіпорынның 9 млн тонна көмірін қолданамыз. Егер біздің станция жобалық қуатқа шығатын болса, онда 15 млн тонна алатын боламыз.

–  Бұл қашан болуы мүмкін?

– Қазақстан электр энергиясын көп қолданған кезде іске асады.

–  Сұранысқа деген болжамдарыңыз қандай?

–  Екі көрсеткішті келтіре кетейін. Жыл соңына дейін 15,4 млрд кВт/сағ өндіреміз деп отырмыз. Ал келесі жылы 18 млрд кВт/сағ болады деп ойлаймын. Осыған қарап электр энергиясын тұтынудың өскенін көруге болады. Бұл мақсатты іске асыруға КЕГОК салып жатқан шығыс желісі де көмектеседі деп есептеймін. Қазір шығыс желісі Өскеменге дейін тартылды, одан әрі Талдықорған және Алматыға тартылады. Оңтүстікте электр энергиясы  тапшы. Егер өзімізде электр энергиясы жеткілікті болса, онда оларға сырттан алып керегі не?  Осының есебінен тұтыну көлемі де артады деп ойлаймын.

– Сіздердің тағы бір бағыттарыңыз – бұл Ресей. Бірақ та сіздер бұл бағытқа электр энергиясын өзіндік құн бойынша сатып отырсыздар ғой.

–  4 шілде күні сатылатын электр энергия біздің өзіндік құнмен бірдей болды. Тасымалдауды тоқтатамыз ба деп отырғанда, рубль бағамы көтерілді. Кеше ғана 0,1 теңге минусқа кірген болсақ, қазір Омбы желісі бойынша 2,2 теңге табыс көріп отырмыз. Жыл соңына дейін Ресейге 5,9 млрд кВт/сағ жеткіземіз. Осының нәтижесінде біздің станция елге 10 млрд теңгеден астам пайда әкеледі.                    

– Ал келесі жылға жоспарларыңыз қандай?

–  Келесі жылы 6,4 млрд кВт/сағ жеткіземіз деп отырмыз. Бізге электр энергиясын экспортқа шығарып сатып, пайда көрген ыңғайлы.                     

– Қазіргі уақытта станция жеті блокты режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда басында жоспарланған кезде 2017 жылы сегізінші блок іске қосылады деген болатын. Содан  бұл кейінге шегерілді. Бүгінгі күні бұл қалай жоспарлануда?

– Биыл іске қосылады деп жоспарласақ та, бірінші блокты неге тоқтатып қойдық? Елдегі электр энергиясының артылуы көп болды. Сондықтан бізге блокты тоқтатып қою ұсынылды. Мұны тоқтатып қою мүмкін емес. Жақсы, жылытудың ішкі жағын тоқтатып қойдық делік, бірақ та сыртқы бөлігін қоршаған ортадан тоқтатып қоя алмайсың. Тоқтатып қоятын болсаң, барлығы коррозияға ұшырайды. Бұған блокты үш жылға тоқтатып қойып таттанып кеткен молдовалық МАЭС мысал бола алады.

– Содан?

– Содан бәрін қысқартуға тура келді. Егер блокты тоқтатып қоятын болсақ, онда оны пайдаланудан шығару керек. Алайда одан кейін оны қайта іске қосу өте қиын. Одан да блоктың жұмыс істеп тұрғаны жақсы. Сондықтан электр энергиясын өзіндік құнынан сәл төмен саттық. Бүгінгі таңда "Самұрық-Энерго" электр энергиясын өткізудің жолын қарастыруда, олар тіпті өзімізге ыңғайлы болу үшін бағаны сәл түсіруге де барады.

– Енді бірінші блокты не істейсіздер?

–  Бірінші блокқа қажет жабдықтың барлығын сатып алып, оны қайта қалыпқа келтіріп жатырмыз. 2021 жылы іске қосамыз деп ойлаймын. Сонымен қатар өзіміздің қуатымызды арттыруға да дайын екенімізді айтқым келеді, яғни жаңа энергетикалық блоктарды салуға дайынбыз. Тіпті тоғызыншы, оныншы блокты салуға болады, бұл біз үшін  қиын емес.  

– Қазір станцияның жанында сіздерден қуат алатын Екібастұз индустриалдық аймағы салынып жатыр емес пе?                          

–  Бұл кәсіпорындар үшін жеке желі тарттық. Қазірдің өзінде бұл жерде жылыжай жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ жаңа жылыжай салынуда.  Сонымен қатар жылуоқшаулағыш материалдар дайындайтын зауыт жұмыс істейді. Келешекте  кремний зауытын салу жоспары бар. Мұның барлығы біздің жаңа тұтынушылар. Олардың көп болғаны бізге де жақсы.    

– Облыс әкімдігі мен "Самұрық-Энерго" АҚ қол қойған меморандумда бірқатар іс шаралар қарастырылған, оның ішінде күл-қожды материалды өңдеу мен өткізу туралы да айтылған болатын. Осыны толығырақ тарқатсаңыз.

– Біз үшін күлді утилизациялау – маңызды мәселе. Дымқыл күл бар, оны жол құрылысына пайдаланатын бірнеше компания тегін алып кетеді.

–  Жылына қанша күл шығарасыздар?

– Үш миллион тонна күл үйіндіге кетеді. Біздің күл үйіндіміздің ауданы 5702 гектар, қазір онда 99 млн куб күл сақталуда.

– Сіздерге көршілес 2-МАЭС күлді утилизациялау жобасын іске қосты. Сіздер не істемекшісіздер?

– Иә, бұл жақсы бизнес. Біздің құрғақ күлді алғысы келетін польшалық компаниямен келіссөз жүргіздім. Жақында Польша мен Германияда болып келдім. Оларда күл жоқ. Көмір қалдығы қанша деп сұрасам,  6% дейді. Бізде 40%-дан  42%-ға дейінгі көмір қалдығы  бар екенін естіген олар "Сіздер қандай байсыздар", – деп таңданды.    

– Сонда құрғақ күл қанша тұрады?

– Шынын айтсам, біз үшін түк тұрмайды. Маған оны тегін беріп, экологиялық жүкетемеге салынатын салықты азайтқан тиімді.

–  Мұнымен бұрын неге айналыспағансыздар?

– Менің мақсатым электр энергиясын өндіру. Мұнымен басқа адамдар айналысу керек. Қазір бізде баға саласы бойынша келісімшарт бар. Күлді жылу құбырларын жабатын арнайы бояу  жасау үшін қолданады. Оны Өскеменде Айдархан Қалдасов деген кәсіпкер жасайды.                                                           

–  Көршілеріңіз үшінші энергетикалық блок салса, электр энергиясы тағы да артылып қалмай ма?

– Жоқ. Үкіметтегі адамдар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Өзіміздің электр энергиямызды Тәжікстанға, одан әрі Пәкістан мен Ауғанстанға жібере аламыз. Біздің электр энергиямыз    жақында  Белорусь еліне жіберілуі мүмкін. Оларға екі миллиард кВт/сағ керек.

– Оны қалай жеткізбекшісіздер?

– Ресейлік транзит арқылы жібереміз.

–  Енді мәселе неде?

–  Бұрын Қазақстандық энергия төмен бағаланған еді. Белорусьтар  электр энергияны бұған дейін Украина мен Ресейден алты центке алған, ал бізден төрт центке сатып алмақ болды. Қазір жағдай өзгерген, сондықтан біздің энергия осы бағытқа жеткізілетіні сөзсіз. Сондай-ақ Моңғолияда да электр энергиясы тапшы. Электр энергиясын өткізетін жер жеткілікті.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу