Елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасы талқыланды

4621

Әлем бойынша көптеген ел көміртегі бейтараптығына қатысты стратегиялармен жұмысты бастап та кетті.

Елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасы талқыланды

Қазақстанда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасы талқыланды. Бұл мәселеге байланысты 2060 жылға дейінгі негізгі басымдықтар мен оны жүзеге асыру тетіктері туралы айтылды, деп жазады inbusiness.kz.

Жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ТМКҚ, Қазақстанның тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының қауымдастығы, "KAZENERGY" ҰК, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

ҚР ҰЭМ жанындағы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бейсенғазиннің айтуынша, стратегияның жобасын жасау барысында әлемдегі 50 елдің стратегиясы талданған. Спикер 24 мемлекеттің көміртегі бейтараптығына қатысты 2030 жыл және 2050-2060 жылдарға арналған жалпы және аралық мақсаттары бар екенін атап өтті. 

Оларға Австралия, Австрия, Канада, Чили, Китай, Япония, Южная Корея, Нидерланды, США, Германия, Франция елдері жатады. 17 елде тек 2050 немесе 2060 жылдарға арналған негізгі мақсаттар белгіленген. Жеті мемлекет стратегиялық мақсаттарын кезең-кезеңдерге бөлсе, ал 2 елдің нақты мақсаты жоқ.

 

"Мұнда біз климаттық іс-қимылдардың болмауы мен энергияға көшу тәуекелдерін қарастырған болатынбыз. Егер де біз декарбонизация жолына түсетін болсақ, жағдайымызды едәуір нашарлатамыз деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ егер ештеңе жасамайтын болсақ, бұл экономика үшін кері әсерін тигізеді. Себебі отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді, экспорттық түсім, сәйкесінше елдің инвестициялық тартымдылығы да төмендейді. Сондықтан та, декарбонизация бойынша белгілі бір қадамдар жасаған дұрыс деп ойлаймыз", – деді Қуаныш Бейсенғазин.

"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары көміртегі бейтараптығына қатысты 3 сценарийлік болжам ұсынды. Инерциялық сценарийде елде де, әлемде де климаттық саясаттардың болмауы туралы қарастырылған. Базалық сценарийде өзге елдердегі белсенді климаттық позицияның болуы, бірақ Қазақстанның ешқандай да әрекетке көшпеуі туралы айтылған. Ең соңғысы – көміртегі бейтараптығы. Бұл дегеніміз ең тиімді технологияларды қолдану арқылы экономиканың тиімді жұмыс істеуі және оның дамуы.  

Жиында тағы не айтылды?

Ерлан Рамазанов, Еуропалық қайта құру және даму банкі директорының орынбасары, Еуразия, Таяу Шығыс және Африка энергия ресурстары департаментінің Өңірлік басшысы:

"Екі маңызды нәрсені атап өткім келеді. Қазақстан әрқашан жасыл экономиканы қолдады. Мысалы, Қазақстанда жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама Париж келісіміне дейін мақұлданды. Қазақстан экологияға оң ықпал етуге қол жеткізу үшін, оның ішінде экономикалық аспектіні назарға ала отырып, әрқашан өз алдына биік мақсаттар қойған. Біз бұл стратегия қабылданып, осы жылдың қараша айында Шарм-эль-Шейхте өтетін кеңесте таныстырылатын болса, өте маңызды болар еді деп ойлаймыз. Дүниежүзілік банк Қазақстанда жыл сайынғы денсаулық сақтаумен байланысты орташа шығын шамамен алғанда 10,5 миллиард долларды құрайтынын айтады. 10 мыңнан астам адам ауаның ластануына байланысты респираторлық аурулардан көз жұмады... "Жасыл емес" жобалар бойынша халықаралық капитал нарықтарын қаржыландыру айтарлықтай төмендеп жатыр. Мысал ретінде өзіміздің тәжірибемізге сүйеніп айтатын болсақ. Еуропалық қайта құру және даму банкі барлық инвестициялардың 50%-ын жасыл жобаларға жұмсайды деген міндеттемені алған. Көмір өнеркәсібі саласындағы жобаларға қаражат бөлмегенімізге біраз болды. Көп ұзамай біз газ жобаларын қаржыландыруды да тоқтататын боламыз. Қазіргі таңда газ жобаларын қаржыландыру үшін бұл жобаның Париж келісімшартының мақсаттарына сәйкес келетінін дәлелдеу үшін қосымша талдаулар мен ауқымды зерттеулер жасауға тура келеді".

Серік Түйтебаев, "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасының м.а.:

"Қазіргі уақытта "Самұрық-Энерго" түрлі бағдарламалар әзірлеп жатқанын атап өткім келеді. Соның ішінде осы мәселемен байланысты бағдарлама да бар... Тыңдаған баяндамаларда АЭС туралы айтылмағанын атап өткім келеді. Себебі бүкіл ел бұл туралы айтуда. Мемлекет басшылығы да міндеттер қойып отыр. Бірақ АЭС туралы бірде-бір сөз жоқ. Осындай үлкен стратегияны жасай отырып, декарбонизацияға көмектесетін негізгі саланы қарастырмау дұрыс емес шығар".

Марат Кәлменов, "KAZENERGY" ҰК атқарушы директоры:

"Әріптестерімді энергетикалық ауысудағы қаржыландыру көзінің белгісіздігі мәселесіне назар аудартқым келеді. Бұл Стратегия жобасында энергетикалық ауысудағы негізгі тәуекелдерінің бірі ретінде белгіленген. "Инвестицияның едәуір көлемі, негізгі көзі әлі белгісіз" деп көрсетілген... Біз не ұсынамыз? Мемлекеттің энергетикалық ауысудағы қаржыландыруға қатысу мәселелеріндегі рөлін қайта қарау керек... Кейіннен нарықтық тетіктер арқылы саланың экологиялық трансформациясын қаржылық және қаржылық емес зерттеулермен қамтамасыз ету қажет".

Рамазан Жампиисов, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ төмен көміртекті даму департаментінің директоры:

"Мемлекет төмен көміртекті жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым құруды жаңғырту мәселелерін қарастыруы тиіс. Осылайша, мемлекеттік инвестициялардың үлесі стратегия жобасында айтылғандай 3-5 пайызбен шектелмеуі керек. Бұдан басқа, мемлекет тарапынан инвестициялар қарқынын қайта қарастырған жөн".

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жасыл экономикаға көшу жөніндегі Кеңестің мүшесі, "Жасыл Академия" ҒБО директоры Бахыт Есекина Стратегия жобасының жаңартылған нұсқасында барлық ұсынымдар ескерілетінін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясы экономиканың тұрақты дамуының негізін қалап, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталмақ. Экономиканы декарбонизациялау шараларын іске асыру отын-энергетика кешенін қайта құруды талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу