Елордадағыдай аялдамаларды жаңатастықтар неге жатсынды?

2151

Осыдан үш жыл бұрын Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында елордадағыдай электронды алты аялдама бой көтерген болатын. Әр қайсысының құны – 1 миллион 67 мың теңге.  

Елордадағыдай аялдамаларды жаңатастықтар неге жатсынды?

Кез келген үлкен қаладан кездесе бермейтін мұндай аялдаманы Жаңатас сияқты шалғай жатқан шағын шаһардан көрудің жаңалық болғаны рас. Жергілікті әкімдіктің коммуналдық бөлімінің басшысы Өмірәлі Өзекбаевтің айтуынша, мұндай қоғамдық орын жасау туралы 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЭКСПО халықаралық көрмесіне барғанда ойға оралған.

"Ақылды қала" жобасы негізінде жасалған электронды аялдамалардың барлық аймаққа қажет екенін бір көргеннен ұғындым. Бас қаланың өзінде жаңадан қолға алынып жатқан осындай бастама жайындағы ұсынысымды қала басшылығы қолдады. "Кітап.kz" сайтының мамандарымен сөйлесіп, электрондық нұсқасын алдық. Оны Шымкенттен шығартып, қаладағы жаңадан салынған аялдамаларға электронды кітаптардың тақтасы орнатылды. Тақтада ұсынылған кітаптардың ішінен ұнағанын оқу үшін азаматтардың интернет желісіне қосылған ұялы телефоны болса жеткілікті. Оқырмандар кітапты таңдап, оны QR-коды арқылы сканерлеп, кітаптың сілтемесін ала алады. Бастапқыда осындай кітап тақтасын 3 аялдамаға орнату жоспарланса, кейін 6-ға жетті. Қызық дүниеге қызығушылық аз болған жоқ, аялдамада автобус күтіп отырған жолаушы кітап оқуға да, аудио тыңдауға да мүмкіндік алды", – дейді Өмірәлі Өзекбаев.

Өкінішке қарай, бүгінде Жаңатастағы халықтың жақсы бағасына ие болған аялдамалардағы кітап тақталары жоқ. Оған ең алдымен жаңатастықтардың өздері кінәлі болып отыр. Әрине, аялдамалар ешқайда кеткен жоқ, орнында. Бірақ бастапқыдай шыныдан жасалған, кітап тақтасы орнатылған қалпында кездеспейді. Себебі, электронды кітаптарды оқып, оны тегін жүктеп алуға мүмкіндік туғызған жаңалықты "жатсынған" кейбір мәдениеті төмен жастар аялдаманың органикалық шынысын сындырып, қирата бастаған. Ал мұндай шынылардың бағасы арзан емес.

Жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің сөзіне қарағанда, бейнебақылау қондырғыларына түсіп қалған осындай фактілердің біразы анықталып, кінәлілер айыппұл төлеп, қиратқан дүниелерді қалпына келтірген. Әйтсе де, аялдама шынысын қайта-қайта ауыстыру тиімсіз болғандықтан, қала әкімдігі оларды темірмен алмастыруға шешім шығарыпты. Сөйтіп кезінде миллиондаған қаржы жұмсалған бұл аялдамаларды қайтадан  темірмен "тұмшалау" үшін тағы да біраз қаржыны шығындауға тура келген. Яғни, әр аялдама үшін шамамен 300 мың теңгедей қосымша қаражат жұмсалған.

"Енді оларды бастапқыдай "электронды аялдамаға" айналдыру жұмысы тағы бар. Бұл да аз қаражатты қажет етпейді. Оның үстіне қорғау мақсатында аялдамаларды жарықтандыру, жақын маңдағы бейнебақылау қондырғыларын оларға жақындату жұмыстары қолға алынады. Кітаптан басқа, тұрғындар мен қонақтарға қала тарихынан сыр шертетін "ақылды"  аялдамалар орнату алдағы уақытта да жалғасын табады", – дейді Өмірәлі Өзекбаев.

 Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу