Енді "келісе" алмайсыз...

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9194

Бұдан былай ақауы бар автокөлік иелері үшін техникалық байқау бас ауруына айналады.

Енді "келісе" алмайсыз...

Кolesa.kz сайтының хабарлауынша, еліміздегі техникалық байқау орталықтарында тек қана құпия бағдарламалар жұмыс істеуге тиіс.

Техникалық байқаудың ішкі істер министрлігінің құзыретінен жеке компанияларға өтуі ақпараттың нақтылығы тұрғысынан үлкен мәселеге айналғанын жақсы білеміз. Себебі байқаудың қорытындылары қасақана өзгертілетін. Ең сорақасы, қосымша қаржы төлесеңіз, "темір тұлпарды" орталыққа апарудың да қажеті жоқ еді. Енді бұл жүйе келмеске кетпек.

Себебі ақпаратты техникалық байқау орталықтарынан көрсеткіштердің бірыңғай базасына жөнелту жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл ретте операторлардың техникалық байқау процесіне араласуына мүлдем тыйым салынды.

ҚР көлік комитеті автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін техникалық байқау орталықтарындағы бағдарламаларға анау айтқандай нақты талап қойылмайтын. Сондықтан компаниялар оны кез келген бағдарлама жасаушыдан сатып ала беретін.

Бастысы көрсеткіштер компьютерге түсіп, міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық орталығына жөнелтілсе болғаны. Бұл ретте көрсеткіштерді еш қиындықсыз өзгерте беруге де мүмкіндік бар еді.

Қысқасы жүйеден сыбайлас жемқорлықтың "иісі аңқитын". Аталмыш жүйе автокөлік иелерінен ақша жинайтын пысықайлар үшін өте тиімді еді. Соның салдарынан Қазақстанның жолдарында ақауы көп көліктер әлі жүр.

Бірыңғай ақпараттық жүйені жасаушылар жарты жыл бойы орталықтарда техникалық байқау үшін қолданылатын барлық бағдарламаны зерттеп, сараптаған. Сараптаманың қорытындысына сүйенсек, тек 6 орталықтың ғана нақты талапты орындайтыны анықталған. Ал қалғандары деректерді қажетіне қарай өңдеп, клиенттермен "келісе" берген. Айта кетейік, 6 орталықтың төртеуі – ресейлік, екеуі – қазақстандық компания.

Осы жылдың 20 тамызынан бастап жағдай басқа арнаға бұрылды. Енді техникалық байқаумен айналысатын кәсіпкерлер тек рұқсат етілген бағдарламаларды ғана пайдалана алады.

Рұқсат етілмеген бағдарламалар көлік комитеті тарапынан қатаң бақыланады. Мұндай бағдарламаларды пайдаланатындар жазаланатынын да ескерте кетейік.

Бұл жүйеден кейін елімізде ақауы көп көліктердің саны қаншалықты азаятынын уақыт көрсетеді, әрине...

Ал әзірше 2017 жылдың сегіз айында елімізде 1 млн 638 мың автокөлік техникалық байқаудан өтіп үлгеріпті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу