Еншілес компания "ҚМГ"-ның қарызын өтеуге көмектеседі

"ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-ның GDR (ғаламдық депозитарлық қолхаттар -ҒДҚ) делистингі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қарыздарын азайтуға мүмкіндік береді.

Еншілес компания "ҚМГ"-ның қарызын өтеуге көмектеседі

Fitch Ratings агенттігінің 19 желтоқсанда таратқан хабарламасында "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-ның делистингі (делистинг – акцияны биржа тізімінен шығару, бағалы қағаздарды қор биржасындағы саудадан алып тастау) мен миноритарлық акционерлердің үлесін өтеуі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қаржылық икемділігін жақсартады деп мәлімдеді. Сондай-ақ бұл "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ның ақша қорына және ақша ағымына толықтай қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ-ның еншілес кәсіпорыны (63%). Еншілес ұйымның қосымша қаржысы топтың борыштық жүктемесін азайтуға пайдаланылуы мүмкін.

"ҚМГ" Барлау Өндіру" 8 желтоқсанда компанияның директорлар кеңесі ғаламдық депозитарлық қолхаттардың әрбірін 14 доллармен сатып алуға қатысты шартты тендерлік ұсынысты іске қосуды бірауыздан мақұлдағанын мәлімдеді. "ҚМГ" ҰК шығарылған барлық бағалы қағаздарды 1,95 млрд долларға бағалап отыр. Бұл ретте 2017 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ның салымдары мен ақшалай қаражаты 3,9 млрд долларды құрады. Fitch Ratings агенттігі "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ның ешқандай қарызы жоқтығын және компания топ табысының көп бөлігін құрап отырғанын еске салды. 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысында шоғырландырылған EBITDA-ның шамамен төрттен бірі "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ға тиесілі.   

Fitch Ratings агенттігі ақша ағыны "ҚМГ" ҰК-ның берешегін 2018 жылдың соңына қарай 11 млрд доллардан төмен деңгейге дейін азайтуға бағытталады деп болжам жасап отыр (Агенттік бұған дейін бұл көрсеткішті 2018 жылдың соңында 12 млрд доллар, ал 2017 жылдың 30 қыркүйегінде 16 млрд доллар болады деп болжаған еді).

Агенттіктегілер "ҚМГ" ҰК тендерлік ұсыныста сипатталған жарғыға енгізілген түзетулерге сәйкес, "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ға көбірек бақылау жасайды деп есептейді. Бұл "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ "ҚМГ" ҰК тобына жақсартылған операциялық интеграцияны әкелуі мүмкін және "ҚМГ" ҰК мен "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ арасындағы мүдделерді жақсырақ үйлестіруге мүмкіндік береді.

Fitch Ratings агенттігі "ҚМГ" ҰК-ны Қазақстаннан (BBB/тұрақты) бір саты төмен бағалап отыр. Бұл стратегиялық және операциялық байланыстарда айқын байқалады. Сарапшылар "ҚМГ" ҰК-ның кредиттік қоржыны нашар екенін алға тартуда. Түзетілген жалпы кредиттік операциялар қаражаты 2016 жылдың соңында 7,3%-ды құраған болатын. Ал бұл "В" рейтингті компаниялар үшін әдеттегі жағдай.

"ҚМГ" ҰК "Самрұқ-Қазына" АҚ-ның жекешелендіруге жататын компаниялар тізіміне енгізілген. Компания 2018 жылдың соңында немесе 2019 жылы сатылымға шығарылуы мүмкін. Бағалы қағаздарды шығару алаңы ретінде Лондон қор биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығы қарастырылуда. Сондықтан "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ның делистингі негізгі компанияның IPO алдындағы логикалық қадамы болып табылады.

IPO-ға дайындық үдерісінде негізгі компания өзінің еншілес ұйымдарын "жеуді" бастады. 6 желтоқсанда "ҚМГ" ҰК "ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг" АҚ "ҚМГ" ҰК-ға қосылғанын хабарлады. Ал "ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг" АҚ-ға "Атырау МӨЗ" ЖШС          (99,53%), "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (49,7%), "Павлодар МӨЗ" ЖШС (100%), "ҚазМұнайГаз Өнiмдерi" ЖШС (100%), "ҚазМұнайГаз – Аэро" ЖШС (100%) жән "СП Caspi Bitum" ЖШС (50%) қараған болатын.

20 желтоқсанда "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ ҒДҚ-ға қатысты тендерлік ұсынысты іске қосу мен Лондон қор биржасының және Қазақстан қор биржасының биржалық тізімдерінен шығару туралы хабарлаған болатын. Ал компанияның ҒДҚ-ғы Қазақстан қор биржасының RDGZd биржалық тикер жөніндегі ресми тізіміне енгізілген еді. "ҚМГ" Барлау Өндіру" ҒДҚ-ның Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне енгізілуінің де өзіндік себебі бар. Қолхаттарды ұстаушылар ел азаматтары болып табылмаса да, Қазақстанның төлем көзіндегі салық салынбайтын қор биржасындағы еркін сауда талаптарында мәміле жасасу арқылы тендерлік ұсыныс аясында олар өз ҒДҚ-ын сатуға мүмкіндіктің берілуі.

"ҚМГ" ҰК акцияларының 90%-ы "Самрұқ-Қазына" АҚ-ға, ал 10%-ы ҚР Ұлттық банкіне тиесілі.

Halyk Finance компаниясындағылар "ҚМГ" Барлау Өндіру" АҚ-ның 4 желтоқсандағы шығарылған барлық ҒДҚ-ның әрбірін 14 доллармен (соңғы айдағы орташа бағаға сыйақының 23,7%-ы) сатып алу ниеті туралы пікір білдіре келе, "ҚМГ" ҰК негізгі компаниясы ІРО-ға шығу жоспарын ескере отырып, бұл ұсыныстың жүзеге асуы әбден мүмкін екенін атап өтті.

"Бұған дейін "ҚМГ" Барлау Өндіру" акцияларын сатып алуға қатысты түрлі шарттар ұсынылған еді. 2014 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 99,5 долларды құраған шақта "ҚМГ" ҰК акцияларды 18,5 доллар/ҒДҚ бағасымен сатып алуды ұсынды. 2015 жылдың соңында мұнайдың орташа бағасы барреліне 53,6 долларға дейін төмендегенде, сатып алу бағасы 7 доллар/ҒДҚ-ны құрады (10 қазан-9 қараша аралығындағы орташа нарықтық баға). Ал 2016 жылғы сатып алу туралы ұсыныс мұнай бағасы барреліне 45,13 доллар болған шақта жасалды. Көзделген баға – 9 доллар/ҒДҚ. Оның үстіне бұл жылы "ҚМГ" ҰК" АҚ-мен өзара қарым-қатынас туралы шарттарға өзгеріс енгізілді. Ал 2017 жылдың басынан қазіргі күнге дейінгі мұнайдың орташа бағасын (54,02 доллар/баррель) ескере отырып, "ҚМГ" Барлау Өндіру" белгілеген сатып алу бағасында біздіңше, миноритарлық акционерлердің мүддесі жеткілікті түрде қарастырылған", – дейді компания сарапшылары.

Сонымен қатар алдағы бір-екі жылда IPO-ға шығуды жоспарлап отырған ірі акционер үшін мұнай бағасының оң динамикасы және алдағы бес жылға арналған мұнай бағасына қатысты оптимистік болжамға байланысты сатып алу бағасының ағымдағы жағдайы оңтайлы болуы керек деп есептейді Halyk Finance өкілдері. Сарапшылардың айтуынша, "ҚМГ" ҰК-ның борыштық жүктемесі айтарлықтай жоғары (3487 млрд теңге). Сондай-ақ "ҚМГ" ҰК үшін сатып алу жоспарланып отырған "ҚМГ" Барлау Өндіру"-ның ақшалай қаражаты сатып алуды төмен бағамен қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылады. Мұнай бағасын қалпына келтіру болжамды төлемнің бағасын көтеруі мүмкін.      

Еркін айналымдағы ҒДҚ-ны сатып алудың қазіргі жағдайында "ҚМГ" Барлау Өндіру" екі миллиард доллар немесе 687 миллиард теңге жұмсайды екен. Бұл 2017 жылдың 9 айындағы баланстағы қолма-қол ақшаның 50,5% -ын құрайды. Сонымен қатар компаниядағылар соңғы екі айда мұнай бағасының қымбаттауын (мұнайдың орташа бағасы 63 доллар/баррельді құрады) назарға ала отырып, "ҚМГ" ҰК үшін сатып алу шарттарын келісу тиімді екенін атап өтті. Оның үстіне компания үшін ІРО-ға енуді мейлінше тиімді жүзеге асыру маңызды болып тұр.         

Негізгі компаниямен қарым-қатынастың тәуекелдерін есепке ала отырып, сатып алу бағасы 5 жыл ішінде "Halyk Finance"-тың мақсатты бағасынан 5% асып кетті. Сондықтан компания ірі акционерлерге "ҚМГ" Барлау Өндіру"-ның ұсынысын қабылдауды ұсынып отыр.

BCC Invest компаниясының мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша "ҚМГ" Барлау Өндіру"-дің таза табысы 201 217 млн теңгені құрамақ (бір акцияға 2885 теңге). Тиісінше 2017 жылдың қорытындысы бойынша сарапшылар бұдан да үлкен дивидендтердің төленуін күтуде. Бұл таза табыстың 15-50%-ын немесе бір акцияға 433-1442 теңгені құрауы мүмкін.

Шикізат нарығын жақсарту, отандық жеткізілімдердің кірістілігін арттыру және компанияның оң ақшалай қаражат ағындарына шығуы аясында BCC Invest өз болжамын 28 қарашада қайта қарап, 2018 жылдың соңына дейін қарапайым акциялардың мақсатты бағасын 26 700 теңгеге дейін, ал артықшылықты акциялардың бағасын 13 350 теңгеге дейін (жай акциялардың бағасына 50% жеңілдік) арттырды. Дегенмен компания нарыққа сәйкес тұрақты дивидентерді төлеуді жалғастырған жағдайда қарапайым және артықшылықты акциялар арасындағы айырмашылықтың төмендейтінін атап өтті. Бұл артықшылықты акциялардың өсу әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу