Ер есімі ел есінде

11203

Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына арналған шарада  президент Нұрсұлтан Назарбаев "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоғын қойды.

Ер есімі ел есінде

Қазіргі кезде қоғам өкілдері, тіпті кейбір зерттеушілер мен тарихшылар тарапынан Ұлы Отан соғысына қатысты кері пікірлер айтылып жүр. Бірақ қазақ елі Ұлы Жеңістің жоққа шығарылуына жол бере алмайды, егер оған жол берсе, қазақ халқы сол жеңіс жолында жанын қиған, қанын төккен қаһарман батырларынан айырылып қалады, олардың ерен ерлігін аяқасты ету елдігімізге сын, ата-бабаны құрметтеген болмысымызға жат.

Оның үстіне ұланғайыр жері бар, көз тіккен ұлы болашағы мен биік мұраттар бар Қазақ елі үшін бабалардың батырлығы һәм жеңісті жолының үзілмей, ұдайы жалғасын табуы маңызды. Бұл кейінгі ұрпақ рухтануы үшін қажет. Кейінгі ұрпаққа осы рухты ерлік дәстүрлерін табыстау – баршамызға ортақ парыз.

Қазақстанның тұңғыш президенті Ұлы Жеңіс мерекесінен көрші елдермен достықты сақтаудың бір тәсілін көреді. "Біздің халқымыздың және бүкіл ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысында сұрқия сипатты обаны жеңіп шығу үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғанын әркез есте сақтауға тиіспіз. Ол әркезде де отбасында, мектеп пен жоғарғы оқу орындарында, еңбек ұжымдарында әрбір жаңа буынды тынымсыз тәрбиелеудің тақырыбы болуы керек. Фашизмді талқандаған Жеңістің ешқашан санадан өшпеуінің маңызы зор! Сондықтан 9 Мамыр – барша үшін де маңызды күн", - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің тең жартысы ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық "Кеңес Одағының Батыры" атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысына жұмылып, жеңісті жақындатуға еңбек сіңірді. Хас дұшпанға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерінде жасалды. Сондықтан да аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігі, әже-аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Сондықтан бүгін мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының рухына тағзым етіп, монументке гүл шоғын қойды.

Президент, алаңға жиналған жұртшылықпен бірге, ІІ Дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. Ресми рәсімнен кейін Қазақстанның Республикалық үрмелі аспаптар оркестері еліміздің гимнін орындады.

Осыдан кейін Құрметті қарауыл ротасы еліміздің қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп, жүріп өтті.

Гүл шоқтарын қою рәсіміне соғыс ардагерлері, президент әкімшілігінің, ел үкіметінің, парламенттің қос палатасының, орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустардың өкілдері мен қала жұртшылығы қатысты.

Салтанатты шара соңында Елбасы "Студенттер" саябағындағы шатырлар қалашығына барды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлеріне алғыс айтып, оларды құттықтады, сондай-ақ жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығын атап өтті.

"Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және аспанымыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоғын қойып, халқымыздың майдандағы және тылдағы қаһармандығы мен еңбегіне деген зор құрметімізді білдіреміз", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында ондаған миллион адамның өмірі қиылған ең қанқұйлы соғыс болғанын айтты.

"Қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтар да болды. Республикамыздың 6 миллион халқының 20 пайызы майданға аттанды. Олардың жартысы қайта оралған жоқ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Жеңістің Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы маңызды рөліне тоқталып, оған ел халқының бірлігі арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

"Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуге тиіс. Жеңіске ең алдымен еліміздегі барлық халықтың бірлігінің, бауырмалдығының және достығының нәтижесінде қол жетті. Біз қазір де осы ұранмен өмір сүріп келеміз", – деді Қазақстан президенті.

Соңында мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен тағы да құттықтап, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар, биыл Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің 20 мыңға жуық ұрпағы "Астананың мәңгілік полкі – бейбітшілік маршына" қатысты.  Ұрпақтар маршы осымен бірнеше жыл қатарынан  ерікті түрде өткізіліп келеді.  Акция алғаш рет  2015 жылы Астанада өткізілді, оған сол жылы  1500 адам қатысқан. 1600 жылы  шерушілер қатары 7 мыңға дейін жетті. 

Павлодар облысында "Мәңгілік полк" науқанына алғаш болып төрт жыл бұрын Екібастұз қосылып, Қазақстаннан қосылған үшінші қала атанды. Одан кейін Павлодар мен Ақсу қосылды.  Кеншілер қаласында науқанға бастамашы болаған "Екібастұз дауысы" газеті еді.

Павлодар облысынан майданға 46 мың адам шақырылды. Олар Курск маңындағы қантөгісті шайқастарға қатысты, Сталинградтан Брелинге дейін жетті, Ресейді, Белоруссия мен Еуропаның қалаларын фашистік басқыншылардан азат етті.  Ұрыс далаларында 22 мың павлодарлық мәңгіге қалды. Облыста 1 сәуірде тізімде 112 мыңнан астам зейнеткер болса, оның 140-ы - Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 2074 адам соғыс ардагерлерімен теңестірілгендер, 8309 адам 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін еңбек еткендер.

"Шамамен  500 оқушы майдангер аталарының суретін ұстап шығуға тілек білдірді. Осынша бала Павлодардан шыққан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суретін алып шығады", - деп мәлімдеді қаланың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

Бүгінгі науқанға шын мәнінде қанша Павлодар азаматы қатысқанын ешкім де білмейді. Бұл маңызды емес те шығар.  Адамдар өз аталарын еске алу үшін, бірлігіміз барда жеңіс біздікі екенін қазіргі ұрпақтың есіне салу үшін келді. Кім, қайда соғысқаны маңызды емес, тіпті кейбіреулер белгілі бір себептерге байланысты әскерге алмаса да, тылда ебек еткен аталарының суреттерін алып жүрді. Себебі олар бір мақсат үшін тер төкті.

Оралда "Мәңгілік полк" Ұлы Отан соғысы сарбаздарының шамамен 7 мың ұрпағын жинады. Майданда соғысқан аталарының суретін қолдарына ұстаған оралдықтар Достық даңғылына шығып, өз ата-әжелерімен байланысты соғыс тарихын баяндады. Көпшілігі бұл шеруге алдын-ала дайындалды, портреттерді тиісті символдық белгілермен безендірді, үлкендер мен балаларға арнап әскери киімдер тікті деуге болады.

Шеруге қатысушылар Достық даңғылымен келе жатқан кезде "Катюша" және өзге соғыс әндерін салды.  Науқанға қатысушылар дүркін-дүркін "Ура" деп айқайлап, Жеңіс алаңына жақындаған кезде Қазақстанның әнұранын айтты.

Естелік шеруі Оралда осымен төртінші рет өтті.

"2014 жылы сайттардың бірінен "Мәңгілік полк" туралы хабарламаны көзім шалды. Менің атам, Хамен Гиззатов, Калуга облысында соғысты, Мәскеуден 240 шақырым жерде қаза болды. Ол фельдшер болған еді, госпитальде еңбек етті, ол жерге бомба лақтырылып, толығымен жойылды. Ол жерде бауырластар қабірі бар.  75 жылдықта біз ол жерге бардық, әр бес жыл сайын барып қайтамыз, - деп өз әңгімесімен бөлісті Оралдағы "Мәңгілік полктің" ұйымдастырушысы Самат Гиззатов. – Бірінші жылы шамамен 300 адам қатысты, 2015 жылы 600-ден астам. Алғаш ретте ақпаратты әлеуметтік желілерде орналастырдық. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Былтыр туған-туыстарының суретін алып шамамен 3,5 мың батысқазақстандықтар шыққан болатын, бүгін шамамен 7 мың адам бар".

Самат Гиззатов Алматыда тұрады, дегенмен Оралдағы анасына келіп тұрады. Міне, төртінші жыл қатарынан  9 мамыр күні "Мәңгілік полкі" науқанын ұйымдастыруға келеді.

"Мұнда шараға келіп, портрет ұстап жүруге ешкім мәжбүрлемейді.  Біреу картоп егуге кетсе, енді біреу атасының суретін алып қала көшелерін аралап Мәңгілік алау маңына шықты. Бұл жыл сайын қатары артып келе жатқан ерікті науқан", - дейді ұйымдастырушы Денис Спиридонов.

"Мәңгілік полктің" шеруі Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алаудың маңында аялдады.

Ұлы Отан соғысынан тірі қалған майдангерлер саны жыл өте азайып келеді. Батыс Қазақстан облысында бар болғаны көзі тірі 146 ардагер бар.

Қарағандыдағы Мәңгілік полктің алғашқы шеруі 2014 жылы өтті. Биылғы шараға мыңдаған қарағандылық қатысты.

Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 184 ардагері бар. Осыдан екі жыл бұрын Ұлы Жеңістің мерейтойлық 70 жылдығында олардың саны екі есеге көп болатын. Ал 10 жыл бұрын сол сұрапыл соғыстың екі жүзге тарта қатысушысының көзі тірі еді.

Бүгінде Мәңгілік полктің қатарында қарағандылықтар былтыр ғана шеруге шыққан ардагерлердің фотосуреттерін алып жүрді.

Биылғы Өскемендегі "Мәңгілік полкке" қатысушылардың саны екі есеге артып, 20 мыңнан асып жығылды.

Шеру сағат 11-де басталады деп жоспарланған болатын. Алайда, сағат онға қарай алаңға жүздеген адам жинала бастады. Осыдан соң "Мәңгілік полк" уақыттан озып, шеруді бастап кетті.

Алдыңғы шепте әскери оркестр жүрді, олардың артынан әскери киім киген оқушылар "соғыс балалары"  беттеді, одан әрі әскери бөлімшелердің сарбаздары, ҰОС ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шенеуніктер мен Қарулы күштердің ардагерлері және басқалары жүрді. Шеру жүрген сайын оған ілескен қатысушылар саны арта түсті. Патриоттық науқанның қатысушылары әскери әндер шырқап екі шақырымнан артық жол жүрді. Шеру Даңқ мемориалының маңында тоқтады.

Бұл жерде жиналғандар қаза болғандардың есімін еске алып бір минут үнсіздік жариялады. Осыдан соң Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.

Ұлы Отан соғысы кезінде Шығыс Қазақстан облысынан майданға 190 мың адам шақырылды. Оның  83 мыңы ұрыс даласынан қайтқан жоқ. 109 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Қаһарманы атағына ие болды. 24 Даңқ орденінің иегері атанды. 9000 шығықазақстандық азамат ҰОС ерен еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталды.

Еске сала кетсек, "Мәңгілік полк" науқаны облыс орталығында төртінші мәрте өткізіліп отыр. Егер бірінші жылы науқанға ондаған адам ғана қатысса, бірнеше жылда қатысушылар саны мыңдаған адамға жетті. Бүгінде "Мәңгілік полк" қатарында 20 мың адам бар. Жұрт ата-әжелерінің, әке-шешелерінің суретін алып шықты.

Шымкентте "Мәңгілік полк"  шеруі төртінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бірі – атасының, бірі бауырының суретін ұстаған мыңдаған адам қала көшелерімен жүріп өтті. Биылғы жылы Шымкент қаласындағы Жеңіс күні мерекесіне арналған іс шара дәстүрлі "Мәңгілік полк" шеруімен басталды. 

Жыл сайын қатары көбейген бұл шеру халықаралық масштабқа ие болып, әлемнің көптеген елдерінде 9 мамыр күнгі дәстүрге айналды. Осы атаулы күні соғысқа қатысқан туғандарының суретін ұстап шеруге шыққандар сұрапыл соғыс батырларын "Мәңгілік полк" туының астына біріктіреді. "Мәңгілік" дегеніміз – ұрпақтарының жадында мәңгілік тірі деген сөз. 
Биылғы жылғы шымкенттік шеруге шыққандардың саны ресми мәлімет бойынша мың жарым адамнан асады, ал ресми емес мәлімет оның одан да көп болғанын айтады.

"Мәңгілік полк" сабы Қажымұқан атындағы стадион алдындағы алаңда түзілді. Акцияға қатысушылар сол жерден соғыс кезіндегі әндерді шырқап, шеруді бастап кетті. "Мәңгілік полк" шеруіне еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін қатысты.

Виктор Мосунов ағасымен, келінімен, балалары мен немерелерімен әкесі Федор Мосуновтың суретін ұстап өтті. Ол "Мәңгілік полк" акциясы отбасының батырлары жайындағы естелікті ұрпақтарға жеткізу деп түсінеді. Ол полк құрамы жал сайын көбейе түсетініне сенімді.

"Мәңгілік полк" шеруі  ардагерлер мен облыс басшыларының қатысумен салтанатты жиын өткен Абай саябағындағы Даңқ ескерткішіне дейін келді. ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, сондай-ақ оңтүстікқазақстандықтарды Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.  

Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысқан көзі тірі ардагерлерге де құрмет көрсетіліп, театрландырылған қойылым, концерт болды.

Қаланың басқа да саябақтарында мерекелік концерт болды. Кешке қарай Ордабасы алаңында мерекелік бағдарлама мен Жеңіс күніне арналған отшашу атылады.

Соғысқа кеткен 140 мың оңтүстікқазақстандықтың тең жартысы отбасына оралмаған. 51 оңтүстік қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алса, 8 адам Даңқ орденімен марапатталған.

Бүгінгі күні облыстық әкімдіктің мәліметі бойынша ОҚО-да 233 соғыс ардагері тұрады. 996 адам Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тең құрметте. 19199 тыл еңбеккері бар. 


Қостанайда "Мәңгілік полк" мыңдаған адамның басын қосты. Қатысушылардың нақты санын дөп басып айту қиын, бірақ ені 10 метр болатын сап 20 минут бойы жүріп өтті. Қостанай облысының ресми статистикасына сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 72 651 адам аттанған. Алайда барлығы бірдей туған жеріне қайтқан жоқ: шамамен 25 мың адам қаза тапты, 15 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті.  Отыздан астам қостанайлық майдангер Кеңес Одағының Қаһарманы атағын иеленді.

Бүгінде көзі тірі майдангерлер саусақпен санарлық. Жыл сайын олардың саны кеміп келеді. Ресми статистикаға сүйенсек, Қостанай облысында көзі тірі 193 ардагер бар.

Қостанайдағы "Мәңгілік полк" Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің мыңдаған ұрпағының басын біріктірді. Ата-әжелерінің суретін бұл жолы балалары емес, немерелері алып жүрді. Мұндай шеру Қостанай облысының барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылды. Оларда да бірнеше мың адам жиналды.

Қазақстанның басқа қалаларындағы сияқты Алматыда да Жеңістің 72 жылдық мерекесі құрметіне ондаған мың адам "Мәңгілік полк" шеруімен жүріп өтті. Оңтүстік астананың мыңдаған тұрғыны аталары мен бауырларының, жақындарының суретін ұстап "Астана" алаңынан бастап, Төле би көшесімен Достық көшесіне дейін жүріп, 28 панфиловшылар атындағы саябаққа дейін барды. 
Есте қаларлығы сол, ҰОС қатысушылардың суретінен басқа 10 фотомозайка да болған. Онда қазір көзі тірі 164 майдангердің суреттері жинақталған. Бұл жайында Алматы қаласы бойынша "Мәңгілік полк" шеруінің бас үйлестірушісі Юлия Клинкович abctv.kz-ке әңгімелеп берді.

"Биылғы жылы біздің шеруге Алматы қаласының әкімдігі қатысты. Олар осы фотомозайканы жасап ұсынды. Бұл суретте Қазақстанның батырлары – Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және т.б бар", – деді ол.

Бас үйлестіруші шеруге қатысуға ынта білдірген адамдардың барлығы қатысқанын атап кетті. Шеру 28 панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойғаннан кейін күндізгі сағат 12-де басталды. Іс шараға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты

Еске сала кетсек, "Мәңгілік полк" азаматтық бастамасының тарихы 2012 жылдың 9 мамырында Томск қаласынан бастау алған еді. Ендігі жылы науқанға Қазақстан да қолдау көрсетті, ол кезде Семей, Қызылорда және Павлодар қалаларында шеру өтті. Ал 2014 жылы қозғалысқа Қазақстанның сегіз қаласы қосылды – Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Семей, Орал, Шымкент, Петропавл және Екібастұз.

2015 жылы Алматының  "Мәңгілік полкінің" шеруі Ұлы жеңістің 70 жылдық мерейтойын тойлаудан бастау алды. Ол кезде шеруге бірнеше мың алматылық қатысқан еді. Ал ендігі жылы қатысушылардың саны 20 мыңға жетті.

Бақыт Көмекбайұлы, Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова, Фото akorda.kz, Татьяна Батищева, Марина Попова, Татьяна Шестакова, Клара Ларина, Виктория Вольская, Валентина Елизарова, Татьяна Массель, Жанар Асылханова
Фото akorda.kz, Татьяна Батищева, Марина Попова, Татьяна Шестакова, Клара Ларина, Виктория Вольская, Валентина Елизарова, Татьяна Массель, Жанар Асылханова


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу