ERG көмірқышқыл газын кәдеге жарататын зауыт ашпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3148

Оған "Қазақстан алюминийі" АҚ кәсіпорындарының қалдықтары пайдаланылуы мүмкін.

ERG көмірқышқыл газын кәдеге жарататын зауыт ашпақ Фото: kursiv.kz

Еуразиялық топ жаңа зауытты пилоттық жоба ретінде қарастырып отыр. Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің айтуынша, жаңа өндіріске "Қазақстан алюминийі" АҚ кәсіпорындарының қалдықтары пайдаланылмақ. Жалпы, осыған ұқсас технология топ құрамындағы тек бір ғана зауытта – Африка құрлығында орналасқан Ботсвана еліндегі кәсіпорында пайдаланылады екен.

"Біз жаңа өнімдерді өндіруге мүмкіндік беретін технологияларды қарастырамыз. Бұл ретте, пилоттық жоба ретінде Қазақтанда үйінді күйіндегі қалдықтарды және көмірқышқыл газын утилизациялайтын зауыт салудың мүмкіндіктерін іздеп жатырмыз. Жалпы, біз стандартты емес шешімдерді қолдануға тырысамыз. Мәселен, хром қалдықтарын байыту үшін дәстүрлі, бірақ шикізаттың стандартты емес түріне арналған технологияларды қолданамыз. Қалдықтарды қайта өңдеудің осындай технолгиясын пайдалану есебінен 2022 жылдан бастап Қазақстандағы Дөң кен байыту комбинатындағы өндірістің көп бөлігін қамтамасыз ете аламыз", – деді Александр Машкевич Астанада өтіп жатқан 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресінде.

Бұдан бөлек, Еуразиялық топ глиноземнен 3D-ұнтақтар алу өндірісі бойынша арнайы зерттеу жүргізген. Енді тәжірибелік цех ашуды жоспарлап отыр. Болашақта ERG өзінің 3D-компоненттер өндірісін құрмақ.

Сондай-ақ, ERG хромды өңдеу мен өндірудің көкжиегін кеңейтуді ойластыруда. Ол үшін "Қазхром 2.0" жобасын да әзірлеген екен.

"Бұл – ірі жоба. Міндет – кәсіпорындардың өнімділігін жаңа деңгейге көтеру. Осы орайда, хромды қайта өңдеу бойынша жаңа кеніштер мен зауыттардың құрылысын бастауды қарастырып отырмыз. Сондай-ақ, топ құрамындағы қазақстандық кәсіпорындарға жаңа философия – "металдың әр грамын есептеу" философияын енгізбекпіз. Бұл философия Еуразиялық топтың барлық кәсіпорынындағы материалдардың қозғалысын мұқият қадағалау, оның шығындарын зерттеу арқылы жүзеге асырылатын болады", – деді Александр Машкевич.

ERG директорлар кеңесінің төрағасы атап өткендей, бұл жүйелер өндірістік процестерді басқаруға арналған орталықтандырылған ІТ-жүйемен біріктірілмек. Еуразиялық топ алдағы уақытта Datalake жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бұл жоба топ құрамындағы кәсіпорындарға қатысты барлық деректі жинап, сараптайтын болады.

Дүниежүзілік тау-кен конгресінде баяндама жасаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, тау-кен металлургия кешені еліміздегі өнеркәсіптің өндірістің 23,5%-ын және отандық экспорттың 23%-ын құрап отыр. Министрдің мәліметінше, Қазақстанның жер қойнауынан 99 химиялық элемент анықталған. Оның 70-сі барланып, 60-ы өндіріліп, пайдаланылуда.

"Тау-кен металлургия кешені ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда аталған сектор жалпы ішкі өнімнің 7%-ын, өнеркәсіптік өндірістің 23,5%-ын және отандық экспорттың 23%-ын құрап отыр. Бұл салада 800-ге жуық ірі, орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы тау-кен металлургия өнімдерінің жаһандық нарығында негізгі ойыншы болуына мүмкіндік береді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетейік, экспорттаушылардың әлемдік рейтингінде Қазақстан ферроқорытпалар бойынша төртінші, мыс бойынша алтыншы, мырыш бойынша жетінші, қорғасын бойынша сегізінші орында тұр.

"Болашақта негізгі металдарды экспорттауды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өнімдерді қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 8 жылда индустрияландырудың жаңа бағдарламасының аясында тау-кен металлургия кешенінде 80-нен астам жаңа жоба пайдалануға берілді. Бұл өндіріс құрылымында айтарлықтай ілгерілеу мен әртараптандыру қадамдарын жасауға мүмкіндік берді", – деді инвестициялар және даму министрі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, тау-кен металлургия кешенін әрі қарай дамыту үшін шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіле бермек. Жалпы, 2005 жылдан бері тау-кен металлургия кешеніне 34,2 млрд АҚШ доллары тартылған екен.

"Қазақстанда Glencore, ArcelorMittal, Posco, Polymetal, EvrazHolding және тағы басқа да өз сегменттері бойынша көшбасшы болып табылатын трансұлттық компаниялар жұмыс істейді. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс қабылданды, Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл жүйелік өзгерістер тау-кен металлургияны жаңа деңгейге көтермек", – деді Жеңіс Қасымбек.

Фархат Әміренов

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу