ERG Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысуда

3496

Қазақстандық Eurasian Resources Group өзінің бірқатар активін жеке компанияға бөліп, олардың бір бөлігін биржаға шығаруды, осылайша қарызын жабуды жоспарлап отыр.

ERG Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысуда

Бұл туралы үш банктегі дереккөздеріне жүгіне отырып, Reuters агенттігі хабарлайды.

Бұрын ENRC (Eurasian National Resources Corporation) деген атпен белгілі болған компанияны Лондон биржасына шыққаннан кейін алты жыл өткенде, 2013 жылы үш қожайыны мен Қазақстан үкіметі 4,5 миллиард долларға сатып алып, қайта листингтен өткізген болатын.

ERG ресми сайтында орналастырылған ақпаратқа жүгінсек, бұл "Eurasian Resources Group S.a.r.l." атымен Люксембургте тіркелген, табиғи ресурстарды дамыту бойынша интеграцияланған тау-кен, металлургиялық, энергетикалық, транспорттық және маркетинг қызмет түрлерімен айналысатын жетекші әртарапты компания болып табылады. Компанияға келесі жылы 25 жыл толмақ.

Бүгінде ERG жаһандағы ең ірі феррохром өндірушісі, сондай-ақ әлемдегі темір кенінің және алюминий тотығының негізгі өндірушісі болып табылады. Eurasian Resources Group-тың өндіріс активтері мен кен орнын дамыту жобалары жалғыз Қазақстанмен, немесе атауындағы Еуразиямен шектелмей, бірден төрт құрлықты қамтиды.

Атап айтсақ, Конго демократиялық республикасында (КДР) ERG мыс және кобальт өндіреді, сондай-ақ Boss Mining, Frontier және Comide кәсіпорындарында кенді өңдейді. Бірқатар басқа тау-кен активтері және оларға жақын жерде орналасқан өңдеу қуаты сондай-ақ КДР-да орналасқан.

"Chambishi Metals PLC, ERG" мыс өндіру металлургиялық комбинаты Замбиядағы ең ірі кәсіпорын және әлемдегі жетекші өндіруші болып табылады. ERG Бразилияда орналасқан, 20 млн тонна қуаттылықты "Pedra de Ferro" темір кенін өндіру кешені жобасын дамытуды жалғастыруда. Компанияның бірқатар көмір, марганец, боксит, платина және флюорит кен орнын өңдеу жобалары Оңтүстік Африка, Зимбабве, Мали және Мозамбикте бар.

Әрине, біздің оқырманды өз елімізге қатыстысы қызықтырса керек. ERG Қазақстандағы металургия, тау-кен өнеркәсібінің үштен біріне бір өзі иелік етіп отыр. Ол сондай-ақ елдегі электр энергиясының негізгі жеткізушісі болып табылады. "Қазхром" ТҰК" АҚ, "ССКӨБ" АҚ, "Қазақстан Алюминийі" АҚ, "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ ("КЭЗ" АҚ), "Еуроазиаттық энергетикалық корпорация" АҚ ("ЕЭК" АҚ), "Шұбаркөл Көмір" АҚ және "ТрансКом" көліктік тобы бұл топтың еліміздегі негізгі өндірістік активтері саналады.

Ресми мәлімет бойынша топ құрылтайшылары: Александр Машкевич (директорлар кеңесінің төрағасы), Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев (директорлар кеңесінің мүшелері), олардың әрқайсысы шамамен 20 пайыздық үлеске ие. Компанияның 40% үлесі Қазақстан үкіметіне тиесілі, сәйкесінше, үкімет өкілдері ретінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов компанияның директорлар кеңесінің мүшелері болып табылады.

Рейтердің мәліметінше, Лондонда құнды қағаздары саудаланған уақыттан бері компания ішкі дау-жанжалдарды, шикізат бағасының нарықтардағы құлдырауын бастан өткерген.

Агенттіктің дереккөздерінің ақпаратынша, "активтерді сату ERG-ге қарызының бір бөлігін өтеуге көмектесуге тиіс". Ресейлік ВТБ банкі өткен жылы оның 3 миллиард доллар кредитін "сөндірудің" шарттарын 2022 жылға дейін ұзартуға келісіпті. 2016 жылғы шілдедегі жағдай бойынша ERG-нің негізгі кредиторлары, яғни ВТБ мен Сбербанк алдындағы қарызы 5,8 миллиард долларды құраған.

"Компания қаржы тартуға мұқтаж және активтерінің бір бөлігін бөліп, оны биржаға шығаруды ойластыруда. Бұл жоспар бойынша "ВТБ Капитал" мен "Rothschild" жұмыс жасауда", – деп хабарлайды Рейтер агенттігі банктік дереккөздеріне сілтеме жасай отырып. 

ВТБ мен Rothschild бұл ақпарды растамады, бірақ жоққа да шығармаған.

Рейтер мәліметінше, ERG бөлек шығаратын активтерінің 20 пайызын өткізу үшін қытайлық және жапондық инвесторларды тартуды қарастыруда екен. Тиісті құжаттар бірнеше апта үдерінде ықтимал инвесторларға жолдануға тиіс көрінеді.

"Ағымдағы қарыздарды өтеу жоспар бойынша жүзеге асырылуда және топтың жоспарлары үшін проблемалар туғызбайды. ВТБ банкі бізді қаржыландыру жолымен ары қарай да қолдауға дайындық білдіруде", – деп қысқа қайырды өз кезегінде ERG баспасөз қызметі.

Қалай болғанда, бұл компанияның дәрменсіз жағдайға ұшырағанын білдірмесе керек. ERG мәселен, алдағы үш жыл ішінде алюминий өндірісін екі еселеуді көздеуде. Сондай-ақ ресейлік "Русалға" шикізат сату бойынша тәуелділігін кеміту үшін өз алюминий тотығымен (глинозем) төл өндірісін қамтамасыз етуді жоспарлауда. Қазіргі уақытта ERG жылына 1,5 миллион тонна алюминий тотығын өндіреді. Оның үштен екі бөлігін "Русалға" өткізеді. Қалғанын Қазақстанда орналасқан өз зауытында балқытып, алюминий жасайды. Өткен жылы оның электролиз зауыты 254 000 тонна алюминий шығарған.

ERG мен "Русал" арасындағы жаһандық контрактінің мерзімі келесі жылдың соңында аяқталады. Ол келісімнің ары қарай ұзартылар-ұзартылмасы әзірге беймәлім. Ресейлік компания ERG-ден шикізаттың осы түрін сатып алу жоспарын әлі күнге жария етпеді. Санкциялық қыспақтағы Ресей компаниялары қазір көптеген контрактілерден бас тартуға мәжбүр болып жатқаны мәлім. Мәселен, жақында  "Glencore" компаниясымен мәмілесі аясында "Русалдың" алюминий жеткізуді қысқартатыны мәлім болды.

"ERG-дің "Русалмен" арадағы келісімі 2019 жылдың соңына дейін 1 миллион тонна көлемінде алюминий тотығын жеткізуді қарастырады. Ары қарай келісім қайта қаралады", – деп мәлімдеді журналистерге сұхбатында алюминий тотығын өндіруші зауыттың (Қазақстан Алюминийі) президенті Арман Есенжолов.

Оның мәліметінше, 2017 жылы зауыт осы өнімнің 1,509 миллион тоннасын шығарды: "Биылғы жылғы көрсеткіштер көлемі де осыған ұқсас. 2019 жылы да біз өндірісті көп төмендетпей, 1 миллион 500 мың тоннадан сәл астам алюминий тотығын өндіруді жоспарлаудамыз. Одан арғы стратегия қаралуда. Кем дегенде, осы көлемдерді сақтап қаламыз ба деп отырмыз", – деп болжайды Арман Есенжолов.

Бұл ретте ERG еліміздегі электролиз зауытының қуатын арттыру жоспарында барлығы жөнінде хабардар етті. Келер жылы басталғалы тұрған зауытты кеңейту жобасының құны шамамен 800 миллион долларға бағаланады. Бұл жоба, Қазақстанның электролиз зауытының директоры Роман Романовтың айтуынша, 2021 жылға қарай алюминий өндірісі көлемін екі есе дерлік арттыруға мүмкіндік беруге тиіс.

"Кеңейту жоспары бойынша алюминий тотығының 500 мың тоннадан астамы біздің зауытқа бағытталады. Біз енді ол шикізаттың 1 миллион тоннадан астамын өзіміз тұтына бастаймыз. Сөйтіп, "Русалға" тәуелділік төмендейді", – деп хабарлады Роман Романов.  

Зауыт алюминийді Қазақстанға, Ресейге, Беларуське, Өзбекстанға, Еуропа елдеріне сатады. Және "өз өнімін өткізу нарықтарын кеңейтуге мұқтаж емес" көрінеді. Әйтпесе, бірқатар шетелдік ақпарат құралдары "Русалдан" көңілі қайтқан "Glencore" енді "И-Ар-Джиге" назар аударуы мүмкін деп жорамалдаған болатын.

ERG инвестициялық жоспары аясында өзінің отандық ферроқорытпа зауытында да реновация жүргізуді бастады. Нәтижесінде, ондағы феррохром өндірісінің көлемі 2022 жылға қарай үштен бірге артпақ.

"Реновацияны біз бір пештен бастадық. Ол 2018 жылы іске қосылады. Біз өндірісті тағы 30 пайызға, яғни жылына 81 мың тонна хромнан 109 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлаудамыз. Ары қарай қол жеткен нәтижелер орнықты етілген соң, біз бүкіл цехты реновацияға салуға кірісеміз", – деп мәлім етті Ақсу ферроқорытпалар зауытының директоры Сергей Прокопьев.

Оның дерегінше, феррохром өндірісіне қажетті жаңа пештерді орнату шамамен 200 миллион инвестицияны талап етеді.

Жалпы алғанда, ERG қазақстандық жобаларына алдағы бес жылда 5 миллиард доллар құюға ниетті. Оның үлкен бөлігі "Қазхром" және "ССКӨБ" (ССГПО) кәсіпорындарын жаңғыртуға және реновациялауға бағытталмақ. Өйткені олардың көбі кеңес кезінде тұрғызылған нысандар мен цехтар. Компания Кашар кенішінде жаңа фабрика мен конвейер салуды да жоспарлауда.

ERG өткен жылы ең әлеуметтік жауапты компания деп танылып, "Парыз" ұлттық байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Себебі, 2012-2016 жылдары 100 миллиард теңге әлеуметтік инвестиция жұмсаған көрінеді. Мұндай маңызды корпорацияның қауқарсыздыққа ұшырамауына үкіметтің өзі мән берсе керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу