Мәскеу мемлекеттік университетінің, Лондондағы бизнес академиясының түлегі, маркетинг-қаржы саласының білгірі, Almaty Management University-дің профессоры Ерлан Ибрагим abctv.kz-ке берген сұхбатында отандық қаржы секторының әлемдік қаржы секторымен интеграциялануы, оның кері әсері және біздің бір кездері пайдалана алмаған мүмкіндіктеріміз жайлы сөз қозғады.
– Ел ішінде: "девальвацияға шала сауатты экономистер кінәлі. Олардың басым бөлігі салаға маманданбаған. Шала-шарпы энциклопедиялық деңгейдегі біліммен кез келген ортада мәлімдеме жасайтындардың кесірі көпшілікке тиіп жатыр" деген пікір бар. Сіз не дейсіз?
– Мен бұл пікірге қосылмаймын. Біздің елдегі экономикалық-сараптамалық институттардың барлығын квазисектор деуге болады. Яғни олар бюджеттің ақшасына күн көріп отыр. Егер Ұлттық банк немесе үкімет елдегі девальвация мен инфляцияға экономистер кінәлі десе, онда БАҚ өкілдері мен қоғам мүшелерін шынайы ақпаратпен қамтамасыз етсін.
Ішкі нарыққа пафоспен сөйлейтін қуыршақ институттардың пікірі қажет емес. Өйткені олардың болжамы дамуға әсер етпейді. Тек масайып, босаңсып, кері кетуге ғана жол ашады. Даму даңғылында сауатты болжам ғана бағдаршам бола алады. Сараптамалық институттар өздерінің зерттеулері арқылы Ұлттық банкке немесе үкіметке қауіптің қайдан келетінін және оның ықпалын қалай әлсіретуге болатынын алдын ала ескертіп, ой салып отыруы тиіс. Ал бізде бұлай емес.
– Елімізде үкіметтің экономикалық блогына ой сала алатын тәуелсіз сарапшылар тобы қалыптасты ма?
– Мен өзім үшін жауап беремін. Шынымды айтсам, қазіргі таңда қоғам мүшелерімен байланысқа көп шығып жүрген жоқпын. Өзіңіз сияқты журналистер іздеп келсе жауап беремін, келмесе өкпелемеймін. Уақытымның басым бөлігін студенттерге дәріс оқуға арнаймын. Кішігірім кәсібім бар, соның шаруаларымен айналысамын. Маған көп нәрсенің қажеті жоқ.
2014 жылы мен бір ақпараттық агенттіктің тапсырысымен теңге динамикасы туралы кесте дайындап, "келесі жылы девальвация болуы мүмкін" деп пікір білдірдім. Ертесіне сол кездегі экономика министрі менің сараптамама сілтеме жасап: "Кейбіреулер ертең девальвация болады деген дақпырт таратып жүр" деді. Рас, девальвация министр маған сілтеме жасап айтқандай "ертең" болған жоқ. Арада бір жыл өткенде, 2015 жылы болды.
Меніңше, дәл қазір Ұлттық банк пен үкіметте теңгенің тағдырына немесе инфляцияға қатысты ұзақмерзімді бағдарлама жоқ. Олар тек инфляцияны қолдан тежеу немесе теңгеге жасанды дем беру арқылы оның бағамын белгілі бір уақытқа дейін сүйкімді көрсеткіште ұстап тұруды ғана жүзеге асырып отыр.
–Теңгенің қазіргі, болашақтағы бағамы жайлы не ойлайсыз?
– Ұлттық валютаның алдағы 3 немесе 6 айдағы бағамы көңілімізді көншітеді деп ойламаймын. Өйткені қазір теңгенің сыртқы факторларға қарсы тұратын иммунитеті әлсіреп қалған.
Бұған дейін теңгенің тағдыры мұнайға тәуелді деп келдік. Себебі мұнай бағасы 150 АҚШ долларына жеткен кезде теңгенің нығайғаны байқалды. Бірақ ол кезде Ұлттық банк теңге бағамын жасанды түрде ұстап тұрды. Ал жақсы көрсеткіш ұзақ сақталған жоқ.
Біз мұнай бағасы қымбат болған кезде де ұлттық валютамызды нығайта алмадық. Қызық қуып, масайрап жүріп, ондаған жылдың қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық.
2014 жылғы девальвациядан кейін Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберетінін айтты. Содан бергі уақытта теңгенің өсу динамикасы мұнайдан өзге сыртқы факторлар алдында да әлсіз екенін көрсетті.
Қараңыз, мұнай бағасы біраздан бері 50 АҚШ доллларынан төмен түскен жоқ. Теория бойынша теңге қымбат мұнай бағасының буынан күш алу керек еді. Бүгінгі таңда Ресейде рубль бағамы тұрақты. Ал біздегі теңге бағамы елдегі экономиканың жағдайынан хабар беріп тұр. Теңгеге қымбат мұнай да көмектесе алмайды екен. Теңге тұрақты болу үшін мұнай бағасы баяғыдағыдай 150-200 теңге болатын кезге қайта оралу керек. Ол мүмкін емес, мәселе тым тереңдеп кеткен.
Біздегі жағдай мына формулаға бағынады: Ұлттық банк теңге бағамын біраз уақытқа дейін бірқалыпта ұстайды. Сол уақыт аралығында теңгенің қуатын сарқып бітіреді. Қоғам алаң-елең күй кеше бастағанда үкімет құрамы өзгереді немесе Ұлттық банк басшысы ауысады да мәселе жылы жабыла салады.
– Григорий Марченко төрағалық еткен 1990 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардың басы Ұлттық банктің алтын ғасыры еді деген сөз қаншалықты ақиқат?
– Сіз сөз етіп отырған жылдарда мұнай бағасы 150 АҚШ долларынан асып, қазақ үкіметінің де, Ұлттық банктің де бақыттан басы айналып тұрды. Бірақ ол жылдарда да теңге бағамы қолдан реттеліп отырды.
Басымыздан өткерген "алтын ғасырға" Григорий Марченконың да, үкіметтің де түк қатысы жоқ. Григорий Марченко да, сол кездегі үкімет құрамы да қолайлы уақытта, тиісті орыннан табылды. Ол жылдар жаратқанның қазақтар осы аралықта қимылдап, ШОБ-ты дамытып, дамыған елдердің қатарына қосылсын деп мүмкіндік берген жылдары еді. Өкініштісі, біз осыны пайдалана алмадық.
–Ұлттық банк девальвация сөзінің баламасы ретінде "теңгенің бағасын реттеу" немесе "валюта дәлізінің кеңейтілуі" деген сөзді көп қолданады. Неге?
–Девальвацияның әсерін жеңілдету үшін осындай амалға баратын болу керек. "Валюта дәлізін кеңейту" деген тіркес соншалықты қорқынышты естілмейді ғой.
– "Бізге бір мезеттік девальвация тиімді ме?" әлде "валюта дәлізінің кеңейтілуі тиімді ме?" деген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Сіз осының қайсысын қолдайсыз, қайсы бізге ауыр тимейді?
– Қиын сұрақ. Екеуі де жақсы емес. Валюта дәлізінің кеңейтілуін 1994 жылдан бері бастан кешіп келе жатырмыз. Оның салмағы бірден түспегенмен, ұлттық валютаның резервтік қорын азайтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "28 млрд АҚШ долларын жоғалттық" деген сөзі түсінген адамға қазақстандық банк жүйесіне берілген баға ғой.
Қазір біздің экономикаға АҚШ долларының емес, ресей рублінің күшейгені қауіпті болып тұр. Соңғы 20 жылдағы теңге мен рубль динамикасына көз жүгіртсек, айырмашылық 1:5 болды. Қазір ол 1: 3,6-ға түсіп кетті. Бұл сауда балансынан да байқалады. Біз Ресейге аз тауар сатамыз, есесіне олардан көп сатып аламыз. Ресей импортына деген тәуелділігіміз күн санап артып келеді. Біз Ресей рубліне, Ресей экономикасына тәуелділіктен құтылуымыз керек. Іргеміздегі Өзбекстан ояна бастады. Олардың экономикалық әлеуеті мықты, сыртқы қарызы да аз. Өзбекстанның бізге мықты қарсылас болатыны қазірден бастап айтылып жатыр.
Үкіметтің білек сыбанып жұмыс істейтін кезі енді келді. Намысымызға тисе де айтайын, қырғыз президенті біздің үкіметті ұйқыдан оятып, мұнайдан түскен табысқа бас айналу синдромынан құтқарып кетті.
–Үй немесе көлік сатып алатын кезде оның бағасын доллармен емес, теңгемен санауға үйреніп келе жатырмыз. Сіздің ойыңызша, долларсыздану теңгенің доллар алдындағы бәсін асырды ма?
–Банк депозиттерінде теңгеге қолайлы жағдай қалыптастыру арқылы долларға деген тәуелділіктен құтылдық деп есептеуге болмайды. Бұл долларсыздануға жетелейтін миллион тетіктің бірі ғана.
Бұл бағдарламаны 2003 жылы 1 АҚШ доллары 156 теңге болған кезде жүзеге асырғанда әлдеқайда тиімді болар ма еді?!
2004 жылдан бері мұнай бағасы арзандай бастады. Бұл теңгеге тікелей әсер етті. Кезекті ревальвациядан кейін 1 АҚШ доллары 340 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Қазір тұрғындар жылжымайтын мүлік немесе көлік сатып алатын кезде қалтасына калькулятор салып жүруді, бағаны АҚШ долларының бағамымен есептеп саудаласуды әдетке айналдырған.
–Ресейде - санкция. Бірақ рубль сыр берген жоқ. Ресей экономикасына қуат беріп отырған қандай сектор?
–Мен Ресей экономикасы туралы пікір білдіретін сарапшы емеспін. Десем де олардың экономикасына әскери -өндірістік технологиялар кешені күш беріп тұр деп ойлаймын.
–Ұлттық экономикамыздың дамуына, мұнайдан өзге қандай сектор ықпал етіп отыр деп ойлайсыз?
–Қазақстанда ауылшаруашылығының әлеуеті жоғары. Бірақ менеджмент әлсіз. Технологияның 90%-ы - импорт. Мен бұл жерде Қазақстанда құрастырылатын технологияны айтып отырған жоқпын. Ол елдің дамуына әсер етпейді. Егер бізде өндірілетін бөлшектер әлемдік-өндірістік технологиялар тізбегіне енсе сөз басқа болар еді.
Ауылшаруашылығын қаржыландыру жүйесіз жүреді. Үкімет бөлген ақша жергілікті жерлерге жетпейді.
–Таяуда мәжілісте Аграрлық банк ашу туралы мәселе көтерілді. Бұл агросекторға қалай әсер етеді?
–Агросекторды қаржыландыру дегенде Қытай тәжірибесі төңірегінде көп ойланамын. ҚХР-дың дамуы мен жалпы ІЖӨ-нің көрсеткіші мен үшін феномен. Қазір АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды алпауыт елдердің экономикасы алқына бастады. Ал ҚХР -да экономиканың екінші тынысы ашылып жатыр. Неге? Өйткені ҚХР бір мәселені кешенді түрде шешіп отыр. Жиырма бес жыл ішінде ҚХР барлық мүмкіндігін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттады. Сол арқылы өзге салаларды дамытты. Қытайды дамыған елдердің қатарына қосқан осы фактор. Ал біз 25 жылда азық-түлік қауіпсіздігін де шеше алмадық.
–Бидай ше?
–Бидайдың бәсін асырып тұрған экспорт қана. Егер оны өз тыңайтқыштарымызбен құнарландырып, жоғары бағамен өткізсек, сөз басқа. Шаруалар бидайдан тапқан табысының тең жартысын шетелден тыңайтқыш сатып алуға жұмсайды.
– Ал өзге салалар ше?
– Біз дүниенің барлығын сырттан сатып аламыз. Өзбектен жеміс-жидек келмесе, дастарханымыз босап қалады. Қырғыз бен қытай киім тігіп бермесе, лыпасыз қаламыз. Осының алдын алу үшін өзгеріске ұмтылуымыз қажет. Бізде ауылшаруашылығына қатысты бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Солар дүркін-дүркін нақты нәтиже беріп жатса, қанеки?
– Әңгімеңізге рахмет
Гүлбаршын Сабаева