Ет экспортындағы екінші талпыныс

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3544

Елімізде ет экспортын дамытуға арналған жаңа бағдарлама қабылданады.  

Ет экспортындағы екінші талпыныс

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев баяндағандай, етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы 2018-2027 жылдарға арналған. Бағдарлама тұтас он жылды қамтиды. Негізгі басымдық ірі қара мен қой шаруашылықтарына берілетін болады.

"Басты артықшылығымыз – жайылым алқаптарының көптігі, суармалы жерлердің молдығы және мал шаруашылығымен айналысу ата-баба қанымен дарыған кәсіп екендігі. Бүгінде Қазақстан жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орынға ие. Елдегі жайылымдық жер көлемі 180 млн гектарды құрап отыр. Мал басын екі есе арттырсақ та, жайылым көлемі жеткілікті. 110 млн гектар жайылым жер асты және жер үсті су көздерімен қамтылған. Мәселен, соңғы бес жылда 6 млн гектар жайылымға су жеткізілді. Тағы 2 млн жерді суландыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ел халқының 50 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Демек, ауыл тұрғындарының дені аталған бағдарламаға қатыса алады деген сөз", – деді үкімет отырысында бағдарламаның тұжырымдамасын таныстырған Арман Евниев.

Вице-министрдің сөзінше, бағдарлама жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға жол ашады. Атап айтқанда, фермерлік шаруашылықтардың санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ауылдағы жұмыс орындарының санын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға болады.

"Бағдарлама аясында сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. Экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға жол ашылады. Бір жұмысшының еңбек өнімділігін 1 мың АҚШ долларынан 8 мың АҚШ долларына дейін өсіруге болады", – деді вице-министр.

Жаңа бағдарлама аясында мал тұқымын жақсартуға басымдық беріледі. Бұл ретте, фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыру тетігі де қарастырылған. Жайылымдарға су жеткізу үшін инфрақұрылым тарту шығындары әкімдіктер есебінен берілетін инвестициялық субсидиялар есебінен жабылады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы  мобильді вагон, мал қора, жылжымалы станок сатып алуға несие беріледі.

"Асыл тұқымды бұқалар бордақылау алаңдарымен тегін қамтамасыз етіледі. Аналық мал басын сатып алу үшін Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несие үлестірілмек. Бұдан бөлек, жемазық дайындау үшін қажетті техника лизингке беріледі немесе "ҚазАгро" арқылы қарызға ұсынылады. Бір ерекшелігі, бұл бағдарламада тікелей мал шаруашылығына берілетін субсидиялар алынып тасталған. Бағдарлама тек құдықтардың құнын субсидиялауды ғана қарастырады", – деп түсіндірді Арман Евниев.

Су жеткізу үшін жайылымдарды өзен жағасынан таңдау ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, еріген қар суын тиімді пайдалану қажеттілігі де айтылды.

Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру үшін халықаралық ұйымдардың қаржысын тарту көзделіп отыр. Осы орайда, Азия даму банкі аталған бағдарламаға қатысуға дайын екендігін мәлімдеді.

"Етті мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы Бүкіләлемдік даму банкі, Азия даму банкі және Бостон консалтинг групп сияқты халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен бірлесе отырып әзірленді. Сонымен қатар, олар өздерінің қаржысын қолдана отырып жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға ынталы. Қазіргі уақытта бағдарламаға Inalca Eurasia (Еуропа), Cedar Group (Аустралия), Глобал биф компаниялары қатысуға дайын екендігін білдірді", – деді вице-министр.

Арман Евниевтің айтуынша, бағдарлама аясында фермерлерге 76 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі берілмек. Фермерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізетін болады. Бұл орайда несиенің және лизингтің үстеме пайызын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілуде. Кредит беру рәсімдері оңтайландырылады.

"Бірыңғай салық режимі енгізілетін болады. Осы орайда, арнайы жұмыс тобы құрылды және тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге дайындық жұмыстары басталды. Мал басын арттыру бойынша тауарлы мал басын шетелден әкелу жұмыстары қолға алынады. Министрлік тарапынан етті мал шаруашылығын дамытудың нақты тапсырмаларымен және орындалу мерзімі айқындалған жол қартасы әзірленді", – деді Арман Евниев.

Еске сала кетейік, ел үкіметі 2010-2016 жылдары ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу туралы міндеттеме алған болатын. Алайда, бұл міндеттеме орындалған жоқ. Үкімет отырысында осыны еске алған премьер-минитср Бақытжан Сағынтаев бұл жолы мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек екендігін қадап айтты.

Атап өтерлігі, бүгінде мемлекет басшысының тікелей араласуымен Қытайға жылқы еті мен қой етін жеткізуге қойылған барлық кедергі жойылған болатын. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан ірі қара мен ұсақ мал етін кіргізуге қойылған кедергілер де алынып тасталды. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жыл соңына дейін Қытайға ірі қара мал етін экспорттау мәселесі реттелмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу