Франция Арменияға қару жеткізбек. Пашинян Әзірбайжан мен Түркияның ұстанымына қарсы

2478

Әзірбайжан өзге елдердің аумағына қатысты талабы жоқ екенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Франция Арменияға қару жеткізбек. Пашинян Әзірбайжан мен Түркияның ұстанымына қарсы Фото: jam-news.net

Дегенмен, биылғы 19 қыркүйектегі бір күндік соғыс барысында Әзірбайжан бүкіл Қарабақ өңірін және отыз жылдан бері оккупацияланған өзге де аумақтарын толық қайтарып алғанымен, өзге мәселелер туындапты.

Біріншіден, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Еуропарламент мінберінен сөз сөйлеп, Әзірбайжан мен Түркия Арменияны оқшаулаған блокадасын алып тастамағанына, жалғастырғанына шағымданды.

Баку бұл айыпты жоққа шығарды. Оның ұстанымынша, "әскери агрессиясы мен аумақтық талаптарынан бас тартпаған Армения өңірлік жобалардан өзін өзі оқшаулап отыр".

Мұнда бір гәп бар. Блокада жойылып, Армения Әзірбайжан мен Түркияның теңіздері арқылы әлеммен ықпалдасуы үшін Нахчыван мәселесі шешілуге тиіс. 100 мыңдай адам, негізінен әзірбайжандар тұратын Нахчыван Автономды Республикасы Әзірбайжан құрамына кіреді. Бірақ Нахчыван мен Әзірбайжанды Армения жері бөліп тұр.

"Әзірбайжаннан Нахчыванға және кері бағытта азаматтардың, көліктердің және жүктердің кедергісіз қозғалысын ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті өзіне жүктелгенін Армения жақсы біледі. Сондай-ақ Әзірбайжанды өз аумағы арқылы Нахчыван Автономды Республикасымен қосатын жаңа жолдарды, теміржолдарды салуға да Армения міндетті. Өкінішке қарай, оны қамтамасыз ете алмаса, өзіндік оқшауланудан шығу мүмкіндігін де жіберіп алады", – делінге Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Олардың түсіндіруінше, Армения Әзірбайжанды Нахчыванмен қосқысы келмегендіктен, Баку Иранмен келісімге келді. Оған сәйкес, Иран өз аумағы арқылы Әзірбайжанды Нахчыван эксклавымен байланыстыратын автомобиль жолын және теміржол құрылысын жүргізеді.

Яғни, бұл баламалы жол іске қосылған соң, Ереван Бейбіт келісім жобасына қатысты Бакумен арадағы келіссөздердегі басты бір "көзірінен" айрылып қалуы мүмкін.  

Carnegie Politika байламынша, бұдан бұрын Әзірбайжан мен Арменияны бітімге келтірудің, яғни "Бейбіт келісімнің" ресейлік, батыстық қаптаған жобасы болды.

"Бүгінде олардың бәрі жайына қалды, тек бір ғана әзірбайжандық жоба талқылануда. Сондықтан оған Мәскеуде, Брюссельде немесе әлемнің басқа қандай жерінде қол қойылатыны енді маңызды емес. Отыз жылдан астам уақытқа созылған Қарабақ мәселесін қару күшімен лезде шеше алған Әзірбайжан Армениямен арасындағы барлық саланы жаппай қамтитын бейбіт келісімге қол қою жолындағы бүкіл кедергіні де құлатқандай көрінген. Өйткені Таулы Қарабақта жанжалды ушықтыратын заңсыз армян қарулы топтары қалмаған екен, бітімге тежеу болған саяси фактор жойылған екен, онда бұдан былай дауласатын тақырып та қалмады емес пе? Алайда шынында, Қарабақ – екі ел арасындағы шиеленісті мәселелердің тек бір саласы ғана. Қарабақтың азат етілуі аумақтық мәселелерді да толық шешкен жоқ", – деген тұжырымға келді Carnegie Politika орталығы.

Орталық сарапшыларының пікірінше, Бейбіт келісімнің басты шарттарын Ресей де, Батыс та емес, Баку ғана айқындайды. Қаласа, қол қояды, көңілі толмаса, қалағанынша созады. Тиісінше, Арменияның экономикалық блокадасы жалғасады. Одан арылуға мүдделі болуға тиіс Ереван да қиқарланып, қиғылық сала бастады. Мысалы, Баку антитеррористік операциясын доғарған соң, 21 қыркүйекте Армения басшысы Никол Пашинян Қарабақта қалған армяндарға еш қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеп еді. Артынша ол өлкедегі "этникалық тазалау" туралы әніне қайта басты.

Ағымдағы қазан айында Әзірбайжан мен Армения лидерлері жеке кездесіп, Бейбіт келісім жобасын талқылаудың кем дегенде екі мүмкіндігін жіберіп алды. Дипломаттар бұл үшін қажеттінің бәрі дайын екенін хабарлаған болатын.

Оның біріншісі – 5 қазанда Испанияның Гранадасында өткен Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті болды. Дәл сонда Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев 19-20 қыркүйектегі бір күндік соғыстан кейін алғаш рет кездеседі деп күтілді.

Оның үстіне соғыстан бұрын, дәл осы ұйымның алдыңғы саммиттерінде Әлиев пен Пашинян екі рет кездескен еді. Екеуінде де жүздесуге Франция Президенті Эммануэль Макрон мен Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель араағайын болды.

Бірақ Әлиев бұл жолғы саммитке бармай қалды. Себебі, бір жақты түрде Франциядағы қалың армян диаспорасының жетегінде кетіп, соның сойылын соққан Макрон Бакуде бар беделінен айрылды. Бұл аз болғандай, Франция НАТО-ға қарсы ҰҚШҰ әскери одағының мүшесі екеніне қарамастан, Арменияға натолық озық қару-жарақты жеткізе бастайтынын мәлімдеді.

Осыған ризашылығы ретінде Испаниядағы еуропалық саммитке Пашинян барып, Әзірбайжанның территориялық тұтастығын, яғни Қарабақты соның жері деп мойындайтынын бекіткен декларацияға қол қойды.

Ұқсас құжатқа Әлиевтің көзінше армян көшбасшысы былтыр Прагада да қолтаңбасын қалдырған. Бұл жолғы мәтінге Әзірбайжан аумағының ауданы туралы мәлімет қосылып отыр. Ол енді 86,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Яғни, онда тек Қарабақ өңірі ғана емес, сонымен қатар кеңес кезінен бері қалыптасқан әзірбайжандық 8 анклавтар да ескерілген. Олардың ауданын есептеу үшін еуропалық араағайындар КСРО Бас штабының кейінгі карталарын басшылыққа алды. 

Бірнеше күн өткенде, 13 қазанда қырғыз астанасы Бішкекте ТМД саммиті басталып, Ильхам Әлиев соған аттанды. Алайда Мәскеуден іргесін аулақ сала бастаған Арменияның басшысы ол басқосуға бармай қалды. Кремль дәл сол Бішкек саммитінде екі елді Бейбіт келісімге қол қоюға иліктіре алмасын түсінді. Бірақ ресейлік сарапшылар арқылы Баку мен Ереванды татуластыратын әлдебір символдық мәні бар құжат бекітілуі мүмкін екенін меңзеген болатын.

ТМД саммитіне соның мүшесі саналатын Армения Премьерінің келмеуі, онымен қоймай, мазақтағандай, ірі саммитке сыртқы істер министрінің орынбасарын жібере салуы Мәскеуге соққы болды. Геосаясатқа жүйрік, тісқаққан саясаткер Әлиев Мәскеу мен Ереван арасындағы араздықты ушықтырып, отқа май құя түсті. Ол Арменияның бұл ісін оның бейбітшілікті қаламайтынының көрінісі деп бағалады.     

Ресейлік саяси шолушы Кирилл Кривошеев Таулы Қарабақтың азат етілуі Әзірбайжанның да, Арменияның да лидерлеріне азаттық әпергенін айтады.

"Осының арқасында екі елдің басшысы қандай саммиттерге қатысып, кіммен кездесетінін таңдау еркіндігіне ие болды. Бұрын олар Мәскеуге жақпай қалудан қорқып, Кремльдің шақыруларынан бас тарта алмайтын. Қарабақтан армяндардың бәрі дерлік кетісімен, болашақ Бейбіт келісімнің мәтінінде де интрига қалмады. Бұрын ресейлік және батыстық делдалдардың Карабах пен оның тұрғындарының статусына қатысты тәсілдері мен ұстанымдарында бір-біріне қайшы пунктер болатын. Бүгінде даудың бұл нысаны өздігінен жойылды. Қарабақ – Әзірбайжан құрамында, ал оның тұрғындары – әзірбайжандар саналады. Армения Қарабақта шамамен 40 армян ғана қалды дейді. Баку өз құжаттарын алуға жүз шамалы армян өтініш бергенін айтады", – деді сарапшы.

Оның пікірінше, Баку көршісімен Бейбіт келісімге қол қою салтанатын "имидждік призге" айналдырды. Ол осы сыйлықпен кімді – Ресейді, әлде Батысты жарылқайтыны, олардың қайсысын лайықты деп санайтыны жөнінде асықпай ойласады. Кавказдағы орны мен рөлін күшейту үшін осы тарихи оқиғаны өзінде өткізуге екі тарап та – іңкәр.

Екі апта бұрын Еуроодақ басшысы Шарль Мишель қазан айы аяқталғанша, Әлиев пен Пашинян Брюссельде кездесуі мүмкін екенін жариялаған еді. Қазан айы түгесілуге таяды. Жүздесуден хабар жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу