Ғарыштан ақша жауатын күн алыс емес

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
5834

Қазақстанның ғарыштық жобалары табыс әкеле бастады, бірақ әлі де қаражат салуды талап етеді.

Ғарыштан ақша жауатын күн алыс емес

Қазақстанның ғарыш саласындағы жобалары табыс әкеле бастады. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов атап өткендей, бүгінде мемлекеттік бюджеттің айтарлықтай үнемделгені, тіпті коммерциялық табыс тапқанымыз да  байқалады.

Осылайша,  екі жерсеріктен тұратын (KazSat-2 және KazSat-3) KazSat жүйесі шетелдік жерсеріктік ресурстарды пайдалануды қысқарту есебінен 27 млрд теңге мөлшерінде импорттың орнын ауыстырып, 14,7 млрд теңге табыс әкеліпті.

"Бізде KazSat жерсерігі болмағанда, шетелдік жерсеріктердің қызметі үшін жылына 45 млн доллар төлейтін едік", – деп баса айтты Бейбіт Атамқұлов мәжілісте өткен үкімет сағатында. 

Ал соңғы бес жылда ұлттық ғарыш операторының ішкі нарықтағы үлесі  12%-дан 99%-ға дейін артты.

Дегенмен бұл жүйе әлі де шығынды талап етеді және ол аз болайын деп тұрған жоқ. 2023 жылға қарай KazSat–2 байланыс жерсерігін жоспарлы түрде ауыстыру үшін KazSat-2R жерсерігін жасау жоспарлануда, кейінірек KazSat-3 жерсерігін алмастыру үшін KazSat-3R-ді жасап шығарылады. Алдын-ала мәліметке сүйенсек, жерсеріктерді жоспар бойынша ауыстыру жобасының құны 60 млрд теңгені құрайды, оның 53 млрд теңгесі бюджеттен бөлінуге тиіс.

Министрліктің есебіне сүйенсек, жерді қашықтықтан зондтау жүйесі (ЖҚЗ) де  айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Бейбіт мырзаның айтуынша, жалпы осы жүйені пайдалану кезінде ЖҚЗ мәліметтерін сатудан түскен табыс Қазақстанда 760 млн теңгені, шетелде 143 млн теңгені құрады.

Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік органдары ғарыш түсірілімдерін тегін алып жүр, тек 2016 жылдың басынан бастап қана оларға құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 22,3 млн шаршы километр аумақтың түсірілімі берілді.

"Егер шетелдік операторлардың тарифтері бойынша есептесек, бұл ғарыш түсірілімдері 23 млрд теңгеден артық тұратын еді", – деп баса айтты министр. Алайда бұл саланы әлі де жетілдіру керек.

"Ғарыш түсірілімдерінің өзі мемлекеттік органдардың салалық міндеттерін орындамайды, оларға шифрдің оқылғаны керек. Саланың жетілдіретін тұстарының бірі де осы. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың түсірілімдерді пайдалану тәжірибесі көрсеткендей, кадрлық, техникалық және қаржылық ресурстардың жоқтығынан олар ЖҚЗ мәліметтерін өз саласына байланысты өңдеуде қиналады. Осы міндеттерді шешу үшін салалық геопорталдар мен жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі ұлттық операторының жанынан ғарыштық бақылау және қадағалау қосалқы жүйесін құру тиімді болар еді", – деп түсіндірді Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен бірге оларды құрып, қызметін қаржыландыру үшін үнемдеуді қоса алғанда шамамен 3 млрд теңге қажет екенін айтты.

Жаңа жобалар да енгізіліп жатыр. Мысалға, 2018 жылы жол-көлік оқиғасы не өзге төтенше жағдай туралы жедел қызметтерді ақпараттандыру уақытын қысқарту үшін апат және зілзала кезінде көмек шақыру жүйесі құрылмақ.

"Осы жүйенің арқасында зардап шегушілерге барынша жылдам көмек көрсетіледі. Бұл жолдағы өлім-жітім санын айтарлықтай қысқартуға жол ашады. Жоба бойынша жүйе мәліметтерін өңдейтін орталықтарға арналған бағдарлама жасалды. Барлық 14 облыстың ТЖ департаментінде және Астана мен Алматы қалаларында жүйе операторларының автоматтандырылған жұмыс орындары құрылды. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүйе сынақ тәртібінде жұмыс істеп келеді", – деді министр.

Сондай-ақ құрылысы 2018 жылы аяқталатын Астанадағы ғарыш аппараттарын жинау-сынақтан өткізу кешеніне (ҒАЖСК) де үлкен коммерциялық үміт артылып отыр.

"Бұл тек ғарыш саласының ғана емес, машина жасау, электрондық өнеркәсіп және 3D-принтинг салаларының басын біріктіретін бірегей өндіріс болуы мүмкін, – деді Бейбіт Атамқұлов. – Биыл біз жинау-сынақтан өткізу кешенінің негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрал-жабдықтарды іске қосу жұмысы 2018 жылға жоспарланған, осыдан соң шетелден тапсырыс алу мақсатында оларды халықаралық стандарттар бойынша сертификаттауды бастаймыз. Ал арнайы технологиялық құрастыру бюросы кешенінің бір бөлігі биыл іске қосылады. Қазіргі кезде 3D-принтингтің өндірістік аумақтары, экрандық-вакуумдық жылу өткізбейтін құрылғылардың өндірісі жұмыс істеп тұр. ҒАЖСК-де жобалаудан бастап жинауға дейін және салмағы 100 келіден 6 тоннаға дейін баратын жерсеріктерді сынақтан өткізу, сондай-ақ жерсеріктердің қосалқы бөлшектерін жасау сияқты жұмыстың барлық циклі орындалады. Қазіргі кезде министрлік  ҒАЖСК-ні тапсырыспен қамтамасыз етуде қызу жұмыс істеп жатыр, еуропалық және шетел серіктестерімен келіссөз жүргізілуде".

"Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру мәселесі де оң шешімін тапты. Еске сала кетсек, ол жоба бойынша жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыштық зымыран кешенін салу көзделген еді. Қазір, министрдің айтуынша, "қолданыстағы "Зенит" ғарыштық зымыран кешенінің және болашағы бар Ресейдің орташа санаттағы зымырантасығыш нысандарын пайдалануға негізделген нұсқа іске асырылуда".

"Келісімге сәйкес, Ресей тарапы жаңа зымыран жасауға, ал Қазақстан жағы жер үсті кешен құруға жауап береді. Осы мақсатта 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Зенит" ғарыштық зымыран кешенінің нысандарын жалдан алып, Қазақстан тарапына тапсыру көзделген. Осыған орай бізге осы нысандарды пайдалануға жұмсалатын қаржы мәселесін шешу керек", – деп түсіндірді ол.

"Бәйтерек"  жаңа ғарыштық-зымыран кешенінен алғашқы зымыран 2025 жылы ұшырылады деп күтілуде, экологияға зиянды деп саналатын гептил пайдаланатын "Протон М" зымырантасығышын пайдалануға беру да сол уақытқа жоспарланған.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу