Ғылыми ұйымдардың экономикадағы үлесі бәсеңдеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6025

Былтыр ғылыми ұйымдар 199  млрд теңге таза табыс тапты.

Ғылыми ұйымдардың экономикадағы үлесі бәсеңдеді

Ғылыми-техникалық және кәсіптік кәсіпорындар қызметі 2016 жылы қайта қарқын ала бастады. Алайда  қаржылық мәліметтерге сүйенер болсақ, табыстың артуына кәсіпорындардың  шығындарын түбегейлі оңтайландыруы себеп болған.

Саланың басты драйвері ретінде шағын кәсіпорындар алға шыққан. Олардың таза табысы былтыр 120 млрд теңгені құраған. Ал орта және ірі кәсіпорындардың табысы 79 млрд теңгеге теңескен. Естеріңізге сала кетейік, алдыңғы жылы осы саладағы ірі кәсіпорындар 844 млрд теңге шығын көрген болатын.

Нақтырақ айтар болсақ, 2016 жылы ғылыми-техникалық қызмет саласының кірісі 14%-ға қысқарып, 3,2 трлн теңгені құрады. Соның ішінде орта және ірі кәсіпорындар кірісі 22 %-ға, шағын кәсіпорындар кірісі 1%-ға азайды.

Кәсіпорындардың шығындарының жойылып, пайдаға кенеле бастауы жаппай оңтайландыру жұмыстарының арқасында мүмкін болған. Әсіресе ірі және орта ғылыми-техникалық кәсіпорындарда түбегейлі оңтайландыру жұмыстары жүргізілген.

2016 жылы ірі және орта кәсіпорындардағы бюджеттік шығыстық бөлігі екі есеге азайып, 3,2 трлн теңгеден 1,8 трлн теңгеге төмендеген. Шағын кәсіпорындар шығыстарын 5%-ға қысқартып, 1,3 трлн теңгеге түсірген.

Шығыстарды оңтайландыру – көрсетілген қызметтердің азаюына қарсы қолға алынған шара. Ғылыми және техникалық ұйымдар қызметінің ел экономикасына қосқан үлесі 2016 жылы 0,5 %-ға артты. 2015 жылы көрсетілген қызметтің физикалық көлемінің өсу көрсеткіші 4,7 % болған еді.

Кірістер құрылымында негізгі тауар мен қызметтерден түсетін көрсеткіш көп азайған. Бір жылда бұл көрсеткіш 21 %-ға  қысқарып, 539 млрд теңгеге азайды. Соның ішінде ірі кәсіпорындардың сату көрсеткіші 439 млрд теңгеге, шағын кәсіпорындардікі 100 млрд теңгеге төмендеді. 

Қаржылық қызметтер бойынша кіріс көлемі де қысқарған. Былтыр банкілік салымдар бойынша түскен қаржы 149,5 млрд теңге болды. Бұл 2015 жылғыдан 34 %-ға аз.

Саланың табысын "өзге кірістер" еселеп тұр. Мәселен акционерлер көмегі арқылы қосымша қаржы құю көбейген. Бір жылда осылай қаржы алу деңгейі 146 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылғыдан 19%-ға  артық. Соның ішінде ірі және орта кәсіпорындағы көрсеткіш 91 млрд теңге болса, шағын компанияларға 56 млрд теңге.

Айта кетейік, үшінші жаңғыру бағдарламасында елдің ғылыми әлеуетін арттыруға, инновация мен ғылыми жұмыстарды тәжірибеге енгізуге басымдық берілген. Осы орайда Үкімет ЭКСПО-2017 базасында IT стартаптарының алаңын ашпақ. Оған отандық және шетелдік инвесторлардың қаржысын тарту қарастырылған. Осы мақсатта технопаркте салық жеңілдіктері мен визалық және еңбек режимі оңайлатылады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу