Халық жаңа биліктен жаңалық күтіп отыр – Рысбек Сәрсенбай

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2185

Митингіге рұқсат бермеудің соңы экстремизм мен терроризмге алып келеді.

Халық жаңа биліктен жаңалық күтіп отыр – Рысбек Сәрсенбай

Журналист, "Экстремизм мен терроризмнің алдын алу тұрғысындағы бейбіт жиналыстар бостандығы құқығы" жобасының өкілі Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, митингіге рұқсат бермеудің соңы экстремизм мен терроризмге алып келеді.

"Бұл мәселе Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды. Өйткені қазір жылымық кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Билік жүйесінің жоғары басшылығындағы ауыс-түйістерден кейін ел үшін екі таңдау тұр. Бірі – қазіргі авторитарлық-тоталитарлық жүйені сақтап қалу және сол жолмен жүру. Екіншісі – авторитарлық-тоталитарлық жүйеден бірте-бірте бас тартып, демократиялық-құқықтық мемлекет құруға шындап кірісу. Шынын айтсақ, біз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай жолды таңдайтынын білмейміз. Бәлкім, ол бұл туралы алдағы Жолдауында баяндайтын шығар. Бірақ Қазақстан халқы елдің жаңа билігінен жаңалық күтіп отырғаны жасырын емес", – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы баспасөз мәслихатына қатысқан Рысбек Сәрсенбай.

Оның пікірінше, ескі әдеттерден арылу керек. Дәлірек айтқанда, халыққа қысым көрсетудің, қудалаудың күні әлдеқашан өткен. Халық оның зардабын 1937 жылы тартып болған. Ол енді қайталанбауға тиіс.

"Сондықтан біз жаңа бағытқа бет бұруымыз керек. Үмітіміз зор. Бірақ, үмітімізге күдік тудыратын жағдайлар көп. Мәселен, соңғы өткен митингілерді алыңыз. Немерелері ата-әжелерін сирақтарынан сүйреп, арнайы көліктерге бүктеп тықты. Немерелер деп отырғаным қазіргі полиция қызметкерлері. Осылайша, шеруге, жиынға, митингіге немесе пикетке шыққан адамдарға қысымшылық жасалуда. Мұндай қадамға барудың қандай қажеттілігі бар? Бұл кімге қажет? Бір анығы, осының бәрі қоғамдағы наразылықты одан әрі қоздыру үшін керек. Адам құқығын қорғау Конституцияда жазылған. Демек, бұл – соның бәрін аяққа таптау.  Мемлекетті сыйлауға емес, қайта жек көруге әрекеттену", – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Оның айтуынша, Қазақстан билігі митингіден өлердей қорқады.

"Бұл дұрыс емес. Өркениетті елдерде кез келген адам көшеге шығып наразылығын немесе қолдайтындығын білдіре алады. Талабын діттеген жерге жеткізе алады. Посткеңестік елдерде митингіге деген теріс ұстаным бар. Біз осы түсінікті, осы саясатты өзгертуіміз керек. Онсыз ілгері басу, демократия болмайды. Ашынған адамдар елдің сөзін айта алмаса, талабын жеткізе алмаса, басқа әрекетке барады. Экстремизм мен терроризм содан шығады", – деді ол.

Белгілі болғандай, "Экстремизм мен терроризмнің алдын алу тұрғысындағы бейбіт жиналыстар бостандығы құқығы" жобасына Норвегия Хельсинки комитеті мен Норвегия үкіметі қолдау көрсеткен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу