Ауылда демократия басталды

1687

Жалпы, Қазақстанда сөз бен жиналу бостандығы орнауы үшін ел Президентінің берік ерік-жігері болса жетеді екен. 

Ауылда демократия басталды

Ары қарай әкімдер ел басшылығының тапсырмасын орындауда ерекше белсенділік танытпақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі өзінің тұңғыш жолдауында Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін айтуға құқығын пайдалана алуы үшін митингтер туралы заңнаманы жетілдіруді жүктеді.

Мемлекет басшысы егер бейбіт наразылық акциялары заң шеңберінен шықпайтын болса, азаматтарымыздың тыныштығын бұзбаса, бұған түсіністікпен қарауды, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлуді тапсырды, әрі ол орындар қала шетінде болмауы тиістігін баса айтты.

Әзірге осыны қарастыратын тиісті заң жобасын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де қарап үлгерген жоқ.

Алайда Президент қойған міндетті орындауға ауыл-аймақ кірісіп те кетіпті. Алғашқы болып, Шығыс Қазақстан облысы ерекшеленді. Атап айтқанда, Үржар аудандық мәслихаты өз шешімінің жобасын жариялады.

Оған сәйкес, наразылық акцияларына орталықтан орын бөлінбек: митингiлер және жиналыстар өткізілетін орын ретінде "Абылайхан даңғылы, 128" мекенжайында орналасқан Үржар аудандық мәдениет үйінің жанындағы "Тәуелсіздік" алаңы мен "Болашақ" саябағы беріледі.

"Шерулер мен демонстрациялар мына бағдар бойынша өтеді: Үржар селосы Қ.Игенбаев көшесі – Абылайхан даңғылы – Абай көшесінің қилыстарынан Абылайхан даңғылы бойымен аудандық Мәдениет үйінің орталық кіре берісіне дейін", – делінген құжатта.

Облыс басшылығы мақұлдаған "Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібі" жобасында аудан тұрғындарына шеру кезінде тіпті айқайлауға да рұқсат етіледі. Әйтпесе, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дауыстамақ түгіл, плакат көтергендерді арнайы жасақ жігіттері алып кететіні мәлім.

"Пикет өткізу кезінде біріншіден, пикет өткізу нысанының жанында тұруға не отыруға; екіншіден, көрнекі үгіт құралдарын пайдалануға; үшіншіден, қысқа ұрандар айтуға, пикеттің тақырыбы бойынша ұрандар айқайлауға рұқсат етіледі", – деп жазылған жаңа тәртіп құжатында.

Әрине, қарсылық акцияларын өткізушілер тәртіп пен ойын ережелерін сақтауы шарт. Мәселен, жиналыстарды, митингiлерде, шерулердi, пикеттердi, демонстрацияларды өткiзу кезiнде уәкiлдер мен ұйымдастырушылар, сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртiптi сақтауы тиіс.

Бұдан бөлек, митингішілердің көлiктiң және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауына; елдiмекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнiң үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруiне; ауданның жергiлiктi атқарушы органдарының келісуінсіз киiз үйлер тігуіне, шатыр-палатқалар қоюына, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына тыйым салынады.

Сондай-ақ жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтiруге болмайды.

Әрине, суық қарумен, атыс және өзге де қару түрлерімен қаруланып шығуға жол берілмейді.

Әкімдік тек нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк араздықты, дiни төзiмсiздiктi, тектiк астамшылықты қоздыруды, Қазақстанның конституциялық құрылысын күш қолданып құлатуды, аумақтық тұтастығына қол сұғуды көздейтін шеру-митингiлерге және пикеттерге рұқсат етпейтін болады.

Демек, "қытай басқыншылығына қарсы" деп келетін наразылық акцияларына "нәсілдік" сипаты бар деп, ары қарай да шектеу қойылатынға ұқсайды.

Бұл құжат ауыл-ауданнан басталғанымен, егер қоғам құптаса, алдымен облысқа, кейін бүкіл мемлекеттік деңгейге үлгі болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу