Алматылықтар қала билігінің жаңа шешіміне қарсы шықты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3122

Алматылықтар қала билігінің жаңа шешіміне қарсы шықты

Алматылық депутаттар Президенттің тапсырмасына пысқырмайтын болса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана жариялаған тұңғыш жолдауында бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, оларға арналған орындар лайықты әрі қаланың шетінде болмауы тиістігін қадап айтқан.

Алайда қалалық мәслихаттың "Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" шешімінің жобасы қоғамның қарсылығын тудырды. Құжат аты айтып тұрғандай, жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу үшін ұсынылатын орындарды бекітеді.

Оған сәйкес, тек Алматы қаласының әкімдігі рұқсат еткен наразылық акцияларын өткізуге ғана жол беріледі, басқасы мәжбүрлі түрде таратылмақ. Ал рұқсат алу үшін қарсылық шарасының өткізілетіні туралы әкімдікке 10 күн бұрын өтініш беруге тура келеді. Тиісінше, биліктің қандай да бір кереғар, елді мазалаған шешімі шықса, ертесіне жұртшылық алаңға жинала алмайды.

Айта кету керек, қазір осыған ұқсас құжаттар өзге де өңірлерде қабылдануда. Бірақ алматылық нұсқа ерекшеленеді. Мәселен, онда наразылық акциясы кезінде "транспаранттарды, ұрандарды, басқа да материалдарды (визуалдық, аудио-бейне) қолдануға, сондай-ақ көпшілік алдында қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға, жәбірлейтін сөздерге жол берілмейді" деп нақты көрсетілген. Демек, тіпті жергілікті шенеуніктер өздерін жәбірлейтін сөз айтылды деп есептесе, митингті заңсыз деп тануы ғажап емес. Алматылық жаңа ережелер жобасы тіпті жаңаөзендіктен де қатал көрінеді.

"Бас тарту туралы шешім шығарылса, өткізу тәртібі бұзылса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін, қоғамдық тәртіп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар Алматы қаласы әкімдігі өкiлiнiң талап етуi бойынша сөзсiз тоқтатылуға тиiс", – делінген мәслихат шешімі жобасында.

Дегенмен көп қарсылық тудырған талап бұл емес. Билік Алматыда жалғыз және топ болып, қарсылық білдіруге рұқсат етілетін орын ретінде 2 орынды – 4-ші шағын аудандағы "Сары-Арқа" кинотеатры артындағы саябақты, сонымен қатар Жароков және Қожанов көшелерінің қиылысындағы "Южный" саябағын ұсынып отыр. Бұған жұртшылық қарсы.

"Мен "Южный" саябағында қандай да бір шеру-митингтер өткізуге қарсымын. Республика алаңы және ескі алаң бар ғой, сонда өткізсін. Әкімдік те жақын, бәлкім, онда көтерілген мәселелер шенеуніктер құлағына жетер", – дейді алматылық Кирилл Мулагулов.

Оның үстіне полицейлермен қақтығыс туа қалса, ашулы адамдар ағаштар бұтақтарын сындырып, көшеттерді қопарып, қару ретінде пайдалануы мүмкін деп алаңдайды азаматтар.   

Қала тұрғыны Ильяс Бақыровтың пікірі де осы арнада тоғысады.

"Негізі, "Южный" саябағы жасыл аймақ болып табылады, ол жерге молынан өсімдіктер, ағаштар егілген. Ал бұл паркте шеру-митингілер өткізуге рұқсат етсе, қаптаған адамдар, техника, қоғамдық тәртіпті сақтаушы құрылымдардың арнайы техникасы және басқасы өсімдік атаулыны таптап, тып-типыл етеді. Айнала қоқысқа толып, ластанып, көшеттер оталады. Әйтпесе, бұған дейін осы паркте тіпті иттерді серуендетуге де тыйым салынған болатын. Енді келіп, онда қарсылық акцияларын өткізуді ұсынады. Кез келген қарсылық артына қоқыс қалдырады. Шамдар шағылады, инфрақұрылым бұзылады. Парктің басты мақсаты – тынығу мен тыныштық қой, одан түк қалмайды. Онда жазда балалар атракциондары пайда болса, олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді. Айналадағы шағын аудандар тұрғындары да шерулер мен айқау-шудан зәрезап болады. Мен ол ауданда тұрмасам да, қаладағы парктерде шеру өткізуге үзілді-кесілді қарсымын! Дамыған елдерде антиглобалистер, басқаларының кеңауқымды шерулері ашық алаңдарда, асфальтталған жерлерде өтеді ғой. Саябақтар мен скверлерге шенеуніктер қол сұқпасын", – дейді ол.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде бейбіт жиындар өткізуге арналған орындар қаланың екі шетінде емес, барлық ауданында болуға тиіс деген ұсыныс айтылуда.

Экологиялық жобалар жетекшісі, белгілі қала белсендісі Светлана Спатарь да Жароков көшесіндегі саябақты бұл тізімнен алып тастауды сұрағанын жеткізді.

"Жиын-митингілерге және басқа да бұқаралық іс-шараларға арналған үлкен, ашық алаң керек. Ал "Южный" саябағында үлкен көлемдегі көпшілік сиятын орын жоқ. Бұлай сығылысып, опыр-топыр болу бұқаралық іс-шара қатысушылары үшін қауіпті. Ол парк шағын, аудандық деңгейдегі демалыс орны саналады. Онда балалар, зейнеткерлер көп тынығады. Бұл сондағы шағын аудандар үшін серуендейтін жалғыз жасыл желекті орын. Одан айырылса, не болады? Наразы адамдар саны өседі ғой. Демек, әкімдік митингілер үшін басқа орынды ұсынуы керек деп санаймын. Сонымен қатар, жиындарға арналған орын қаланың әр ауданында болуы қажет", – дейді активист.

Алматылық кәсіпкер Артем Оразымбетов бейбіт жиындар өткізілетін орын ретінде "Атакентті", әкімдік жанындағы паркті, ҚБТУ маңындағы паркті ұсынады. Өйткені оларда лайықты үлкен алаңдар бар.

Қала әкімдігі санкция берілген наразылық акцияларын өткізу үшін басқа да жаңа орындарды қарастырып жатқаны хабарланды.

Айта кету керек, бұған дейін ірі мегаполисте тек бір ғана митинг орны болатын.

"Мен мәслихатқа жүгініп, "Сарыарқа" кинотеатры артындағы скверден басқа, азаматтардың бейбіт шерулерін өткізу үшін тағы бір орынды бөлуді сұраймын", – деді жақында, 29 тамызда Конституция күніне арналған шарада Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Оның жаңа орны жұртшылыққа жақпай қалды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу