Қазақстан ереуілшілерді қатал жазалаудан бас тартады

3365

Халықаралық ұйым қысымымен Қазақстанда арандатушылар жазасы күрт азайтылмақ. 

Қазақстан ереуілшілерді қатал жазалаудан бас тартады

Қолданыстағы заң талабы бойынша егер билік сот арқылы ереуіл өткізуге тыйым салуға қол жеткізсе, алайда жұмысшылардың не қоғам белсенділерінің бірі еңбеккерлер құқығын қорғау үшін наразылық акциясын өткізуге шақырса, ол тұлға кісі өлтіргендер сияқты темір торға қамалуы мүмкін. Өйткені кейінгі жылдардағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру салдарынан, қазір мемлекетіміз тіпті адам зорлаушыны да, жемқорларды да түрмеге отырғыза бермейді, айыппұлмен босата салуы мүмкін. Абақтыда тек аса қауіпті қылмыскерлер ұсталады.  

Бірақ "ереуілді тоқтатпайық, ары қарай талап қоюымызды жалғастыралық" деген бір сөзі үшін азамат сотталып кетуі ықтимал.

Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің "Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер" деп аталатын 402-бабының 1-бөлігі осыны қарастырады.

Онда қандай да бір қазақстандық "заңсыз" деп танылған ереуілге қатысуды жалғастыруға топ алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын,не телекоммуникациялар желілерін (мысалы, уатсаппты) пайдалана отырып шақырса, бір жылға бас бостандығынан айырылады.

Әрине, заңнамада баламалы жаза түрлері де қарастырылған. Бірақ олар да қатаң. Мысалы, 1 мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (2019 жылы бұл 2 млн 525 мың теңгеге тең) айыппұл салады. 400 сағатқа дейін мерзімге тегін қоғамдық жұмыс жасауға мәжбүрлейді, не бір жылға дейін бас бостандығын шектейді.

Заңның бұл талаптары 2014 жылы енгізілген еді. Содан бері Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) бұл жазаның аса ауыр әрі әділетсіз екенін ескертіп келеді. Себебі адам жай ғана ереуілді жалғастыруға үндеуі үшін ұзақ мерзімге ауыр қылмыскерлердің ортасына тоғытылмауы керек.

ХЕҰ-ның осы тұрғыда қылмыстық заңнаманы гуманизациялау туралы ескертпелеріне қазақстандық билік енді ғана құлақ аса бастағанға ұқсайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың түсіндіруінше, алда Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, атышулы 402-баптың бірінші бөлігі "қылмыстық құқық бұзушылық" санатынан "қылмыстық теріс қылыққа" ауыстырылады. Тиісті заң жобасы әзір.

Сәйкесінше, осы бабтың екінші бөлігіндегі санкциялар "орташадан" "жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық" санатына өтеді.

Бұл түсінікті тілде нені білдіреді? Торға қамау жазасы қалады, әйткенмен, мерзімі жеті еседей азайтылады.

402-баптың 1-бөлігінің ұсынылып отырған жаңа нұсқасында "Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға жария түрде немесе БАҚ немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған шақыру, сол сияқты жұмыскерлерді осы мақсатта параға сатып алу – 200 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салумен, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады" делінген. Ендеше арандатушы бір жылға емес, бір жарым айдай уақытқа ғана қоғамнан аластатылады.

Жасыратыны жоқ, ереуілдің де ереуілі бар, оның бірінің соңы тұтас қаладағы жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуі де мүмкін. Оған негіз болған арандатушыларды мемлекет мүсіркеп қоя салмайды.

Қылмыстық кодекске сәйкес, егер әлдебір адамның ереуілге үндеуі ақыр соңында азаматтарға, компанияларға, қоғамға, мемлекетке елеулі зиян келтіруге не жаппай тәртіпсіздікке әкеп соқса, онда ол тұлғаға 3 мың АЕК (7,5 млн теңгеден астам) айыппұл салынады, немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Билік қазіргі аумалы-төкпелі заманның беталысын бағамдай отырып, бұл жазаны елеулі түрде жеңілдетуге бармайды. Тек айыппұл көлемін 2 мың АЕК-ке (5 млн теңгеден астам), ал түрмеге қамау мерзімін екі жылға дейін кемітуге ниетті.

Атап өтер жайт, ХЕҰ ескертпелеріне сәйкес, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзіне билік жүктеген ауыртпалықтан құтылмақ. Ол ереуілге соқтырған еңбек дауларын реттеуге қатысушы тараптар қатарынан алып тасталады.

Әйтпесе, бүгінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты республикалық, салалық, өңірлік комиссияларға билік атынан – Үкімет пен әкімдіктер, жұмысшылар бірлестіктері атынан – кәсіподақтар мен еңбек конфедерациясы, жұмыс берушілер атынан – "Атамекен" кіреді.

Халықаралық еңбек ұйымының дәйектеуінше, кәсіпорындардың еңбек және әлеуметтік мүдделерін қорғау ұлттық палатаның міндеті емес. Мұнымен кәсіподақтар және кәсіпорындардың өздері айналысуға тиіс екен.

КҰП бұдан былай заңнамаға және өз жарғысына сәйкес, тек Қазақстанның мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде ұлттық кәсіпкерлік нысандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға күш-жігерін салады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу