Тоқаев шектен тыс радикалданған жағдайды шайқалтпауы керек

6646

Саясаттанушы, Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының басқарма төрағасы Марат Шибұтов "Жовтис заңы", ел Президентінің неге мәжбүр екені және басқалары туралы. 

 Тоқаев шектен тыс радикалданған жағдайды шайқалтпауы керек

– Билік басына "транзиттік Президент" ретінде келген Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жетіп, "сайланған Президент" ретінде іске кіріскелі бері 100 күн өтті. Мемлекет басшысы осы уақытта не бітіре алды, қай қырымен танылды деп ойлайсыз?

– Тоқаев тәуелсіздікті қалыптастырған тұлға, мемлекеттің негізін қалаушы емес, ол халық сайлаған Президент, сондықтан халықтың және оның белсенді мүшелері болып табылатын саяси элитаның да, саяси партиялардың да, оппозицияның да, тіпті блогерлердің де пікірімен, сынымен санасуға мәжбүр. Бірақ ол қанша белсенді болуға тырысқанымен, алғашқы жүз күн танысуға кетеді. Өйткені бұған дейін Сенат төрағасы болғанымен, тек Мемлекет басшысында ғана болатын ақпараттардың толық топтамасы оның қолында болған жоқ. Тиісінше, елде орын алған, БАҚ назарынан тыс қалған толыққанды көрініс-картинаны көре алмады. Ал енді Президент ретінде оған құпия мәліметтер орасан зор көлемде келіп түседі.

Дегенмен, халық қазір біріншіден, одан сайлау кезінде берген уәделерін, сайлауалды бағдарламасын, екіншіден, жақында жария еткен тұңғыш жолдауын мүлтіксіз орындауын күтіп отыр.

Шын мәнінде, оған аумалы-төкпелі, осал ахуал мұраға қалды. Біз жас, буыны қатпаған мемлекетпіз. Сондықтан оған елдегі онсыз да шектен тыс радикалданған жағдайды шайқалтып, теңселтіп жібермейтіндей сабырлы қадамдар жасауына тура келуде.

Мәселен, ол халыққа ұнамай отырған, бұрынғы билік ендірген міндетті медициналық сақтандыруды, жұмыс берушілерге 5%-дық қосымша зейнетақы жарнасын және басқасын кейінге ысырды. Биліктегілер мен байлардың балаларын, туған-туысын жұмыспен қамтитын орынға айналып кеткен квазимемлекеттік секторда жаңа ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың құрылуына мораторий жариялады. Ол осы арқылы халықтың айтқанына құлақ асатынын көрсетуде.

Сонымен бірге, теріс тұсы сол, билік "біз енді халыққа көбірек көмектесеміз, бизнеске көп мән бермейміз" дегенді аңғартуда. Әзірге аңғарғанымыз осы.

Тағы бір айта кетер жайт, Қасым-Жомарт Тоқаев экономикаға емес, саясатқа көбірек құлаш ұруда. Оның президенттігі тұсында митингтерге рұқсат ету, жиналу бостандығы туралы, БАҚ туралы, Парламент туралы, саяси партиялар туралы және сайлау туралы заңнаманы жеңілдету міндеттері шешілуі тиіс.

– "Қазақстандық сарапшылар тек болған оқиғаға түсініктеме берумен шектеледі, бірақ болып кеткен оқиға – тарихшылар үлесі, ал сарапшы мәселенің шешімі мен тұйықтар шығар жолды көрсетуі керек" деген сын айтылуда. Сіздер, сарапшылар бұл реформаға сырттай бақылаушы боласыздар ма, әлде белсенді араласасыздар ма?

–Біз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында елдің наразылығын туғызып, демократияға шектеу болып келген негізгі бес заңды өзгертуді ұсындық, олардың арасында сайлау, жиналу бостандығы, партиялар, БАҚ туралы заңдар бар. Президент бұл идеяны құптады. Демек, заңнама ырықсыздандырылып, демократияландыру үрдісі жүреді, цензура жойылады деген сенімдеміз. 

–Құптады дейсіз, Қ.Тоқаевпен кездестіңіз бе?

–Әзірге жеке кездескен жоқпын.

– Жолдауда барлығы жақсы айтылады, бірақ орындалуы бәрін бұзады. Мәселен, халықтың БЖЗҚ-да жатқан зейнетақы жинақтарын жұмсауға рұқсат етілетіні жария етілді, алайда енді еңбек министрі бұл игілікті тек жинағы 11 млн теңгеден асатындар ғана пайдалана алатынын мәлімдеп, ел көңілін су сепкендей басты. Ал сонша жинағы барлардың үлесі БЖЗҚ клиенттерінің 1 пайызына да жетпейді екен.

– Әрине, қазір бәріне де зейнетақы жинақтарыңды алып, баспана сатып алуға, балаға жоғары білім беруге және басқасына жұмсауға мүмкіндік беруге болады. Сізде 6 млн жинағыңыз бар делік, оны алып, шығындайсыз. Ал ертең сізге зейнетақыны қайдан төлейді?

Ендеше зейнетақы жинағын жұмсау үшін оның көлемі ертең зейнетақы төлеуге жеткілікті болуға тиіс. Яғни, бұл жерде Тоқаевтың бастамасы қажетті көлемнен артығын алып, жұмсауыңа болады дегенді білдірсе керек.

Жолдау қысқаша жарияланады. Кейін ол нақты іс-қимыл жоспарларымен, нақтылаулармен,  түсініктемелермен толығады. Мемлекеттің шаралары белгілі бір топтарға ғана бағытталғаны анықталады. Баршаға арналған бақыт деген болмайды. Оны тіпті ертегілерден де таба алмайсыз. Тілектерді орындайтын "Алтын балық" ертегісін мысалға келтірсек, оның өзінде соңы жаман аяқталады.

– Сіз демократияландыру жайын айтып отырсыз. Қ.Тоқаевтың алғашқы жолдауында "демократия" деген бір сөз айтылмады. Неге бұл сөзді айтудан именді деп ойлайсыз?

– Демократияландыру үдерісі жолдау аясында емес, ҰҚСК, яғни ұлттық кеңес аясында жүзеге асырылады. Жаңа ғана оның аясында бес заң қайта қабылданатынын айттым. Олар бойынша біз барлық ұсыныстарды жинадық. 12 бет болды. Құжатты Президент Әкімшілігіне жолдадық. Ары қарай әр заң бойынша жұмыс тобы құрылып, пысықтайды деп күтіп отырмыз. ҰҚСК-тің екінші отырысына қарай, желтоқсан айында алғашқы нәтижелер де болып қалар.

Біз Алматы қаласындағы қоғамдық кеңесте жиналу бостандығы бойынша қоғамдық тыңдау өткіздік. Сонда 2017 жылы Евгений Жовтис әзірлеген митинг-шерулерге қатысты жаңа заң жобасын алдық, басқа да ұсыныстар енгізілуде. Оларды әкімдіктермен, полицейлермен бірге талқылаудамыз. Өмірде қалай жүзеге асарын білу үшін.

Келесі аптада тағы бір кездесу қалды. Содан кейін заң жобасы дайын болады, оны жұмыс тобында тағы бір талқылап, соңынан Президент Әкімшілігінің қарауына жібереміз.

– Алда парламенттік сайлау келе жатыр, билеуші партия қызу әзірленуде. Сіздің пікіріңізше, ол демократиялық тұрғыда өте ме, әлде бұрынғыдай "қолма-қол басқару, жұмылдыру" жүре ме?

– Парламенттік сайлау 2021 жылы өтетін болар. Мен демократияландыру тұрғысынан өтеді деп күтудемін. Бірақ билік үшін мен жауап бере алмаймын ғой.

Сонымен бірге, ҰҚСК мүшесі ретінде жаңа заңдарда кандидаттарға, партияларға қойылатын шектеулер азайтылуы үшін күш салуға уәде етемін. Сондай-ақ жаңа партиялардың құрылуы үшін шарттар жеңілдетілуі керек. Мен осыған тырысамын!

Қ.Тоқаев тарапынан саяси ерік-жігер болады деген үміттемін. Өйткені халық тарапынан  демократияландыруға деген сұраныс үлкен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу