Халықты жәрдемақымен емес, жұмыспен қамту қажет

Жыл сайын өсетін әлеуметтік төлем адамдарды жатыпішерге айналдырады. 

Халықты жәрдемақымен емес, жұмыспен қамту қажет

Еліміздің бірқатар экономист-сарапшылары: "жыл сайын жәрдемақы мен зейнетақыны өсіру халықты масылдыққа, жатыпішерлікке үйретеді" дегенді алға тартып отыр.

Дерекке жүгінсек, елімізде 6,6  млн адам мемлекеттен жәрдемақы алады. Бұл ақшаға жыл сайын үстемақы қосылады. Биыл да әлеуметтік төлем көлемі ұлғайды.

Бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы жұмыс істейтін әйелдерге бірінші және екінші баласы үшін 91, 390 теңгеге жетті. Былтыр бұл сома 71, 270 теңге болған. Ал үшінші және төртінші балаға төленетін жәрдемақы биыл 151,515 теңгені құрады. Былтыр бұл төлем 118 мың теңге болған. Осы тәрізді елімізде бала бір жасқа толғанға дейінгі көмек; тұрмысы төмен отбасыларға төленетін көмек; мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақы; алтын алқа, күміс алқа иегерлеріне төленетін төлем; Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне төленетін төлем түрлері бар. Осындай толып жатқан әлеуметтік жәрдемақы түрлерін алға тартқан мамандардың пайымдауынша, бұл саланы жүйеге келтіру керек. Біз тілдескен сарапшылар халқына әлеуметтік төлем төлеуге кейбір дамыған елдердің де шамасы келе бермейтінін айтып отыр.

"Болашақта бізге жұмыс істеп, табыс табатын қоғам құруға күш салу қажет", – дейді қаржыгер Дәурен Мақсұтов.

Оның пікірінше, жыл сайын жәрдемақының көлемін көбейту мәселенің түйінін шешпейді. Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төлеу, олардың жағдайын жақсартудың төте жолы емес.

"Мұндай тәсілмен олардың өмірлік мәселесі түбегейлі шешілмейді. Қазір 6,6 млн адам мемлекеттен төленетін жәрдемақыға иек артып, сонымен күн көріп отыр. Бұл түптің түбінде масылдыққа апарады. Мысалы, мен өзім білім алған Германия елінде жатыпішерлік заңмен реттелген. Бұл елде: "сенің жағдайың жоқ екен ғой, төрт балаң бар екен ғой, алтын алқа иегері екенсің ғой" деп мемлекет жәрдемақы төлемейді. Олардың үкіметі халыққа қармақ беріп: "балықты өзің аула" дейді. Ал бізде керісінше, балықты халыққа өзіміз аулап беріп отырмыз. Осының салдарынан халық санасына "үкімет асырайды" деген ойды сіңіріп жатыр. Өз басым, бюджеттен бөлінетін жәрдемақы көлемін арттыра бергенше, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу керек деп есептеймін. Жұмысқа жарамды азаматтарға отбасын асырай алатын деңгейде жалақы төленсе, оның мемлекетке де пайдасы тиеді, отбасын да асырайды", – деді Дәурен Мақсұтов.

Маманның бұлай сөз саптауында мән бар. Себебі қазір жәрдемақыға сүйеніп өмір сүретіндердің саны көбейіп келеді.  

"Ауылдарда мемлекеттен берілетін жәрдемақы үшін жыл сайын өмірге бала әкелетін әйелдер бар", – деді қаржыгер.

Ауылдағылардың 80%-ы жәрдемақыға иек артады
Бұған жұмыссыздық себеп болып отыр. Экономист-сарапшы Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, ауыл халқының 80%-ы үкіметтен бөлінетін жәрдемақыны талғажау етеді.

"Қол-аяғы балғадай қарулы жігіттердің өздері жұмыстан қашып, жұмыссыз жүргені үшін төленетін ақшаны алу үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырады. 2018 жылғы 1 қаңтардан зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері көбейді. Бірінші шілдеден зейнеткерлерге тағы да қосымша қаржы қосылды. Қаңтар айында ең жоғары зейнетақы мөлшері 82,973 теңге делінсе, биыл шілде айынан бастап осы сомаға тағы да үстемақы қосылып, ең жоғары  зейнетақы 106 мың теңгені құрады. Ауылдық жерлерде әке-шешесінің зейнетақысы қарап отырған азаматтар да бар. Адамдарды жұмыспен қамтып, адам капиталының күшін арттырған абзал. Бұлай болмаса, қоғам масылдыққа ұшырайды. Бізде "Жұмыспен қамту-2020",  "Өңірлерді дамыту-2020", "Моноқалаларды дамыту-2020" бағдарламалары бар еді. Осы  бағдарламалар сауатты жұмыс істегенде ауыл халқын жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу мәселелері шешілер еді. Үкімет болашақта халықты жұмыспен қамту мәселесін шалғай ауылдардан бастауы керек деп ойлаймын", – деді Жаңабай Алдабергенов.

Жәрдемақы көбейгенмен, мәселе азайған жоқ
Төмендегі кестеге назар аударсақ, 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері үш рет көбейген.

 

Ал биылғы жылдың шілде айынан бастап зейнетақы мөлшері 45%-ға, жәрдемақы мөлшері қаңтар айынан бастап 20%-ға ұлғайған. Алайда жұмыссыздық көрсеткіші азаймаған.

Осыған қатысты Дәурен Мақсұтов: "Халықты масылдық психологиясынан арылту үшін "Жұмыспен қамту-2020", "Өңірлік даму-2020" мемлекеттік бағдарламаларының жұмысын жандандырып, халықтың шағын және орта бизнеспен айналысуына жағдай жасау қажет. Бұған қоса ауылға тартылатын инвестиция көлемін арттырып, жәрдемақыға күнелтіп отырғандардың санын кеміту үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға күш салу керек", – десе, Жаңабай Алдабергенов: "Ауылда мал өсіруге қолайлы жағдай жасалса жөн болар еді. Малы бар адамдар үкіметке қол жаймас еді", – деді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу