Әлемге 500 миллионнан астам данамен таралып, 80-нен астам тілге аударылған әйгілі "Хәрри Поттер" романдар топтамасы қазақша сөйлей бастады. Ағылшын жазушысы Жоан Роулиңді миллиардер еткен 7 кітаптық топтаманы Steppe & World Publishing баспасы қолға алыпты. Күн бұрын Алматыда алғашқы серияның тұсауын кескен шығармашыл ұжым бүгін елордаға келіпті. Мақсат – Нұр-Сұлтан қаласында да кітаптың таныстырылымын өткізу. Inbusiness.kz осы жобаның жетекшісі, Steppe & World Publishing баспасының басшысы Раиса Қадырмен сұхбаттасқан едік. Кезінде өзі әлем әдебиетінің есігін орыс тілі арқылы ашқан қандасымыз қазақ балаларының жаһанға ана тілінің көмегімен қадам басқанын қалайды.
– "Хәрри Поттерді" қазақ тіліне аудару идеясы балаңызға қазақша сапалы кітап іздеуден басталғанын бұған дейінгі сұхбаттарыңызда айтыпсыз. Сондықтан ол жағына тоқталмай-ақ қояйық. Өзіңіз бала күніңізде қандай әдебиетпен өскен едіңіз?
– Мен өзім орыс мектебінде, таза советтік жүйеде оқыдым. Әкемнің қызметіне байланысты елшілік мектептерде көп жүрдік. Сондықтан әлем әдебиетінің жауһарларын негізінен орыс тіліндегі аудармасынан оқып өстім. Кейін университетке түскеннен кейін, толық ағылшынша оқыдық. Тым кішкене кезімде әке-шешем қазақша ертегі оқып беретін. Оның сыртында өзім көп оқитынмын. Бірақ шынымды айтайын, көбі орысша нұсқада еді. Оның ішінде "Казахские национальные сказки" деген сияқты кітаптар да болды.
– Әлем әдебиетінің есігін орыс тілі арқылы аштым деп отырсыз. Кейін түпнұсқадан оқуға мүмкіндік алдыңыз. Екі нұсқадан айырмашылық байқадыңыз ба? Идеологиялық бұрмалаулар ұшырасқан жоқ па? Жалпы әдеби бестселлерді түпнұсқадан немесе өз ана тіліндегі тікелей аудармадан оқымаған адам не жоғалтуы мүмкін?
– Ол былай. Мысалы, орыс тілінің өз нюанстары бар. Әр тілдің өз байлығы болады. Өзге тілге тікелей аударуға келмейтін тұрақты тіркестер бар. Мысалы фразеологизмдер орыс тіліне аударылған кезде сол ұлттың танымына қарай бұрмаланады. Оны әкеп қазақшаға аударса, мағынасы құбылған үстіне құбылып, түсініксіз болып қалады. Ал енді идеологиялық бұрмалау кездестірген жоқпын. Мүмкін совет заманында болған шығар. Ол заманда цензура болғанын білеміз ғой. Қазір ондай цензура бар деп ойламаймын.
Ағылшыншадан қазақшаға аударғанда тікелей сәйкесе кететін, өте жақсы үйлесетін тіркестер көп екенін аңғардық. Ағылшынша қалай келсе, қазақша да дәл солай топ ете түседі. Соған қатты қуанамын. Аударма тарапынан неміс, жапон, қытай тілі болсын, арабша немесе түрікше болсын, барлық жерде дау бар. Даусыз аударма деген жоқ.
Біздікі техникалық аударма емес. Сондықтан мейлінше креативті болуға тырыстық. Бала аударманы оқыған кезде түпнұсқада күлу керек жерінде күлуге тиіс. Күлкілі тұсты күлкісіз қылып аударса, сапаға салмақ түседі. Мысалы, ағылшындардың мысқылдарын қазақ танымына жатқызу керек болды. Техникалық тұрғыда аударып тастасақ, мысқылдың мәні кетуі мүмкін. Мысалы Longbottom деген есімді "Ұзынбұт" деп аудардық. Ағылшын балалары оның атын естіп-ақ күледі. Қазақша аудармасында Longbottom күйінде қалдырсақ, сөздің мағынасы білінбей қалар еді. Сол сияқты Privet Drive деген көшені Қынағаш деп аудардық.
– Роулиңнің өзімен кездесе алдыңыз ба? Әрекеттері кітаптағы кейіпкерлеріне ұқсай ма?
– Роулиңмен тікелей кездескен жоқпын. Оның агентімен ғана жүздесудің сәті түсті. Роулиңнің өзі бала-шағасымен Шотландияда тұрады. Ол жаққа барып үлгермедім. Рұқсат алу кезінде де агентімен ғана сөйлестім.
– Хәрри Поттерді қазақ әдебиетінің қай кейіпкеріне ұқсатар едіңіз?
– Бұл енді фантастикалық шығарма ғой. Әр бала өзін Хәрри Поттермін деп санайды.
–Шығармасы қазақ тіліне аударылғаны үшін Роулиңге ақы төлене ме?
– Міндетті түрде. Өтіміне байланысты авторға "роялтиі" түсіп тұрады. Лицензиялық ақы деген де бар. Оның өз шарттары болады. Мұның бәрі заңгерлермен келісіп жасалады.
– Автормен келісім аясында уақыт бойынша, тираж бойынша нақты міндеттемелер бар ма? Жалпы аудару процесі қаншалықты жедел жүріп жатыр?
– Алғашқы кітапты аударуға 5 айдан астам уақыт кетті. Өйткені бірінші кітап болғандықтан, негізгі терминдік ұғымдар мен жалқы есімдерді бекітіп алу керек еді. 7 серияның ішінде бір сөз әртүрлі берілмеуі керек. Мұндай кемшіліктер аудармада жиі кездеседі. Біз соның алдын алуға қатты мән бердік.
– Кез келген тың бастамаға сынай қарайтын топтар болады ғой. Қазақ тілді қауымның арасынан "неге Ер Төстік пен Керқұла атты Кендебай заманауи иллюстрацияда бірінші шықпайды" деген сұрақ қойылуы мүмкін ғой. Не деп жауап беретін едіңіз?
– Біздің баспаның аты – Steppe & World Publishing. Дала мен әлем деген мағына береді. Мақсатымыз – әлем әдебиетіндегі маржандарды қазақ тіліне, қазақ оқырмандарына әкелу. Екіншіден, бала әлемнің есігін өз ана тіліндегі шығармамен ашуы керек. Сыни тұрғыдан ойлауы дамиды. Адамзатқа құндылықтар ортақ қой. Қазақ ертегісіндегі құндылықтар мұнда да бар. Тек практика әртүрлі болуы мүмкін. Әділдік, батылдық, достық, жанашырлық, ақ пен қара, жауыздық пен мейірім бүкіл ұлттың әдебиетіне ортақ. Осыны оқығаннан кейін, қазақ балаларының арасынан әлемдік бестселлер жазатын қаламгерлер өсіп шығатын шығар деп ойлаймын. Қазақты әлемге таныту үшін әуелі әлемді қазаққа таныту керек.
– Алғашқы нұсқаны кімге оқыттыңыз?
– Балаларым мен әкеме оқыттым.
–Оқырмандар хабарласып жатқан шығар? Алғашқы лебіздер қандай?
– Алғашқы пікірлер келіп жатыр. Жақсы лебіздер өте көп. Бізге ең маңыздысы сол, сапалы кітап шығару. "Роулиңнен рұқсат алып, кітап шығардық" деп айту үшін ғана жасап жатқан жоқпыз. Ұрпақ дұрыс кітап оқып, тілі дұрыс қалыптасуы керек. Біздің редактор Назгүлдің осындай ұстанымы бар. Алғашқы оқырмандарымыз жеңіл оқылатынын айтып жатыр. Бұл да маңызды нәрсе деп ойлаймын.
– Әлемдік бестселлердің жаһандық сатылым тізбегіне қазақ тілі де еніп отыр. Яғни қазақ тілі бұл тұрғыда табыс көзі бола алады деп айтуға бола ма?
– Әрине, маржа бар. Болмаса, мына жұмыстарды қолға алудың мәні де болмас еді. Мен бір айналамнан ақша келіп тұрған бай емеспін. Артымда индустрия, фабрика тұрған жоқ. Өзім жай ғана кәсіпкермін.
– Роулиңнен басқа авторларды аудауларыңыз мүмкін бе?
– "Хәрри Поттердің" 7 сериясы алдағы 2 жылда шығады. Онымен бірге басқа аудармалар да жүріп жатыр. Бірақ негізгі фокус қазір "Хәрри Поттерге" бағытталған. Роальд Даль деген ағылшынның классигі бар. Соның шоколад фабрикасы туралы шығармасын, "Матильда" деген туындысын аударып жатырмыз. Танымал америкалық коммикс авторы Джефф Киннидің шығармаларын аударып бастадық. Екі кітабы дайын тұр. Енді бастыру қалды. Ересек адамдарға арналған Хал Элродтың "Таңғы ғажайып" деген мотивациялық кітабын аударып жатырмыз. Өзіме де жақсы әсер еткен туынды бұл. Биыл шамамен 10-нан астам, үлгерсек 20-дай кітап шығады.
– Қазақ әдебиетінің агенті ретінде жұмыс істегілеріңіз келмей ме?
– Ондай ой бар. Бұйырса, алғашқы екі жылды шетелдік аудармаға арнамақпыз. Аяқтан нық тұрған соң, уақытымды қазақ әдебиетіне бөлемін. Әзірге, шынымды айтсам, түк уақытым шықпай жатыр. Әдеби агент болу бір авторды таңдап аудара салумен бітпейді. Ол 10-20 мың тиражбен басылып, толық сатылып біткенше қасында жүресің. Қанша жыл болса да! Бұл – жауапкершілігі мол шаруа. Сондықтан оған негізді түрде келуіміз керек.
– "Хәрри Поттер" 2000 жылдардың басында кең тарады ғой. Ең бір атышулы кезеңі өтіп кетті деп айтуға болады. Қазақ қоғамына кешігіп жеткен сияқты. Осындай өкініш жоқ па?
– Мен де сол кезде неге ешкім қолға алмағанына таңғаламын. Бірақ қазір де кеш емес. Өйткені бұл классика ғой. Бір рет оқып кеткен адамдар бірнеше қайталап оқитындарын айтады. Мысалы, Шерлок Холмс әлі күнге дейін ең көп оқылатын туындының бірі саналады. Бұл да сол сияқты. Абайды да қанша оқып келеміз! Қарап отырсам, ол кісі де өз заманында керемет көп аударма жасаған екен. Ақынның 175 жылдығына Хәрри Поттер шығып жатыр. Егер тірі болса, ол кісі бастамамызды қолдар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы