"Инфляциялық тәуекелдер Қазақстан үшін экспорттық тауарлар бағасына қарағанда үлкен қауіп төндіруде"

3378

"EXANTE" халықаралық инвестициялық компаниясының Қазақстандағы талдаушысы Дмитрий Сочинмен әңгімеміз ЕАЭО елдері интеграциясы және ҚХР, Ресейдегі макроэкономикалық көрсеткіштің Қазақстан экономикасына мультипликативті әсері тақырыбында өрбіді.

"Инфляциялық тәуекелдер Қазақстан үшін экспорттық тауарлар бағасына қарағанда үлкен қауіп төндіруде"

– Дмитрий, Ресей экономикасындағы өзгерістердің Қазақстанға әсері қандай? Біздің экономикамыздың көрші елмен интеграциялану деңгейі тым тереңдеп кеткен жоқ па?

– Ресей Қазақстан үшін негізгі ірі сауда серіктестерінің бірі. 2018 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы саудасындағы РФ-мен тауар айналымының үлесі 18,6 пайыз немесе 15,7 млрд АҚШ долларын құрады.

– Бұл Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі сайтында жарияланған деректер ме?

– Қазақстанның ЕАЭО-мен тауар айналымы 20,3 пайызға жетті. Қазақстан Ресей импортының үлкен көлемі есебінен әзірше нетто-импорттаушы болып отыр. ЕАЭО тауарлары Қазақстанның сыртқы импортының жартысына жуығын құрайды: 39,9 пайыз (11 млрд АҚШ долл.), оның басым бөлігі ресейлік тауарлар еншісінде.

РФ экономикасында орын алып отырған процестердің Қазақстанға әсерін де осы екі ел арасындағы тығыз сауда ынтымақтастығымен түсіндіруге болады.

– ЕАЭО аясында ресейлік тауарлардың айтарлықтай басымдығына байланысты солтүстіктегі көршіміздің экономикасындағы факторлар Қазақстанды айналып өте алмайды ғой.

– 2014 жылдан кейін аймаққа әсерін күшейткен геосаяси оқиғалар Ресейге қарсы санкциялар дәуірінің басталуына себепші болды – қаржы билігін экономикалық саясатты қайта қарауға және бірқатар құрылымдық реформаларды бастауға мүмкіндік берді.

ЕАЭО елдері арасында Ресейдің Орталық банкі алғашқылардың бірі болып орталық банкті инфляциялық таргеттеу және іс-әрекеттерінің транспаренттілігін қолдаған саясатқа көшті. Қаржы министрлігі болса профицит саясатын, резервтердің және мемлекеттік шығындардың қалыпты өсуін насихаттау үстінде.

Қазақстан серіктес елдің экономикасында жүріп жатқан реформалардан тыс қала алмайды. Ресейдің инфляциялық таргеттеуде бірқатар жетістіктерге жетуі қазақстандық өңдеуші экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін.

– Биыл Ресейге қатысты АҚШ және Батыс елдерінің санкциясы жалғасады деген болжам бар. Шетелдік инвесторлар қазірдің өзінде Қазақстанға ЕАЭО аясындағы тығыз ықпалдастық призмасы арқылы қарайтыны белгілі. Біз қандай бағыт ұстануымыз керек?

– Ресейге қатысты санкциялар бізге тікелей әсер етпесе де, қалыпты қызметімізді, дамуымызды белгілі бір дәрежеде тежеп отырғаны анық. Қазір Қазақстанның сыртқы саяси қызметтеріне салмақты және парасатты пайым-парасат ұстану маңызды.

Қазақстан АҚШ-пен және ЕО-мен белгілі бір шарттар мен кепілдіктер үшін сауда жүргізу қажет. Бірақ басты және әмбебап құрал ол экономикалық саясатты, оның ішінде мемлекеттік шығындарды азайтуға қарай бағытталуға тиіс.

– Әлемдік нарықтағы дауылдармен күресте біз неге сүйенеміз?

– Мықты дербес қаржылық көрсеткіштер, бұл әлемдік нарықтағы дауылдармен күресудің ең жақсы құралы. Қазақстан инвестор үшін әлдеқайда болжамды және анағұрлым тартымды екенін атап өту керек.

Ресейге қарағанда Қазақстанның санкцияларға ұшырау мүмкіндігі аз. Бұдан басқа, Қазақстан жаңа (шикізаттық емес) экономикаға ауысуға бағыт алып, Азия елдерінің тәжірибесін белсенді түрде қабылдауда. Президент Назарбаевтың екі бағыттағы мығым саясаты байқалып отыр: Қазақстан Ресейге өзінің ең ірі сауда әріптесі ретінде қарайды, екінші жағынан бұл орынды уақыт өте келе Қытай иеленетінін түсінеді. Үкімет Бейжіңмен тығыз қарым-қатынас орнатуда және әлемдік экономикалық өсім шоғырланған Азия елдерімен байланыс орнатуды жолға қойып отыр.

– Қытай алып мемлекет. Алып мемлекеттер ұйықтап жатып аунап түссе де кішігірім көршілерін тұншықтырып тастай алады. Бізге Ресей мен Қытай тарапынан ондай қауіп төніп тұрған жоқ па?

– Ресей сияқты Қытай Қазақстанның сыртқы сауда операциялары бойынша үшінші орында және маңызды сауда серіктесі болып табылады. 2018 жылғы үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымы 10,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Аспан асты еліне Қазақстан негізінен металдар мен металл кенін экспорттайды. Қазақстан экономикасына Қытай инвестицияларының рөлі маңызды, бірақ ол, мысалы, Қырғызстандағы немесе Тәжікстандағы инвестиция тәрізді басым емес. Қазақстан әзірге инвесторлар мен кредиторлар арасында қарапайым елдік әртараптандыруды ұстанады, сондықтан Қытай тарапына қандай да бір тәуелділік туралы айту ағаттық.

Қытай айтарлықтай агрессивті ойыншы екені рас және көбінесе оның инвестициялық келісімдерінің шарттары екінші тарап үшін кіріптарлық жағдайға ұшыратады. Егер қазақстандық тарап пен Қытай арасындағы келісімдердің шарттары тең, екі тараптың мүдделерін бірдей ескеретін болса, онда қытайландыру мәселесі туралы айтудың өзі артық.

– Орталық Азиядағы ҚХР юанінің позициясы туралы қандай болжам жасауға болады? "Қытай юані АҚШ долларын ығыстыруы мүмкін" деген ықтималдықты қалай бағалайсыз?

– АҚШ доллары бұрынғысынша бүкіл әлемде негізгі резервтік валюта болып қалуда, қаржы транзакцияларының көпшілігі доллармен жүзеге асырылуда. Юань әлі күнге дейін толық мағынасындағы еркін айырбасқа түсетін валютаға айналмағанын естен шығармаған жөн. Және экономикасының ауқымдылығына қарамастан, оның әлемдік қаржы транзакцияларындағы үлесі өте аз. Таза техникалық жағынан алғанда, Қытайдан тыс нарықтарда юань транзакциялары қиындыққа ұшырауда, сол себепті де жеке алынған бір аймақта юаньнің үстемдігі туралы айту ерте.

– Біздің ел таңдап алған экономикалық саясат өзін ақтап отыр ма?

– Қазақстанның барлық экономикалық саясаты пайдалы қазбаларды сатудан және мемлекеттік шығындарды өсіру үшін пайдалы қазбаларды қолданудан құрылды. Бұл классикалық түрдегі голланд ауруының пайда болуына: өңдеуші өнеркәсіпті жоғалтып, сырғымалы инфляцияның жоғары деңгейінің өсуіне әкеп соқтырды.

– Банк секторының проблемалары да осы голланд ауруының салдарынан туындады ғой.

– Нәтижесінде, ақша ресурстарының басым көлеміне ие болған мемлекет толығымен бизнеске кіріп алды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл дамуды тұйыққа тірейді.

– Жалпы алғанда, билік мұны түсінеді және соңғы жылдары бірқатар өзгерістерге бет бұрды. Атап айтқанда, квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасы қабылданды, Қазақстанның Ұлттық банкі инфляциялық таргеттеу саясатына көшті, үкімет бюджеттің мұнай емес тапшылығын қысқартуды және Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр.

– Осы шаралардың барлығы дұрыс, бірақ менің ойымша, қолға алынып отырған шараларда бірізділік жоқ және әркелкі мерзімде жасалып отыр. Меніңше, сәл агрессивті әрекеттер қажет, сонымен қатар барлық әр қадам экономика субъектілері үшін ашық, әрі түсінікті болуға тиіс. Ұлттық банк пен қаржы министрлігі өз саясаттарын трансляциялау үшін вербалды арнаны дамыту қажет және олардың қатаң және бірізділікпен орындау аса маңызды.

– РФ Орталық банкі банктерге қатысты жеткілікті қатаң саясатты таңдап, олардың санын үнемі қысқартады. Қазақстанда соңғы уақытта банктер саны қысқаруда – бұл саясатты көшіру ме, әлде ЕАЭО-дағы жалпы тренд пе?

– РОБ (Ресейдің орталық банкі) жүйені әлсіз немесе теріс пиғылды ойыншылардан шынымен жүйелі және қатаң тазалайды. Банктер – бұл заманауи экономиканың маңызды бөлігі, олар ақша мультипликаторы рөлін атқарады. Орталық банктер өзінің монетарлық саясатын дәл осы несие институттары арқылы көрсетеді, экономикадағы ақша массасының реттелуі және оның айналым жылдамдығы осылай жүреді. Сондықтан, банк бизнесі сау және тұрақты болуы өте маңызды, әлсіз ойыншылар нарықтан кетуі керек, өйткені теңгерімсіздіктерді жалпы жүйеге енгізеді.

Бұдан басқа, бүкіл әлемде индустрия клиенттеріне қойылатын талаптарды қатаңдату үрдісі байқалуда.

– Бұл жерде әңгіме клиенттердің және қаржы институттарының іс-әрекеттерін ақшаның ізін жасыру және терроризмді қаржыландыруға тексерумен байланысты рәсімдерді қатаңдату туралы болып отыр ғой.

– Ресейде қалта банктері деп аталатын банктер ақшаның ізін жасыруға байланысты заңсыз әрекеттерден кейін жабылды. Ал Қазақстанда банктер операциялық қызметтегі кемшіліктерге байланысты: сапасыз кредиттік портфельдер, өтімділік тәуекелін нашар басқару салдарынан ғана жабылғанын ескерген жөн.

–  ЕАЭО цифрландыру Қазақстан сандық экономикаға дайын ба?

– Цифрландыру әлемде орын алған құбылыс, факт. Әлемдік экономикалардың жаһандану жағдайында осы үдерістен тыс қалу өте қиын. Цифрлық қызметтер мен технологияларды интеграциялау басқа өнеркәсіптік және технологиялық революциялардың салдары сияқты бұрыннан табиғи жолмен жүруде. Әрине, цифрландыру экономика үшін қандай да бір қиындықтардан құтқарар құбылыс емес және табыстылықтың базалық қағидаттарында технологиялық жаңалықтар жоқ. Цифрландыру тек қана ХХ ғасырдағы электр жүйесі немесе ішкі жану қозғалтқышы тәрізді заманауи құралдың бірі ғана.

–  Бірыңғай сандық валюта туралы Ресей тарапынан көп айтылып кетті. Бұл мүмкін бе? Қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Бұдан Қазақстан ұта ма, әлде ұтыла ма?

– Еуроаймақ мысалында алып қарасақ бірыңғай валюта негізінен оның ең күшті мүшелеріне тиімді екенін байқауға болады. Бірыңғай валюта бұл егемендіктің белгілі бір деңгейде жоғалуы деп айтса да болады: дәстүрлі фиаттық немесе сандық формада ма, бұл маңызды емес.

– Мұндай жағдайда экономикалық саясатты түзету мүмкіндігінен қаламыз ғой.

– Пайыздық мөлшерлемелерді реттеу және ұлттық валютаның айырбас бағамы арқылы сауда балансын басқару мүмкін емес. ЕО-ның кейбір мүшелері еуро аймағына қосылмаған және олардың әлі күнге дейін өз валюталары бар, ол мәселен Чехия мен Польша тәрізді елдер. Олардың экономикалық және мемлекеттік қаржы құрылымдары Грекия немесе Балтық бойы елдеріне қарағанда әлдеқайда мықтырақ.

ЕО ішіндегі сауда преференциялары мен тәуелсіз қаржы саясаты оларға Германия мен Франция сияқты экономикалық алпауыттардың арасында жан сақтап қалуға мүмкіндік береді.

–  Қазақстан экономикасы үшін арзан мұнайдан басқа қандай тәуекелдер бар?

– Қазақстан қазір шикізаттық экономикадан неғұрлым әртараптандырылған экономикаға өтпелі кезеңде тұр. Және ол үшін қазір мұнай мен металл бағасы емес, монетарлық және фискалдық саясатқа қатысты қатаң, дәйекті және тәртіпті әрекеттер маңызды. Инфляциялық тәуекелдер қазір Қазақстан үшін экспорттық тауарлардың бағасына қарағанда үлкен қауіп төндіруде.

Уақыт бөліп, сұхбат бергенізге рахмет!

Әңгімелескен Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу