Инвестор айнып қалды

2700

Павлодардағы №1 және №2 емханалардың саудасы сәтсіз аяқталды. 

Инвестор айнып қалды

Осыдан 20 күн бұрын Павлодар қаласындағы №1 және №2 емханаларды сенімді басқаруға тапсыру бойынша электронды аукцион өтіп, қостанайлық компания жеңіске жеткен болатын. Алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмай, сатып алушы әуелгі ұсынысынан бас тартты. Сөйтіп, кепілдік ретінде төлеген 17 млн теңгесі желге ұшты. Ал облыс орталығындағы екі ірі медициналық мекеменің ендігі тағдыры 26 қазанда шешілмек.

Бастапқыда №1 емхана – 224 млн теңгеге, №2 емхана 347 млн теңгеге бағаланған еді. 21 қыркүйекте өткен электронды аукцион нәтижесінде алғашқысы 900 млн теңгеге, екіншісі 950 млн теңгеге сенімді басқаруға берілді. Кейін қос мекемені сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған-ды.

Әйтсе де, аукцион аяқталып, келіссөздер жүргізіле бастаған тұста жаңа талаптар пайда болды. Атап айтқанда, мемлекет екі бірдей емхананы бір жылға сенімді басқаруға беріп, сату-сатып алу туралы келісімшарт жасалған соң бір жыл аралығында белгіленген соманы бөліп төлеу туралы шарт қойды. Бұған инвестор келіспеді, әрине. Инвестордың айтқан уәжі: қомақты соманы 12 айда өтеу мүмкін емес. Сол себепті келісімшартқа қол қойылған жоқ. Кәсіпкердің аукционға қатысу үшін мемлекет қазынасына берген 17 млн теңгесі де кері қайтарылмайды.

Енді емханалар екінші мәрте тендерге шығарылмақ. Бірақ бұл жолы бәссаудаға қатысуға ниет білдірушілер кепілдік сома ретінде 86 млн теңгеге жуық қаражат беруі тиіс. Себебі 25 қыркүйекте қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, кепілді сома сенімді басқаруға берілетін нысан бағасының 15%-ына тең болуға тиіс. Ал бұған дейін аукционға қатысушылар нысан бағасының 3%-ын төлеп келген еді.

Қысқасы, қос мекеменің кімнің басқаруына өтетініні 26 қазанда белгілі болады. Билік басындағылар бұл жолы "шикіліктер" орын алмайды деп сендіріп отыр. Тіпті, жаңа инвестордың келуімен аталмыш емханалардың материалдық-техникалық базасы жақсарып, емханаға тіркелушілер қатары  да арта түсеріне сенімді. Тұрғындардың "1 жылдан соң емханалардың сауда орталығына немесе сауықтыру алаңына айналмасына кім кепіл" деген күдігін сейілтуге де тырысып бақты.

"Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Сенімді басқаруға өтсе де, сатылса да, емхананың бағыты өзгермейді. Келісімшартта бұған баса мән беріледі. Керісінше, денсаулық сақтау нысандарын бәсекелестік ортаға тапсырып, павлодарлықтардың қазіргіден де сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасамақпыз. Кәсіпкер құрылғыларды жаңартып, науқастарға барлық мүмкіндікті қарастырса, емханаға келушілер қатары артады", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.

Инвесторлардың емханаға тіркелушілер санын арттыруға мүдделі болары анық. Өйткені тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында әр тұрғын үшін 580 теңге беріледі. Ал қазіргі уақытта №1 емханада – 75 мың, №2 емханада 65 мың тұрғын тіркеуде тұр. Тек өткен жылы емдеу мекемелерінің әрқайсысы 750 млн теңге шамасында мемлекеттік тапсырыс алған. Демек, тіркелушілер саны неғұрлым көп болса, түсер пайда да артпақ.

Алайда бұған дейін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес ақционерлік қоғамының Павлодар облыстық филиалының директоры Нұрлан Қасымов керісінше, емханалардағы тіркелушілер санын азайту көзделіп отырғанын айтқан-ды.

"15 қыркүйек – 15 қараша аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемелеріне тіркеу жүргізіледі. Басты мақсат – кезекті азайту. Мәселен, Павлодар қаласындағы №1 және №2 емханаларда адам саны көп. Олардың бір бөлігі өзге емханаларға ауысса, кезек азайып, ақ желеңділердің қызмет көрсету сапасы артады. Бір емханадағы тіркелушілер санын кем дегенде 45-50 мыңға дейін түсірсек, жақсы болар еді. Талаптарға сәйкес, 2019 жылы бір учаскеде 1700 тұрғын тіркелуі тиіс. Қазіргі кезде бір учаскеде 2400-ден астам адам қаралады", – деген болатын Нұрлан Қасымов.

Сонымен қатар жекешелендірудің кешенді жоспары аясында Павлодар облыстық диагностикалық орталығын сату көзделіп отыр. Алғашқы сауда-саттық кезінде аталмыш мекеменің иесі атануды қалайтын адам табылмады. Екінші сату тендері 13 қазанда өтпек. Бастапқы бағасы – 278 млн 566 мың теңге, кепілді сомасы – 68 млн 070 мың теңге. Сатып алушыға кәсіпорынның қызметін 3 жыл бойы өзгертпеу жөнінде талап қойылады. Бұған келісер инвестор табыла ма, әлде жоғарыда біз сөз еткен емханаларға қатысты жағдай қайталана ма? Мұны апта соңында білетін боламыз.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу