Инвесторлар қазақстандық логистикаға деген қызығушылығын жоғалтып жатыр

17633

Салаға құйылатын шетелдік инвестициялардың ағыны бір жылда үш есеге азайған.

Инвесторлар қазақстандық логистикаға деген қызығушылығын жоғалтып жатыр

Инвесторлардың қазақстандық көлік-логистика саласына деген қызығушылығы жоғалды.  Finprom.kz мәліметі бойынша, салаға салынған шетелдік қаражат бір жыл ішінде 98 млрд теңгеге немесе 2,7 есе азайған. Көлік және логистика бойынша қызмет көрсету көлемінің өсу қарқыны баяулап қалғаны  инвесторларды үрейлендіріп отыр. Қазақстанның кедендік брокерлер қауымдастығының басшысы Геннадий Шестаковтың ойынша, мұндай тежеудің бірден-бір себебі қытайлық тауардың бағдары ауысып, Қырғызстан арқылы қазақстандық кеденді айналып өтуінде болып тұр. Геннадий Шестаков  Қырғызстан кедені сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына жақсы қарайды, оларды Қазақстандағыдай қатты тексермейді, оларда әкімшілдендіру шығыны аз, сондай-ақ кедендік тексеріске уақыт жоғалтпайды деп есептейді. Оның айтуынша, қырғыз кедені кедендік баж салығын аз төлеу үшін шекарада тауардың бағасын немесе салмағын азайтатын көтерме саудагерлердің  қулық-сұмдығына көздерін жұмып қарайды. Бұл қытай-қырғыз бағдарын тартымды етіп тұр.

Бұл туралы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев та айтты. Оның сөзінше, қырғыз сауда компаниялары өз елдеріне Қытайдан әкелген тауардың құжаттарын ауыстырып, мүлдем басқа келісімшарт арқылы өткізеді, содан кейін оларды кедендік одақ елдеріне қайта экспорттайды. Сонымен бірге кедендік баж салығын да аз төлейді. Қаржы министрлігінің есебі бойынша, соңғы екі жылда осындай дұрыс декларация жасалмаған тауарлардың көлемі 49 млрд теңге болған, осының салдарынан  Қазақстан бюджеті бес миллиард теңге шығынға батқан.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2015 жылы Қытайдан Қырғызстанға 130 мың тонна тауар әкелінген, ал 2016 жылы бұл 216 мың тонна болған. 2017 жылдың тоғыз айында әкелінген тауардың көлемі 160 мың тонна болған. Ал Қазақстанға әкелінген қытайлық тауарлар Қырғызстанға транзиттелген қытайлық тауардың артуынан қысқарған.

"Біз Қырғызстаннан келетін тауар неге күрт өсті деп сараптама жасадық. Нәтижесінде Қырғызстандағы кедендік құн Қазақстанмен салыстырғанда екі және одан да көп төмендетілгенін білдік", – деді Арбақ Теңгебаев.  

Осы саланың сарапшылары қазақ-қырғыз шекарасының инфрақұрылымына ақша салу тиімсіз болып бара жатқанына сенімді.  Көлік және қаттау саласын дамытуға  салынған шетелдік инвестициялардың үлесі бір жылда 21%-дан 7%-ға дейін азайған. 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында көлік және логистика кәсіпорындарының көрсеткен нақты қызметінің көрсеткіші былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға көп болған. Алайда бұл экономиканың өсу деңгейінен төмен. Алдыңғы бес жылда саланың қызмет көрсету көлемінің өсуі ел экономикасының арту жылдамдығынан едәуір алда болған. Саладағы іскери белсенділіктің шабандауы 2015 жылдан бастап байқалған.

Сала кәсіпорындары шетелдік инвестицияның қысқаруын банк және басқа да несие қаражаттарын тарту арқылы орнын толтыруға тырысуда, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегінде осындай жолмен 1973,7  млрд теңге қаражат тартылған. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіндегі көлемнен  109,8 млрд теңгеге артық немесе 2,3 есе көп.   

Осының нәтижесінде көлік-логистика кәсіпорындарының өз инвестициялары 58,3 млрд теңге болған. Бір жыл ішінде бюджеттік инвестициялар 3,2 млрд теңгеге немесе 1,2%-ға өскен.
"Инфрақұрылымды жаңғырту үшін қарызға ақша алынады, ал ол бізде қымбат, сондықтан көлік-логистика қызметі қымбаттауы мүмкін. Уақыт өте келе ол мүлдем сұранысқа ие болмай қалуы да ғажап емес, өйткені шекарадағы инфрақұрылымға ақша салмай-ақ, қолда барын қолдана беретін көршілерге қарағанда біздегі қызмет көрсету қымбат болады", – деді Геннадий Шестаков.  

Оның айтуынша, қазір нарыққа Қырғызстандағы көлік-логистика қызметінің бағасы мен сервис деңгейі ұнап тұр. Кейін уақыт өте келе жағдай өзгеруі мүмкін. Алайда инвесторлар қазақстандық шекара маңы нысандарына ақша салуға асығар емес, өйткені олар бұл ақшаның  алдағы бес-жеті жылда ақталатынына сенімсіз.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу