Қытайдың ескі көліктері Қазақстанға сатыла ма?

28986

Аптаның басында China daily порталы Қытай пайдаланылған автокөліктерді Ресей, Камбоджа, Нигерия және Мьянма елдеріне экспорттайтынын мәлімдеген болатын.

Қытайдың ескі көліктері Қазақстанға сатыла ма?

ҚХР сауда министрлігінің айтуынша, биыл бұл елдерге құны 2,5 миллион доллар тұратын 3000  автокөлік сатылмақ.

Ресейдің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екені белгілі.Бұл дегеніңіз, біз көрші елмен емін-еркін сауда-саттық жасай аламыз дегенді білдіреді. Осы орайда, еркін сауда аймағы арқылы Қытайдың ескі көліктері Қазақстанға сатыла ма деген орынды сұрақ туындайды. Бұл сауалға "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындары одағының" стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында жауап берді.

"Бұған дейін Ресей немесе Қазақстанға Қытайдан ірі көлемде көлік партиясы тасымалданған жоқ. Өйткені қос ел экономикасына пайдаланылған көліктердің енуі тиімсіз. Оның үстіне еліміздегі ескі көліктер саны өсіп келеді, мемлекет қазір осы мәселенің шешімін іздеп жатыр. Сондықтан пайдаланылған шетелдік көліктердің бізге экспортталуы екіталай",-деді Артур Мискарян.

"Ранкинг.кз" порталының мәліметінше, Қазақстандағы көліктердің 66 пайызының қолданыс мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Биыл өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш өскен.Ал жалпы елімізде ресми түрде 5 миллионға жуық автокөлік есепке алынған.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында Аспанасты елінің он аймағынан ескі темір тұлпарларды экпорттауға рұқсат берілген болатын. Алдағы уақытта Бейжің, Шанхай, Тяньцзинь қалалары пайдаланылған көліктерді шетелге импорттай бастайды.

Мамандардың дерегі бойынша, 2019 жылы Ресейде пайдаланылған көліктерге деген сұраныс 55 пайызға артқан. Ресейліктер шет елден әкелінген арзан көліктерді көптеп сатып алып жатыр. Салдарынан жергілікті автокөлік нарығы зардап шегуде. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу