Еліміздің қай облыстарында ескі көлік көп

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17303

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен 14 мыңға жуық көлік сатылды.

Еліміздің қай облыстарында ескі көлік көп

Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, 2019 жылдың алғашқы 2 айында елімізде 39,2 млрд теңгеге 5 920 көлік құралы құрастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп көрсеткіш.

Өндірістің өнімділігі жағынан "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС көш бастаған. Зауыт қаңтар-ақпан айларында 1 078 жеңіл көлік құрастырып қана қоймай, Тәжікстанға 108 көлік экспорттаған.

"Азия Авто" кәсіпорны 1401 көлік құрастырса, "СемАЗ" 36 бірлік коммерциялық техника жинаған. "КАМАЗ  Инжиниринг" 48 жүк көлігін, ал  Daewoo Bus 16 автобус шығарған.

Қауымдастықтың мәліметінше, жыл басындағы 2 айда 8 837 көлік сатылған. Оның 4 898-ы отандық өндіріске тиесілі болған.

"Машина құрастыру саласы ел экономикасына мультипликативті әсер етуін жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда ел аумағында жүрген танымал 10 көлік брендінің 7-і отандық өнім саналады. Автокөлікті жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 14 мыңға жуық көлік сатылды. Автонесиелендіруге бөлінейін деп жатқан 10 млрд теңге мен коммерциялық техникаға қарастырылатын лизинг  тұтынушылардың белсенділігін арттырып, көлік саудасының көлемін арттырады деп үміттенеміз", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева. Ал "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы соңғы 3 айда елімізде 323 988 көлік құралы тіркеуге алынғанын және бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8% артық екенін жариялады.

"305 460 бірлік көлік құралы екінші рет тіркелді. Есепке бірінші рет алынған автокөліктердің саны 18 528 болды", – деп хабарлады одақтың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, Қазақстан ескі көліктерден арыла алмаған. Есептік кезеңде екінші рет тіркелген көліктердің көрсеткіші 38,8%-ды құрап, көлік жүргізушілерінің дені зауыттан шыққанына 20 жыл болған темір тұлпарларды тақымдап жүргенін көрсеткен. Ал су жаңа көлік мінетіндердің қатары өткен жылы 4,7% болса, биыл 3,4%-ға түсіп қалған. Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы ескі көлік көп сатылған аймақ деп танылған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу