Контейнерге "ыдыс" мәртебесі берілді

13132

Контейнермен жүк жеткізуде Ыстамбұл конвенциясының нормалары қолданылады.  

Контейнерге "ыдыс" мәртебесі берілді

"KAZLOGISTICS" Қазақстанның көлік одағы "Қазақстанның контейнерлеу бағдарламасы" тақырыбына онлайн-конференция өткізді. "Атамекен" ҰКП, "Қазақстан темір жолы ҰК" АҚ, бизнес және мемлекеттік орган өкілдері қатысқан конференция барысында елдегі контейнермен жүк тасымалдау мәселесі  қозғалды.

"Атамекен" ҰКП Президиумы Логистика және көлік комитеті төрағасының орынбасары, "KAZLOGISTICS" ҚКО төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко бірнеше мәселеге тоқталды.

"Әлем елдерінің порттарында, темір жолдарында, логистикалық терминалдары мен орталықтарында контейнермен жүк жеткізу артуда. Жүкті жеткізу уақыты қысқарып, бүлінуі мен ұрлануы азаюда. Жылжымалы құрам да үнемі қажетке жарауда әрі жүк тасымалының осы түрінің экономикалық тиімділігін дүние жүзі мойындады. Кейбір елде 90%-дан астам жүк контейнерлермен жеткізілуде. Өкінішке қарай, біз бұл үрдісте айтарлықтай артта қалып қойдық. Соңғы кезде еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының ұлғаюына байланысты, осы саланы жетілдіру қажеттігі байқалады. Елде контейнермен жүк жеткізу бағдарламасын немесе тұжырымдамасын қабылдау қажет", – дей отырып, Юрий Лавриненко осы саланы ғылыми тұрғыда зерттеу қажет екенін көпшілікке жеткізді.

Сонымен қатар, Логистика және көлік комитеті төрағасының орынбасары бұдан басқа екі мәселені ашып айтты.

"Біріншіден, кеден одағының 2010 жылы қабылдаған кеден кодексінде контейнер көлік құралы болып есептелуіне байланысты, контейнер елге келген кезде, оған уақытша кіргізу құжаттарын әзірлеп, 90 тәуліктен аспайтын уақытқа тіркеуге қою қажет етті. Сарапшыларымыз бен мемлекеттік кіріс комитеті өкілдері Ыстамбұл конвенциясына кіру арқылы, контейнерге "ыдыс" мәртебесін беріп, елде 180 тәулікке дейін қалдыру мәселесімен айналысты. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Ресейде тасымалдау кезінде көліктің нөмірі ретінде вагон нөмірі емес, контейнер нөмірі алынады. Сол себепті, Еуразиялық одақ аясында осы мәселені шешіп алу қажет. Екіншіден, жүкті жеткізудің алғашқы және соңғы шақырымдарында  контейнерді автокөлікпен тасымалдау мәселесі тұр. Елде контейнер таситын тіркеме жетіспейді. Бұл да үлкен проблемаға айналды",  –  деп айтып өтті Юрий Лавриненко.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Павел Соколов еліміздің темір жолмен тасымалдаушы компаниясы жүкті контейнерлеу үшін қандай шара атқарып жатқанын айтып өтті. Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екен.

"Транзиттік контейнерлерді тексеріп қарау шарасы алынып тасталды. Бұдан былай импорттық контейнерлерді шекара бекетінде тексеріп қарау да болмайды. Олар барған станциясында қаралады. Контейнер елге кірген кезде кеден құжаты талап етілмейтін ыдыс ретінде қаралатын Ыстамбұл конвенциясының нормалары қолданылатын болды. Бұл үлкен жеңіс. Шетелден келген контейнерді Қазақстан аумағында 6 ай құжат рәсімдемей ұстауға болады. Рұқсат етілген 90 күнді 180 күнге дейін созу бизнеске көп мүмкіндік береді. Алайда 6 айдан уақыты асып кетсе, айыппұл төлеуге тура келеді. Дегенмен бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз", –  деді Павел Соколов.

Статистикалық деректерге қарағанда, елге таурмен келген контейнерлер көбінесе бос қайтуда. Сол себепті логистика мамандары контейнерлер айналымын нәтижелі пайдалану жолдарын қарастыруды жөн санайды. Осы бағытта нақты ұсыныстар әзірленіп, министірлікке ұсынылмақ.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу