"Қазақстан темір жолы" 16 млрд теңге жоғалтты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8176

"Теміржол көлігі туралы" заңға түзету енгізіледі.

"Қазақстан темір жолы" 16 млрд теңге жоғалтты

Шетелдік жүк жөнелтушілер алаяқтық жолмен "Қазақстан темір жолына" төлем төлеуден жалтарып келіпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі темір жолдағы кезекті "сұр схемаларды" анықтады.

"Жүк жөнелтушілердің Қазақстан аумағы арқылы теміржолдық транзиттік тарифті төлеуден қашуына мүмкіндік беретін логистикалық схемалар қолданылған жүк тасымалдарының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді", – дейді ведомство.

Мемлекеттік орган бұл схеманың қалай жүзеге асатынын әшкерелеген.

Атап айтқанда, "жасырын" транзиттің логистикалық схемаларына жүгінген шетелдік жүк тасымалдаушылар алдымен Қазақстан аумағына өз жүгін теміржол немесе автокөлікпен енгізеді. Бұл ретте жүк заңды түрде импортқа жатқызылады. Яғни "тасымалдау құжаттары" ресімделеді, жүкті бергеннен кейін құжаттарды толық кредиттен шығару жұмысы жасалады. Осыдан кейін дәл сол жүк басқа бір елге теміржол немесе автокөлікпен енді экспорт ретінде жөнелтіледі. Сәйкесінше жүкке жаңа тасымалдау құжаттары рәсімделеді. Ол үшін ЕАЭО тәртібімен ресейлік резидент компаниялар пайдаланылады. Солар тауарлардың Қазақстанға ешқашан әкелінбегенін растайды.

Министрліктің дерегінше, осы схема жүк жөнелтушілерге Қазақстанға транзиттік тарифті төлеуден қашуға мүмкіндік береді.

"Өйткені транзиттік тарифтердің көлемі экспорттық-импорттық тарифтердің көлемінен жоғары. Бұл жағдай "ҚТЖ" ҰК" АҚ қаржылық-экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсер етеді", – делінген министрлік әзірлеген тұжырымдамада.

Айта кетейік, шетелдік, ресейлік тасымалдаушылардың "жасырын" транзит схемаларын қолдануының кесірінен 2018 жылы "Қазақстан темір жолы" 16 млрд теңгеге жуық кірістен қағылған. Былтыр "жасырын" транзит схемасы бойынша тасымалданған жүк көлемі тек өткен жылы ғана 2,2 млн тоннаға жеткен. 2017 жылмен салыстырғанда бірден 57%-ға өскен. Бұл алаяқ транзитшілердің қатары көбейіп жатқанын көрсетеді.

Үкіметтің байламынша, жағдайдың түзелмеуі, заңнамадағы олқылықтар заңсыз тасымалдардың ары қарай ұлғаюына жол береді. Ол өз кезегінде Қазақстан үкіметінің транзиттік жүк тасымалдарының көлемін және олардан түсетін кірістерді ұлғайту жөніндегі міндеттерінің орындалмау қатерін тудыруда.

Бұған "Теміржол көлігі туралы" қолданыстағы заңда "жүк транзиті" ұғымының болмауы себеп болуда. Осының кесірінен тіпті жүк жөнелтушілер "жасырын" транзит схемасын қолдану кезінде ұсталғанның өзінде, артынан сот шешімі солардың пайдасына шешіледі екен. Осы проблеманы жою үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Теміржол көлігі туралы" заңға түзету енгізу ісіне кірісті. Сол арқылы заңнамада "темір жолдағы жүк транзиті" деген ұғым пайда болады, сондай-ақ аталған ұғымды енгізумен байланысты нақтылаушы түзетулер күшіне енуге тиіс.

Айтқандай түзетуден соң, үкіметтің экспорттың ұлғайтылғаны туралы есебі  жоққа шығарылғалы тұр: бұған дейін Қазақстан экспорты саналып келген бірнеше млн тонна жүк енді ресми түрде шетелдіктердің импортына айналуға тиіс. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу