Тараздағы "Әулиеата" әуежайы жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдай бастады

2060

Халықаралық әуе айлағына алғаш рет Моңғолияның "Monholian Airlines" ірі әуе компаниясының жүк ұшағы келіп қонды.

Тараздағы "Әулиеата" әуежайы жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдай бастады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Иран, Түркия, Батыс Қытай мемлекеттерінің Орта Азия нарығына жүк тасымалы арқылы тауар экспортын шығаруының алғашқы қадамы.

"Әуежайымыз Еуропа, Азия мемлекеттеріне жақын әуе кеңістігін байланыстырып отыр. Бүгінгі алғашқы әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалын жүзеге асыру Тараз әуежайының кешенінде ірі жүк ХАБ-ын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде жүк тасымалын ұйымдастыру және логистика – ел экономикасының күретамырына айналуда. Сондықтан Жамбыл өңірінде жүк ХАБ-ының құрылуы – ауылшаруашылық өнімдерін, ет, тірі мал, сондай-ақ медициналық препараттар мен құрылғылар, көлік бөлшектері, экзотикалық өнімдер, техника, электроника экспортын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді", – дейді халықаралық "Әулиеата" әуежайы басқармасының төрағасы Дәулет Хамзин.

Осыдан үш жыл бұрын бұл нысан күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық талаптарға сай қайта жаңғыртылған болатын. Сондықтан, әуежайдың ұшақтардың жолаушылар және жүк тасымалы бойынша барлық санатын қабылдауға әлеуеті жетеді.

Моңғолиялық әуе компаниясы бұл жолғы ұшу рейсін "SCAT" әуе компаниясымен бірлесе жүзеге асырып отыр. Ұшақ Тараз – Ұлан-Батор аралығындағы 4500 шақырымды төрт сағатта ұшып өткен.

Мамандардың сөзіне сенсек, Тараз әуежайы 20 тонна жүк тасымалдау әлеуетіне ие. Бүгінде "Әулиеата" әуежайының өкілдері жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жүргізіп, жамбылдық бизнес өкілдерін әуе қатынасы арқылы тауар тасымалын ұйымдастыру ісіне мейлінше көптеп тартуда. Жақын күндері жамбылдық ет өндіруші агроқұрылымдар өкілдері осы әуе қатынасы арқылы ет экспорттауға дайын отыр.

Ал осыдан үш жыл бұрын халықаралық нарыққа шыққан "Monholian Airlines" әуе компаниясының президенті Хоронсурен Чинбад екі ел арасындағы әуе кеңістігінде жүк тасымалын ұйымдастыруға екі тарап та ынталы екендіктерін алға тартты.

"Бұл байланыс екі ел арасындағы бұған дейінгі қалыптасқан экономикалық қарым-қанытасты одан әрі нығайта түседі", – дейді ол.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу