Ипотека қарқын алды

7314

Елдегі ипотекалық несие беру көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда бір жарым есе өскен.

Ипотека қарқын алды

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй займдарын субсидиялау ипотекалық несиелендіру нарығын қыздыра түсті. 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысында ипотека беру көлемінің өсуі 56% деңгейіне жетті. Бұл туралы 23 қарашада сенатта өткен "дөңгелек үстелде" "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ (ҚИК) басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов мәлім етті.

"Бағдарлама жүзеге асырылғаннан, яғни осы жылдың маусым айынан ипотекалық тұрғын үй займдарының сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі қолданыла бастаған сәттен ипотекалық нарық қарқын алды. 2017 жылдың тоғыз айында коммерциялық банктер (ҚТҚЖБ-ны ескермей) 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ипотекалық несие беру көлемін 56%-ға арттырған. Осы жылдың 21 қарашадағы жағдай бойынша компанияға 10,4 млрд теңгеге 1029 өтініш келіп түскен. Өтініштердің 95%-ы, яғни 9,8 млрд теңгеге берілген 977 өтініш мақұлданды. "Субсидиялау" құралы іске қосылғаннан бері ипотекалық займ беру көлемі ай сайын 102%-ға өскен. Бұл халық тарапынан аталған өнімге деген сұраныстың артқанын көрсетеді", – деді компания басшысы.

Жыл соңына дейін жеңілдікпен ипотекалық несие беру бағдарламасына "Нұрбанк" пен "Цеснабанк" те қосылуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы бұл қатардан "Forte Bank"-ты көріп қалуымыз әбден мүмкін. Әділ Мұхамеджановтың сөзінше, банктер "Нұрлы жер" бағдарламасының аталған бағытына бастапқы жарнаға қатысты жеңілдіктен кейін қызығушылық таныта бастаған.

Оның пікірінше, екі-төрт айдың ішінде қабылданған өзгерістердің тиімділігін көруге болады.

"Ипотека нарығындағы қазіргі жағдайды ескерсек (нақты табысының төмендеуіне байланысты тұрғындардың тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігінің шектеулілігі және қаржыландырудың қымбаттылығына байланысты коммерциялық банктердің ипотекалық өнімдерін дамыту мүмкіндігінің шектеулілігі, сондай-ақ банктердің мүддесінің дұрыс қорғалмауы), "субсидиялау" мен "ипотекалық займ шарттарын өтеу арқылы екінші деңгейлі банктермен қорландыру" құралдарын қолдану ипотекалық нарықты ынталандырудың маңызды тетігі болып табылады", – деді ол.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың маусымынан елімізде "Нұрлы жер" бойынша тұрғын үй займдарын субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Мемлекет аталған бағдарлама шеңберінде субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үй несиесін арзандатады. Осының нәтижесінде тұтынушыға арналған түпкілікті мөлшерлеме 10%-дан аспауға тиіс. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аталған бағытына сәйкес, жаңа үй ғана сатып алынуы керек. Астана мен Алматы қалалары бойынша субсидиялаудың ең жоғары шегі 20 млн теңгеден, ал өңірлерде 15 млн теңгеден аспауы қажет.

Жеңілдетілген ипотеканы бағдарламаның аталған бағытына қосылған банктер арқылы рәсімдеуге болады. Бүгінде жеке тұрғын үй бағытын дамыту бойынша "Сбербанк" АҚ ЕБ, "АТФ Банк" АҚ, "БанкЦентрКредит" АҚ, "Банк ВТБ" АҚ ЕБ және "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жұмыс істеуде. Мемлекет ипотека мөлшерлемесін субсидиялауға жыл сайын 10 млрд теңге бөлуді жоспарлауда. Аталған бағыттың қаржылық операторы – "Қазақстан ипотекалық компаниясы". 

Еркебұлан Қыздарбек, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу