Ипотекалық несие көлемі рекордтық деңгейге жетті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7203

Алматыда ипотека нарығының өсімі бәсеңдеп, өңірлерде қарқын алды.

Ипотекалық несие көлемі рекордтық деңгейге жетті

Екінші деңгейлі банктер тарапынан берілген ипотекалық несиенің көлемі соңғы бір айда 1,3 пайызға өссе, бір жыл ішіндегі өсім 13 пайызға жетіп отыр. Осылайша, қазіргі таңда елдегі ипотекалық несие нарығының көлемі 1,14 трлн теңге деп бағаланды. Соңғы үш жыл қатарынан тұрақты түрде өскен ипотека нарығы есепке алынған соңғы он жыл ішіндегі рекордтық көрсеткішке жетті.

Өңірлер бойынша ипотекалық қарыздың өсім қарқыны жағынан БҚО (+30,3%), Қостанай облысы (+26,8%) және Ақмола облысты (+22,1%) көш басында болса, ипотекалық несиенің жалпы көлемі бойынша Алматы (республикалық нарықтың 26,8%-ы) мен Астана (24,5%) қалалары.

Айта кетерлігі, соңғы айларда елдегі құрылыс қарқынының бәсеңдеуі ипотека нарығына кері әсерін тигізген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындысы бойынша, елде жалпы көлемі 5,8 млн шаршы метр баспана салынды. Бұл былтырғы алғашқы алты айлық көрсеткіштен 4,8 пайызға артық болса, былтырғы өсім 11 пайызды құраған еді.

Ипотеканың қарқын алуына ең алдымен ТҮҚЖБ-ның (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) бағдарламалары түрткі болған. Мәселен, былтыр ашылған "Өз үйім" бағдарламасы бойынша 20 пайыздық алғашқы төлеммен 5-7 пайыздық несие ұсынылған еді. Биылғы "7-20-25" бағдарламасы да нарықты оптимизмге толтырып отыр.

Соңғы бағдарламаның қалай болатыны әзірге белгісіз, ал биылға дейінгі бағдарламалар  мен жалпы ТҮҚЖ банкінің ешқандай жеңілдіксіз нарықтық ипотекасы жалпы ипотека нарығының 46,2 пайызын құрайды. Яғни, республика бойынша ипотекамен қарызға берілген әр екі теңгенің бір теңгесі аталған банкке тиесілі. Жалпы, елдегі ипотекалық нарықтың өсімімен бірге ТҮҚЖ банкінің де саладағы үлесі қарқын алды. Бір жыл ішінде бұл банктің ипотека нарығындағы үлесі 37,7 пайызға бір-ақ көтерілген.

Ипотека нарығы жалпы банк секторының несие нарығын "ұстап" тұрған сектор деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, соңғы бір жылда банк секторының берген несие көлемі 13,2 пайызға құлдырап кеткен екен. Яғни, банктен қарыз алушылар азайды. Соның ішінде бизнестің несиеге жүгінуі күрт төмендеген. Ал қарапайым халықтың рәсімдейтін тұтынушылық несиесі салыстырмалы түрде тұрақты. Бизнестің қарыз алуының азайып кетуінің себебі банк секторының ұщақмерзімді несиелеу мүмкіндігінің жоқтығы.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу