Ірі бизнес ірілігін көрсетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3131

Көп табыс тапқан салалар анықталды.

Ірі бизнес ірілігін көрсетті

Тұтастай алғанда, ірі және орта бизнес үшін дағдарыс аяқталды. Олар табыс табу бойынша соңғы бес жылдағы абсолютті рекорд жасады.

Қазақстандық ірі және орта кәсіпорындар 2018 жылдың басынан бері 7,9 триллион теңге қаржыға өнімін өндірген және қызметін өткізген. Осылайша, бір жыл бұрынғыдан өндіріс көлемін төрттен бірге, 24,7%-ға арттырып отыр. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы осы кезеңде алпауыт және орташа кәсіпорындар ішкі және жаһандық нарықтарда небары 6,4 триллион теңгенің өнімі мен қызметін бұлдай алған болатын.

Ұлттық экономика министрлігі табыс тасқынының қай өңірлерге арқырай ағындағанын да анықтады. Атап айтқанда, барлық өткізілген өнімдер мен қызметтердің 60,6%-ын немесе 4,8 триллион теңгесін небары үш өңір қанжығалаған. Тарата айтсақ, бұл жерде бірінші орынға Атырау облысы шықты: көп өнім мен қызметті жасайтын өндірістік қуаттылықтардың біразын өзінде шоғырландыра алған осы өңір өткен жылы ұқсас мерзімде 1,2 триллион теңге табыс әкелген болатын. Енді биыл бұл көрсеткішін күрт жақсартып, 1 триллион 804 миллиардқа жеткізді. Онымен қатарласа елорда тұрақтады. Астананың да елге әкелген табысы 1 триллион 800 миллиард теңге. Ал бір жыл бұрын 1,3 триллион болатын. "Табысты үштікті" Алматы мегаполисі тұйықтайды. Оның жетістігі – 1 триллион 210,1 миллиард теңге. Өткен жылғы сәйкес кезеңдегі табысы 1,17 триллион теңге болатын.

Бұлардан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы (514 млрд), Қарағанды облысы (497,2 млрд), Ақтөбе облысы (364,6 млрд), ШҚО (336,5 млрд), Павлодар облысы (311 млрд), Алматы облысы (226,6 млрд), Қостанай облысы (168,5 млрд), БҚО (127 млрд), Шымкент қаласы (126,1 млрд), Ақмола облысы (117,8 млрд), Түркістан облысы (116,1 млрд) жайғасты. Тізім соңында Қызылорда облысы (96,8 млрд), Жамбыл облысы (80,6 млрд), Солтүстік Қазақстан облысы (50 млрд) тұр.

Салалар арасында ең көп өнім шығарғаны тау-кен өндірісі болып отыр: оның жалпы көлемдегі үлесі 2,5 триллион теңге немесе 31,5%. Салыстыру үшін келтірсек, өткен жылы бұл сала 1,7 триллион теңгенің өнімін берген. Демек, тегеуріні қатты, өндірісі қуатты.

Ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен құтқаруға тиісті өңдеу өнеркәсібі әзірге алыптығымен мақтана алмайды: ол "Қазақстанда жасалған" таңбалы барлық өнімдердің және отандық қызметтердің 1,6 триллион теңге тұратын 19,9%-дық бөлігін иемденді. Бір жыл бұрынғы табысы 1,3 триллион болатын.

Ал көлік және қоймалау саласы қарқынды көтеріліп келе жатқанын паш етуде: оның жалпыдағы үлесі 13,9%-ға, ал табысы 1,1 триллион теңгеге жетті (2017 жылы – 830,8 миллиард теңге). Яғни, бұл сала өзіне маманданған кәсіпкерлерді "долларлық мультимиллионер" етіп шығаратын дәрежеде. Тек осы үш сектордағы кәсіпорындар 5,2 триллион теңгенің өнімі мен қызметін өткізген.

Құйылған табысы қомақтылары ішінен құрылыс (655,1 миллиард), кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет (543,3 миллиард) салаларын атап айтуға болады. Қалған секторлардың барлығы жабылып жүріп, нарыққа небары 1 триллион 563,7 миллиард теңгенің өнімі мен қызметін ұсына алды.

Осы орайда сарапшылар жалпы алғанда, ірі және орта бизнестің өнімдер мен қызметтерді өткізу арқасында тапқан жалпы табысы 2018 жылдың тек ІІ тоқсанында, дәлірек айтсақ, сәуір-маусым айлары аралығында ғана 4,2 триллион теңгені құрағанына назар аудартады. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңдегіден бірден 32%-ға көп: былтырғы ІІ-тоқсанда 3,2 триллион теңге болған.

Негізінен, отандық ірі және орта бизнес табыс табу жөнінен кейінгі 5 жылда болмаған абсолютті рекорд орнатып отыр.

Мәселен, 2013 жылғы ІІ тоқсанда олардың жалпы табысы небары 2,6 трилллион теңгені, 2014 жылы 3,1 триллионды, 2015 жылы 2,1 триллионды, 2016 жылы 3,1 триллионды, 2017 жылы 3,2 триллион теңгені құрады. Биыл 4 триллиондық белеске шықты.

Байыған бизнес бюджеттің бүйірін қампайтуда. Осы екінші тоқсанда ірі және орта кәсіпкерлер 2,5 триллион теңге салық аударған. Тиісінше, былтырғы жылғы көрсеткіштерінен 49,6%-ға асып түсті.

Қазақстанда көлеміне қарай кәсіпорындар 3 топқа бөлінеді. Соның ішінде "шағын кәсіпорындарға" 50-ге дейін жұмыскері барлары, "орта кәсіпорындарға 51-ден 250-ге дейін адам жұмыс жасайтындары жатады. Ал кәсіпорын ірі саналуы үшін жұмысшылары мен қызметкерлерінің саны 250-ден асуы міндет. 

Биылғы жартыжылдық қорытындысында елімізде 412 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның тек 0,7 пайызы немесе 2 932-і ғана ірі кәсіпорындар саналады. Олардың көбі – 983-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында жұмыс жасайды. Тағы 390-ы "Акционерлік қоғам" болып табылады. Қалғандары – шетелдік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу