Қай бағдарлама бюджетке қымбатқа түсіп жатыр

19199

Барлық бағдарлама ішінде ең арзаны – тілдерді дамыту.

Қай бағдарлама бюджетке қымбатқа түсіп жатыр Фото: sputniknews.kz

Елбасы тапсырмасы бойынша бірнеше жылдан бері елімізде мембағдарламалар санын азайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2014 жылы Қазақстанда 45-тен астам мемлекеттік даму бағдарламасы жұмыс жасаған. Оның ішінде 32-сі экономиканың әртүрлі секторларына тікелей қатысты болған. Қалғаны коррупциямен, терроризммен күрес секілді экономикалық емес бағдарламалар.

Алайда осы қаптаған даму құжаттарын оңтайландыру бағытындағы жұмыстардың қорытындысы жұртшылыққа жария етілмеді. Осыған орай қоғам белсендісі Анель Өтегенова еліміздің бас экономисіне осыған қатысты ақпарат беруді сұрап, жүгінді. 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекетімізде 15 мембағдарлама ғана қалған. Атап айтқанда, олардың арасында мыналар бар:

1. 2015–2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасы;

2. "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы;

3. "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мембағдарламасы;

4. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

5. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы;

6. Индустриялық-инновациялық дамудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

7. Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мембағдарламасы;

8. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мембағдарламасы

9. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мембағдарламасы;

10. Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2019 жылдарға арналған мембағдарламасы;

11. "Цифрлық Қазақстан" мембағдарламасы;

12. 2019–2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту мембағдарламасы;

13. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мембағдарлама;

14. "Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы" бағдарламасы

15. "Ұлттық инвестициялық стратегия" инвестициялар тарту бағдарламасы.

Осыған қарағанда, мембағдарламалар тізімі өзектілендірілген. Себебі, "Электронды Үкімет" порталында елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың мүлдем басқа тізімі ілініп тұр. Дегенмен, ондағы "Қазақстан және Қытай халық республикасының үкіметтері арасындағы 2015–2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасы", "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасы бүгінде әрекетсіз қалғаны байқалады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өзі атаған 15 бағдарламаны қаржыландыруға жалпы сомасы 16,9 триллион теңге қарастырылғанын хабарлады.

"Оның ішінде, "Нұрлы жол" мембағдарламасын жүзеге асыруға 2015–2019 жылдары ең көп сомасы – 4,5 триллион теңге жұмсалады. Оның 1,6 триллионы – Ұлттық қордан, 1,3 триллионы – республикалық бюджеттен, 225,7 млрд теңгесі БЖЗҚ-дан алынады, 811,7 млрд теңгесі шетелден қарыз. Қалғаны – жеке инвестиция. "Нұрлы жер" мембағдарламасына 1,6 триллион теңге бағытталады. Оның ішінде 1 трлн 171,7 млрд теңге – республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған 504,2 млрд теңге – бюджеттен тыс қаражат көздері", – деді Руслан Дәленов.

"Бизнестің жол картасы–2020" мембағдарламасын орындау үшін 261,4 млрд теңге қаражат талап етіледі. Оның 131,4 миллиарды – орталық бюджеттен, 90 миллиарды – жергілікті бюджеттен, тағы 40 миллиарды Ұлттық қордан шығады.

Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту мембағдарламасын қаржыландыруға барлығы 2,8 триллион теңге жоспарланған. Соның басым бөлігін, 1 триллион 740,1 млрд теңгесін – республикалық бюджет, 768 млрд теңгесін – жергілікті бюджет, 266,1 млрд-ын өзге қаржы көздері береді.

"Еңбек" мембағдарламасына 510,6 млрд теңге көзделуде. Тарата айтсақ, 374,7 миллиардын – РБ, 135,8 миллиардын – ЖБ табуға тиіс.

Индустриялық-инновациялық даму мембағдарламасына алдағы бес жылда 878,3 млрд теңге шығындалмақ.

Білім беруді және ғылымды дамыту мембағдарламасы аясында Білім және ғылым министрі 1,9 триллион теңгені игермек. Оның 1 трлн 273,2 млрд теңгесін РБ, тағы 595,1 млрд теңгесін ЖБ бөледі. 

Елжан Біртанов басқаратын министрлік 2016 жылдан бері "Денсаулық" мембағдарламасы аясында 944,9 млрд теңгені, соның ішінде республикалық бюджеттің 550,5 миллиардын, Ұлттық қор және МӘМС аясындағы 320,4 млрд теңгені, сондай-ақ жергілікті бюджеттің 74,1 миллиардын жұмсауда.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мембағдарламасы мемлекетке 1,7 триллион теңгеге түспек: РБ – 769,4 млрд теңге, Ұлттық қордан – 588,4 млрд теңге, ЖБ – 290,8 млрд теңге, бюджеттен тыс қаржы көздерінен – 91,7 млрд теңге.

Туристік саланы дамыту мембағдарламасын қаржыландыруға биылдан бастап, бес жыл ішінде 1,4 триллион теңге жоспарланған. Оның 268,1 миллиарды – республикалық бюджет, 172,2 миллиарды – жергілікті әкімдіктердің бюджеті, 360,6 миллиарды – өзге қаржы көздері, 584,7 млрд – инвестиция.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мембағдарламасы аясында негізінен, үкіметтік емес ұйымдар, құзырлы құрылымдар 270,1 миллиард теңге иеленеді. Оның 209,4 миллиард теңгесі – республикалық, ал 60,7 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен алынады.

"Цифрлық Қазақстан" мембағдарламасы бизнесті шығындату сыртында, 141 миллиардқа бюджет қалтасын да қағады.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2019 жылдарға арналған мембағдарламасы – ең арзаны, оған небары 36,1 млрд теңге беріледі.

"Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы" және "Ұлттық инвестициялық стратегия" бағдарламаларына мемлекеттік қаржыландыру қарастырылмаған.  

Осылайша, 15 бағдарламаның 13-і – тікелей экономикаға қатысты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу