"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы 4 мақсатының үшеуін орындай алмауы мүмкін

10707

Рахым Ошақбаев осындай пікір білдірді.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы 4 мақсатының үшеуін орындай алмауы мүмкін Фото: ortcom.kz

"2010 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасына аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту міндеті жүктелді. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама шағын және орта бизнесті ілгерілету арқылы ұлттық экономикаға серпін беруге тиіс еді. Уақыт өте келе елімізде басқа бюджеттік бағдарламалар пайда болды. Оның ішінде "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар", – деді Рахым Ошақбаев "Шағын және орта бизнестің дамуы Президент назарында" деген тақырыппен елорда да өткен жиында.

Оның ойынша алғашқы бесжылдықта мемлекеттік бағдарлама мақсатына жеткен жоқ. Бір бағдарламаның нәтижесін көрмей жатып, екінші бағдарламаны іске қосу мәселе шешудің тиімді тәсілі емес.

"Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасының 3 редакциясы бар. Бағдарламаның өткен бесжылдығын сараптайтын болсақ, нысаналы индикаторлардың екеуі ғана орындалды. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 12,5%-ға жетуге тиіс еді, алайда керісінше жағдай орын алып, көрсеткіш 10%-ға төмендеді. Шикізаттық емес экспорттың 40%-ға жетеді деген көлемі, 30%-дан 25%-ға қысқарды", – деді Рахым Ошақбаев.

Оның пікірінше, келесі жылы аяқталатын "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы алға қойған 4 мақсатының үшеуін орындай алмауы мүмкін.  

"Қазір осындай қауіп төніп тұр. Салдарынан аталмыш бағдарламаның шикілігі бар немесе ол тиісінше жүзеге асырылмайды деген қорытынды шығаруға тура келеді", – деді "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры.

Айта кетейік, "Бизнестің жол картасы -2020" мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылғалы жатыр. Оған жыл сайын 30 млрд теңге бөлінеді деген болжам бар. Айтпақшы, бағдарламаға құйылған қаржы мемлекетке салық түрінде 224 млрд теңге болып оралуға тиіс.

Жаңа бағдарлама аясында 3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылуы мүмкін.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу