Қайталама нарық қайта қаралады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14400

"Баспана" ипотекалық ұйымының" жаңа бағыты жеке тұлғалардан тиімді шартпен үй сатып алуға жағдай жасайды.

Қайталама нарық қайта қаралады

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков алдағы уақытта "7-20-25". Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бағдарламасын іске асырудың қаржылық операторы болып бекітілген "Баспана" ипотекалық ұйымының" жаңа бағыты арқылы қайталама нарықтан үй сатып алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Біз "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ-ның қызмет көрсету аясы кең болуын ерекше назарға алдық. Сәйкесінше қаржылық операторға басқа бағдарламаларды да жүзеге асыру міндетін жүктедік. Ипотекалық ұйым үйсіз жүргендердің ғана емес, қайталама нарықтан үй алғысы келетіндердің де мәселесін қарастыру құқығына ие. Біраз уақыттан соң "Баспана" ипотекалық ұйымының" қайталама нарықтан үй сатып алу бағыты іске қосылуы мүмкін. Атап көрсетерлігі, жаңа бағыттың шарттары мен талаптарының "7-20-25" бағдарламасына қатысы болмайды", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, қайталама нарықтан үй сатып алуға  рұқсат беретін бағыт биыл іске қосылады.

"Мәселе алдағы 2-3 айда шешімін табуы тиіс. Қойылатын талап басқа болғанымен, азаматтарға тиімді шарт ұсынылады. Алғашқы жарна көбірек сұралады. Үстемеақы нарықтың сұранысына жетеқабыл болса да, қазіргідей 14%-ды құрамайды, алайда 7% болмайды", – деп нақтылады Олег Смоляков.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының түсіндіруінше, "Баспана" ипотекалық ұйымы" арқылы жүзеге асырылатын жобаның алғашқы кезеңінде бастапқы нарықтағы тұрғын үйлер ғана қарастырылады.

Олег Смоляковтың сөзінше, "7-20-25". Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру"  бағдарламасына меншік құқығында тұрғын үйі жоқ, жатақханада немесе апатты жағдайдағы үйде тұрып жатқан азаматтар қатыса алады. Тағы бір шарт жоғарыдағы санаттағы адамдардың ипотекалық қарызы болмауға тиіс.

Журналистер Олег Смоляковтан бағдарламаға қатысу үшін баспанасы бар азаматтар қулыққа барып, меншіктеріндегі үйді туысқандарының атына ауыстырып жіберсе не болады деп сұрады. Бұған Ұлттық банк төрағасының орынбасары: "Бұл теория жүзінде ғана мүмкін" деп жауап берді.

Айтпақшы "7-20-25" бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер де баспана алу құқығына ие болды. Осыдан біраз бұрын "Атамекен" ҰКП жеке кәсіпкерлер коммерциялық қызметтен түскен табысымен үкіметтен үй ала алмай жүргенін, оларға мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі берілмегенін алға тартып, Ұлттық банкке хат жолдаған болатын. Өз кезегінде Ұлттық банк ресми жауап беріп: "Бағдарламада жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу қарастырылмаған және әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, әлеуметтік әлсіз топты қосқанда барлық азаматтар қолдана алады", – деп мәлімдеген.

Қаржы реттеушісінің хабарламасында "7-20-25" бағдарламасы әлеуметтік мақсат үшін құрылмағаны, еңбек және кәсіпкерлік қызметтен тұрақты табысы бар әрбір азаматқа тұрғын үй мәселесін шешуге және отбасылық бюджетке зиян келтірместен ипотеканы төлеуге мүмкіндік беру үшін жүзеге асырылатыны нақтыланған.

"Ипотекалық жаңа бағдарлама қалың көпшілігікке арналған, оған тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар қатыса алады", – деп көрсеткен Ұлттық банк.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" атты ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бекітілді. Ипотекалық қарыздың сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін. "Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады.

Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады: 25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында; 15 млн теңге – басқа өңірлерде.

Бағдарлама биылғы жылдың екінші жартысында жүзеге асырылады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу