Қайырымды жандар ынталандырылады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5394

КҰП қайырымдылық жасауды ынталандыру бойынша бірқатар құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауды ұсынды.  

Қайырымды жандар ынталандырылады

Атырауда өткен  мемлекет – ҮЕҰ – бизнес ынтымақтастығының "ASAR"  алғашқы республикалық үшжақты серіктестік форумына ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, ҚР "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы және Атырау облысының әкімдігі қатысты.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев форум барысында қайырымдылық жасаудың басымдығы, бағыты мен ауқымын әр адам өз мүмкіндігіне қарап белгілейтінін айтты. 

"Табысты бизнес құрған кәсіпкер қауымдастықта сапалы өзгеріс жасауға  ұмтылатыны сөзсіз. Қайырымдылық тап осы үшін үлкен мүмкіндік береді", – деді ол.  

Бұл ретте бейресми бағалау бойынша қайырымдылықты бірыңғай реттейтін ортаның жоқ екендігі туралы сөз қозғауға болады. Қайырымдылықтың институтциональдық ортасы көбінесе әртүрлі қорлар және әлеуметтік сипаттағы іс шараларды қолдау мен қаржыландыруға бағытталған ұйымдардың бағдарламасы арқылы ұсынылады.

Эльдар Жұмағазиев Қазақстанда қоғамның дамуына қайырымдылықтың қалай әсер етіп жатқаны мен қолданыстағы жеңілдіктерді пайдалану тетіктерінің тиімділігін бағалауға мониторинг жүргізілмейтінін айтты.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2015 жылы қайырымдылық бойынша салық төлеуге жеңілдік нормаларын пайдаланған кәсіпкерлердің саны екі мыңнан асқан, ал салық салынатын табыстың сомасын кеміту шамамен 46 млрд теңге болған, сондай-ақ 2017 жылы екі мыңнан астам кәсіпорын және салық салынатын табыстың сомасын кеміту 48  млрд теңгеге жуық болған.

ҚР салық заңнамасында салықтық жеңілдіктер қарастырылған, яғни салық төлеу барысында ірі салық төлеушілер мониторингінде тұрған салық төлеушілер үшін минус 3%, жоғарыда көрсетілген салық төлеушілерден басқа салық төлеушілер үшін минус 4% деп көрсетілген жеңілдік бар.  

Сарапшылардың пікірінше, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда қайырымдылық жасау тәжірибесі жақсы дамымаған. Мысалы, Ұлыбританияда қайырымдылық жеңілдіктері мөлшеріне шектеу жоқ, компаниялар табысының жүз пайызын қайырымдылық жарнасына жібере алады, бұл сомадан табыс салығын төлемейді. Осындай салықтық жеңілдіктер тәжірибесі – АҚШ-та (10%), Қытайда (12%), Сингапурда (есептеу саясаты) бар.

Жапонияда қайырымдылық қаражаты 0,125 капиталға, сонымен қатар фирманың 1,25 таза пайдасына дейінгі мөлшерде салық шығыны іспетті жазылуы мүмкін. Жеке тұлғалар қайырымдылыққа салық салынатын соманың  жылдық табыстың 25%-на дейін шегере алады.  Германияда қайырымдылық жасайтын фирмалар пайданың 10% мөлшеріндегі, ал жеке тұлғалар табысының 10%-на дейінгі салықтан босатылады.   

CAF (Charity Aid Fondation) мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстан әлемдік қайырымдылық рейтингісінде 135 елдің ішінде 96 орында болған.    

Елдегі қайырымдылықты дамыту жағдайы үш критерий бойынша бағаланады. Олар – қайырымдылық ұйымдарына ақшалай жәрдем беру, азаматтардың қайырымдылыққа волонтер ретінде қатысуы және мұқтаж жандарға көмек көрсету.

"Бизнес-қауымдастықтың мүддесін қарастыратын КҰП-қа әртүрлі себеп бойынша материалдық және қаржылық көмек көрсетуді сұрап өтініш жасайтындар көп. КҰП коммерциялық емес қоғамдық ұйым болғандықтан және атқаратын міндеттерінің форматын ескере отырып тікелей қайырымдылық немесе материалдық көмек көрсете алмайды. Бірақ пікірталас ұйымдастырып, кәсіпкерлер арасында пікір алмасып, ұсыныс әзірлей алады", – деді Эльдар Жұмағазиев. 

Жалпы алғанда қазіргі қолданыстағы құқықтық  шарттар қайырымдылықты жүйелі дамыту мүмкіндігін қарастырады. Алайда КҰП басқарма төрағасының орынбасары қайырымдылық жасауды ынталандыруды күшейту бойынша бірқатар құқықтық және ұйымдастырушылық шара қабылдау қажет деп есептейді.

Қайырымдылықты жүйелі және кәсіби дамытуға көмектесу үшін ұлттық палата әлеуметтік инвестиция  саласын қалыптастыру үшін "Атамекенім" акциясын іске қосты. Бұл акция негізінде әлеуметтік проблемалар тізілімі жасалып, қайырымдылық жасау мен әлеуметтік инвестицияға қатысты ұсыныстарды ынталандыру шаралары талқыланады. 

"Отанға деген патриоттық сезім және біздің қоғамның өмір сүру сапасына деген жауапкершілікті түсіну – акцияны өткізуге түрткі болды. "Атамекенім" акциясының негізінде мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында көрсетілген идеялар жатыр. Туған жерін қолдау мақсатында әлеуметтік жауапкершілікті және қайырымдылық мәдениетін дамыту мәселелері бойынша кең көлемде талқылау өткізіп, оның қорытындысы бойынша ұсыныс жасалуға тиіс", – деді Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекенім"  акциясын облыс кәсіпкерлері және Алматы, Астана қалаларының кәсіпкерлері қолдап отыр. Бүгінгі күні КҰП сайтында ұсынылған туған жерді қолдаудың әлеуметтік проблемалары тізіліміне 970-ке жуық проблема тіркелді.

Шара шеңберінде ауылдық жерлерді көркейту, ауызсумен қамтамасыз ету, тіршілік үшін инфрақұрылымның жоқтығы, орталық кәрізге су құбырлары мен кәріз желісін қайта жаңғыра отырып жүргізу, жол жөндеу, көліктік қатынасы, оқушыларды тасымалдау, шағын балабақшалар, мәдениет үйін және т.б  салуға байланысты проблемалар қарастырылады. Сондай-ақ КҰП қайырымдылық жасау және әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесін көпшілікке таныту мақсатында кәсіпкерлердің (жұмыс берушілердің) әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуы туралы ақпараттық кейсті қалыптастыруға қатысты жұмысты жалғастырып жатыр. Бүгінгі күні корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің (КӘЖ) 240 тәжірибесі туралы кейс жинақталған. Кейстерді жинау және тарату кәсіпкерлік субъектілеріне арналған ынталандыру мен оқытудың жақсы құралы болу мүмкін.

Акцияның басты тақырыбы – ынталандыру механизмі бойынша ұсыныстарды талқылау мен әзірлеу болды.

Негізінен әңгіме қайырымдылық жасауды моральдық көтермелеу арқылы ынталандыруды күшейту туралы болып отыр.

Кәсіпкерлер "Парыз" орденін мемлекеттік марапаттау ретінде бекітуге қолдау білдірді. Қазақстандықтарды қайырымдылық идеясын ілгерілету және қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру, қайырымдылық бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларды іске асыру, табысты әлеуметтік кәсіпкерлік, демеушілік көрсету, әлеуметтік жауапкершілік принциптерін енгізу және тұрақты дамуға қол жеткізуге қосқан үлесі үшін марапаттау ұсынылды. Сонымен қатар 2008 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан "Парыз" әлеуметтік жауапкершілік байқауына қатысты критерийлерді жетілдіру сөз болып отыр.  

Байқауды жетілдіру мақсатында КӘЖ және қайырымдылыққа жүйелі түрде қаржы бөлгені ескеріліп – "Үздік қайырымдылық жобасы" немесе "Қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін" номинациясын беру, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған кәсіпкерлік жұмысты жүргізуге – "Үздік әлеуметтік кәсіпкер" номинациясын беру  ұсынылды. 

Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Эльдар Жұмағазиев ынталандыру және моральдық сипаттағы белгілі артықшылықтарды қарастыруды, оның ішінде қайырымдылық жасау процесі кезінде олардың  жасаған әлеуметтік инфрақұрылымның жекелеген нысандарына (мектеп, балабақша, мәдениет және спорт нысандарына) өздерінің атын беруді ұсынды.

КҰП  әлеуметтік жауапты компанияларға қатысты қоғамның жаңа мінез-құлық стандартын енгізу қажет екендігіне тоқталып кетті. Мысалы, көптеген батыс елінде сатып алушылар халықтың тұрмысы нашар тобына қайырымдылық жасайтын және жұмыскердердің еңбек құқы сақталатын компаниялардың тауарларын алуға тырысады.

Эльдар Жұмағазиев қоғамда қайырымдылық жасаудың мәдениеті жоқтығына да тоқталды. Қоғамның түсінігі бойынша қайырымдылықты тек бизнесмендер немесе бай адамдар ғана жасау керек.  

"Сонымен бірге дамыған елдерде бала кезден қайырымдылық жасауға үйретеді. Бүгінгі күні Қазақстанда волонтерлық қозғалыс процесі, қайырымдылық концерттері мен  мерекелері жақсы өріс алып келеді. Бізде бұл механизмдер әзірге аз. Тағы бір айта кететін жайт – ірі қайырымдылық жасаушылардың қайырымдылықтың қаржылық жақтары туралы ақпар беруден қашқақтауы. Жариялаудан неше қашады, оған белгілі себептер бар. Осыған байланысты қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қайырымдылық жасаудың қоғамға тиімділігі мен әсер етуінің оң тәжірибелері жайлы айту  қажет", – деді ол.  

КҰП басқармасы төрағасының орынбасары бұл бастамалар бойынша бизнеске жан-жақты көмек көрсету, медиакампаниялар жүргізу, үздік тәжірибелерді көпшілікке таныту, сондай-ақ бизнесті ерікті әлеуметтік жауапкершілікті белсенді танытуға ынталандыру керектігін атап кетті.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев  ASAR форумы жыл сайын еліміздің әр өңірінде өткізілетін болады деп отыр.

"Мемлекет басшысы өзінің  "Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында  патриотизм өзінің жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне, туған жеріне деген махаббаттан басталады деп көрсеткен.  Осыған байланысты  дін істері және азаматтық қоғам министрлігі "Рухани жаңғырту" бағдарламасы аясында "Атамекен" ішкі бағдарламасын жүзеге асыруда. Бүгінгі іс шара осы бағдарламаның аясында өтіп жатыр", – деді министр.  

Сондай-ақ Нұрлан Ермекбаев ASAR диалогтік алаңын өткізу – мемлекет– ҮЕҰ – бизнес ынтымақтастығын үшжақты дамыту бойынша жүйелі жұмысты жасауға мүмкіндік беретінін айтты. Алаң үнемі ынтымақтастық жасаудың іргетасы болады, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуде азаматтық қоғамның белсенділігін арттырады.

"Үшжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша жаңа инновацияларды, тың идеяларды іске асыру үшін ASAR форумы жыл сайын еліміздің әр өңірінде өткізілетін болады", – деп атап кетті ол.   

Форум барысында ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі барысында кәсіпкерлердің қолдауына ие болған жобалармен танысты.

Жәрмеңкеге әртүрлі бағыттағы 137 жоба қатысқан. Жәрмеңке ҮЕҰ-ға Қазақстан  кәсіпкерлерінің әлеуметтік проблемаларды  шешуіне бағытталған өз жобаларын ұсынуға керемет мүмкіндік береді.  

Форумға қойылған 10 жоба қазірдің өзінде бизнестің қолдауын алды. Оның ішіндегі бес жоба – Атырау облысынан, бір жоба – Астана қаласынан, екі жоба Батыс Қазақстан облысынан, біреуі Солтүстік Қазақстан облысынан және бір жоба Жамбыл облысынан.

Мысалы, "Талап"  қолданбалы зерттеу орталығы ұсынған (басшысы Рақым Ошақбаев) "Open budget. Қазақстан республикасының ашық бюджеті" жобасын "Mirusdesk Қазақстан" ЖШС қолдады. Осы жоба барысында  OpenBudget.kz онлайн-сервис құрылады, бұл бюджеттік шығындарға сараптама мен мониторинг жасау мүмкіндігін ұсынады.

Сондай-ақ "Атырау облысының азаматтық альянсы" ҚҰ-ның "Венера" инклюзивті шеберханасын құруға қатысты жобасы да бизнесмендердің қолдауына ие болды. Шеберхана мүгедек балалардың әдеттерін әлеуметтендіру мен дамытуды мақсат тұтады. Бұл жобаны "Орда логистик" ЖШС қолдап отыр.

Қазақстандық бизнесмендер мен ынта білдірушілер барлық жобаны asar2017.kz сайтынан көріп, танысып, олардың іске асуына үлестерін қоса алады.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу