Қала мәдениеті Қызылорда аумағынан басталған – археолог

​Археолог Жанболат Утубаев Бәбіш мола қаласы Хорезм мемлекетінің бір жұрнағы емес, Сырдарияның аумағында өмір сүрген тайпалардың мемлекеттік құрылымы болғанын айтады.

Қала мәдениеті Қызылорда аумағынан басталған – археолог Фото: inbusiness.kz

Қазір сексеуіл ағашы әр жерінде көрінетін бұл төңіректе бұрын емен, қарағай сынды алып ағаштар өскен. Кәсіби құмыра жасайтын көзешілер ауылының да ізі байқалады. Ең бастысы, суландыру жүйесі жақсы дамыған орталық қала болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп тұр.

Inbusiness.kz тілшісі Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 70 шақырым жол жүріп, Бәбіш мола қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарымен танысып қайтты.

Бүгінгі күні Бәбіш моладағы жұмыстар елімізге белгілі археологтар Ж.Құрманқұлов, Ж.Утубаевтың жетекшілігімен атқарылып жатыр. Экспедиция жұмыстарына қосымша Ресейдегі Шығыс музейінің бөлім меңгерушісі С.Болелов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары да қатысуда.

Археолог Бәбіш мола сол уақыттағы сақтардың астанасы болғанын айтты.

Біз сақтардың тікелей ұрпағы деп осы шірікрабаттықтарды айтамыз. Бұған дейін Бәбіш мола Хорезм мемлекетінің бір жұрнағы ретінде қарастырылып келген. Біздің ойымызша бұл Сырдарияның аумағында өмір сүрген тайпалардың мемлекеттік құрылымы болған. Яғни, Хорезммен көршілес мемлекет. Оған дәлел, үлкен-үлкен ескерткіштері бар. Бәбіш мола, Шірік-Рабат, Бұланды (Баланды), т.б. қалалар бар. Олардан бөлек 200-ге тарта ауыл болған. Мысалы, Бәбіш моладан қыш өндіріс орталығы 5 шақырым жерде орналасқан. Бәбіш мола мен Шірік-Рабат арасы – 40 шақырым, сол секілді Бәбіш мола мен Бұланды арасы да – 40 шақырым. Кеңес өкіметі кезіндегі ғалымдар Шірік-Рабатты астана деп кеткен. Біз 2004 жылдан бері зерттеу жұмысын жүргізіп келеміз. Содан бері көптеген жұмыс атқарылды. Сақтардың үлкен ғұрыптық орындарын таптық. Онда сақтардың абыздары, жауынгерлері жерленген. Негізгі астанасы осы Бәбіш мола болған. Өйткені, храмдары, шахристаны қасында, - деді Ж.Утубаев.

Бәбіш моланың көлемі – 5 гектар. Бұл – тек қаланың өз аумағы. Қамал сыртында қарапайым адамдар күн кешкен. Яғни, қаланың жалпы аумағы одан да көп екені анық. Қаланың кіреберісі талай мыңжылдықтарды артқа тастап әлі тұр. Бөлек мұнарасы да бар. Ондағы оқ ататын ойықтары да сол күйі сақталған.

Биыл облыс көлемінде 3 қалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Мұны "Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі" КММ-ның директоры Ерғазы Алданазаров айтып берді.

Облыс әкімінің қолдауымен биыл 3 қалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар – Жаңақорған ауданындағы Сығанақ, Қазалы ауданындағы Жанкент және Қармақшы ауданындағы Бәбіш мола қалашығы.

Бүгінгі күні Бәбіш мола қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген зат, бұйымдар табылып, олар музейге қойылып жатыр. Жылдағы лимит бойынша әр қазба жұмысына 7 миллион 200 мың теңге бөлініп отыр, - деді ол.

Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандар жұмыстардың нәтижесі ретінде монография шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ, келесі жылы шетелдік ғалымдардың қатысуымен семинар өткізсек дейді. Басты мақсат – қала өркениетінің осы аумақтан басталғанын көрсету.

Бұған дейін ШҚО-да алтын адам табылды деп жүрміз, олардың бәрі – дала мәдениеті. Ал, Бәбіш мола – нағыз қала мәдениеті. Мұнда климат өте қолайлы, шөбі шүйгін, жері шұрайлы болған. Ол аз десеңіз, Орта Азия көрші тұр. Шірік-Рабат халқы тікелей Оңтүстік пен Солтүстік шекарасында орналасқан. Бұл сауда-саттықтың дамығанын білдіреді. Әрі табылған заттардың бәрі Бәбіш моланың орталық болғанын дәлелдейді.

Біз осы жұмыстардың нәтижесі деп монография шығарғымыз келеді. Келесі жылы біз осы жерге отандық және шетелдік ғалымдарды шақырып семинар өткізсек деген жоспар бар. Мысалы, Сығанақ, Сауран, Отырарды қала өркениеті деп көрсетеміз. Бірақ, олар – орта ғасырдыкі. Яғни, Алтын Орда дәуірінен кейінгі қалалар дамыған кездегі өркениеттер. Ал, оған дейін не болды? Оны да зерттеу керек шығар, сондықтан осы жұмысқа белсене кірістік, - деді Жанболат Утубаев.

Шыны керек, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Бұланды секілді қалалардың қай-қайсын алып қарасаңыз да, сырын ішіне бүккенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде көпжылғы еңбекті қажет етеді. Әрі дәл осы жерлерді туристік нысан етуге болады. Бірақ, ол үшін әуелі инфрақұрылымын жақсарту керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу