"Қара құрлық" елдері Қазақстаннан инвестиция іздейді

2376

Бүгін елімізге Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва келді.

"Қара құрлық" елдері Қазақстаннан инвестиция іздейді Фото: akorda.kz

Айта кету керек, бұл бүкіл ұлы даланың тарихындағы және Мономотапа империясының (Зимбабве соның мұрагері саналады) тарихындағы биік деңгейдегі тұңғыш ресми сапар болып отыр.

Африкадан келген биік мәртебелі мейманын өз ақордасында президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Осы орайда елбасы резиденциясында қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін мемлекет басшылары сымдай болып тартылып, шеру құрған сарбаздар алдынан жүріп өтіп, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер залына кірді.

Қазақстан президенті еліміздің Зимбабвені алыссынбай, қайта ішке тартып, өзара қарым-қатынастарды тереңдетуге мән беретінін білдірді.

"Біз сыртқы саясатымызда, соның ішінде Африка бағытында кең ауқымды сауда қарым-қатынастарын дамытуға және халықаралық бастамаларды өзара қолдауға ұмтыламыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Зимбабве басшысы ілтипат танытып, Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызып, Зимбабве делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін оған алғыс айтты.

Кездесу барысында екі елдің қай салаларда ықпалдастықты кеңейте алатындары анықталды. Атап айтқанда біздің еліміз Африка құрлығының оңтүстік бөлігіндегі осы мемлекетпен ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша екіжақты ынтымақтастық орнататын болды.

Сондай-ақ біздің инвесторлар Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғыртуға, бұдан бөлек оның қайта өңдеу салаларына қаржы салуға тартылмақ. Бұл ретте африкалықтар іске асыру бірлескен жобаларды ұсынуға дайын екен.

Зимбабвені ұзақ жылдар бойы Роберта Мугабе басқарғаны мәлім. Эммерсон Мнангагва билік басына тек таяуда ғана келген. Енді ол өз елінде реформалар мен жаңғырулар жүргізбек. Бұл тараптағы Қазақстанның тәжірибесі де қонақтарды қызықтырды. Өткен жылғы жаздағы сайлауда жеңіске жеткен Мнангагва мырза бар істе прагматикалық ұстанымды ұстанатынын мәлімдеді. Бұл соның ішінде сыртқы әлеммен, әсіресе бірінші кезекте халықаралық қаржы институттарымен қарым-қатынастарды жолға қоюды қарастырады.

Айтқандай, ел президенті ретіндегі алғашқы сапарларының бірін де ол қазақ еліне жасады. Бұл да біраз жайттан хабар берсе керек.

"Қазақстандық бизнесмендерде әзірге Африкада, соның ішінде Зимбабведе жұмыс істеу, бизнес жүргізу бойынша тәжірибе тым аз. Біздің кәсіпкерлер ол жақтың заңын, кадрлық ресурсты қайдан алып, жұмысшыларды қалай жалдауға болатынын білмейді. Екі ел арасында тікелей, екіжақты келісімдер де жоқ. Бірақ біз жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте бермей, ол жақ нарығына да шығу жолдарын қарастыруға тиіспіз. Бұл ретте Африка құрлығын қазір ен жайлап жатқан көрші Қытайдың тәжірибесін зерделеуге болады", – дейді кәсіпкер Марат Тілекболов.

Оның айтуынша, бұл келіс АҚШ пен еуропалық одақ санкцияларына жауап ретінде Зимбабве үкіметі жариялаған "Шығысқа бетбұрыс" (Look East Policy) саясатының заңды жалғасы болып саналады.

Сонымен бірге сарапшылар бұл елдегі бизнеске аса сақтықпен қарауға шақырады. Өйткені елдегі саяси тұрақтылық енді-енді ғана қалыптасуда. Оның үстіне биліктің бизнеске негізсіз араласуының да мысалы бар. Мәселен, 2016 жылы Зимбабве алмас өндірісін мемлекеттендіру жүргізу салдарынан трансұлттық "Rio Tinto" да, сондай-ақ ресейлік "Зарубежгеология" да бұл елден кетуге мәжбүр болды.

Қазақстандық-зимбабвелік ірі жобалар болмағандықтан, саралау үшін көршінің тәжірибесіне үңілу керек. Нақтырақ тоқталсақ, ресейлік "Зарубежгеология" (халықаралық бренді OZGEO) компаниясы Зимбабвенің даму қорымен (Development Trust of Zimbabwe, DTZ) "DTZ-OZGEO" атты бірлескен кәсіпорын құрған болатын. Кәсіпорын Чиманимани (Chimanimani) ауданында алмас, ал Пеналонга (Penhalonga) ауданында алтын өндіруге кірісті. Бірлескен компания бұл жобаларға 97 миллион доллар құйған екен. Алайда саланы шоғырландыру бойынша реформа аясында зимбабвелік тарап ресейлік компанияны "DTZ-OZGEO"-дағы 40% үлесін сатуға жүгіндірді және ол үшін небары 5,4 млн доллар өтемақы берген.

Демек, бұл елге қаржы салмас бұрын инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімдер базасы толыққанды құрылуы керек.

Ал оған дейін Қазақстан Африкадағы бұл мемлекетке отандық өнімдерді сатуға бейіл болып отыр.

Ақордадағы келіссөздер аяқталған соң екі елдің ақпарат құралдары алдына шыққан елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің тек қос мемлекет арасындағы ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Африка аймақтары арасындағы қарым-қатынастарды нығайту процесінде "тарихи мәнге ие" екендігіне назар аудартты.

Қазақстан президенті келіссөздер барысында "саяси диалог пен сауда ынтымақтастығын кеңейту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгенін" мәлімдеді.

"Бұған қоса, жекелеген бағыттарда қатынастарды жолға қою перспективалары бар. Біздің елдеріміз арасында ұқсастықтар да жетерлік. Зимбабве де, Қазақстан сияқты жер қойнауы қазынаға бай ел. Біздің ауыл шаруашылығы салалары да ұқсас дамуда. Қазақстан тау-кен өндірісі өнеркәсібінде, Зимбабвеге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуде ынтымақтасу мәселелерін қарастыруға және тәжірибе алмасуға дайын", – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Зимбабведегі пайдалы қазбаларды өндіруге қатысуға ниетті. Елбасы сонымен қатар еліміздің Зимбабвенің көлік-логистикалық желісін жаңғыртуға, өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысуға ықылас танытатынын жеткізді.   

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу