Карантин бизнес пен алматылықтарға қандай қиындық әкелді?

8559

Індетке тосқауыл қойған блок-посттар өзге түйткілдерді туындатуда. 

Карантин бизнес пен алматылықтарға қандай қиындық әкелді?

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар Алматы әкімінің батыл әрі шешімді қимылына ризашылық білдіріп жатыр. Мәселен, коронавирус анықталған тұрғын үй кешендері мен аудандар оқшауланып, тұрғындарына сыртқа шығуына тыйым салынған. Нұр-Сұлтанда ондай батыл әрекеттер байқалмайды. Халық, соның ішінде балалар көшеде өріп жүр. 

Арнайы мемлекеттік комиссия өз шешімімен 19 наурыздан бастап қос мегаполисті бірдей карантинге жапқаны мәлім. Тиісінше, Алматы қаласы бірден қатаң шараларға кірісіп, шаһарға кіруге және сыртқа шығуға тосқауыл қойды. Ал елордадан халық 22 наурызға дейін өзге өңірлерге тарап жатты. Мысалы, көптеген ата-ана қауіпті аймақтан аулақтату үшін балаларын ауылдағы ата-әжелеріне апарып тастаған. Оның үстіне астанада карантин аумағына қала маңы ауылдары мен кенттері де енгізілді. Салдарынан, індеттің жайылу аумағы кеңейген.

Осы орайда сарапшылар шектеу шаралары босаңдау болғандықтан және кештеу енгізілгендіктен Нұр-Сұлтан қаласында карантиннің қандай түйткілдер әкелгенін бағамдау әзірге ерте екеніне назар аудартады. Сондықтан оны Алматы мысалында көруге болатындай.

Мегаполисте Алматы облысынан жарты миллион (500 мыңдай) адам қатынап жұмыс істейтіні анықталды. Олардың барлығы қазіргі кезде жұмыс орнынан тыс қалған.

"Біздің кәсіпорын жұмыскерлерінің 90 пайызы қала маңында тұрады. Біразы уақытша демалысқа шығарылды. Бірақ өз еркімен жұмысын жалғастырғандары үйлеріне оралса, блок-пост сыртында қалатын болды. Сондықтан біз қаптатып матрас сатып алдық. Бүгінде олар кәсіпорын ғимараты ішінде жерде, матраста ұйықтауға мәжбүр. Карантин жойылғанша, осылай жұмыс істейді", – дейді компания жетекшісі Василий Стоянов.

Қалаға кіруге тыйым салынуы көптеген компаниялардың бас ауруына айналды. Мысалы, еліміздегі темірбетон бұйымдарын және көпір конструкцияларын шығаратын аса ірі зауыт "LCI-MK" күйзеліске кезіккен екен. Бұл өзге өңірлерге де кесірін тигізуі ықтимал.

"Біз келісімшарт бойынша Қазақстанның көптеген стратегиялық маңызды нысандарына өнім жеткізуге тиіспіз. Олардың арасында "Мерке–Бурылбайтал", "Үшарал–Достық", "Қалбатау–Майқапшағай", "Талдықорған–Қалбатау–Өскемен", "Қарабұтақ–Рудный–Қостанай" және басқа да республикалық маңызды автожолдар бар. Зауытымыз қала маңына жақын аймақта, қаланың Түрксіб ауданында орналасқан. 373 жұмысшының 250-і – қаламаңы тұрғыны. Өндірісті тоқтату жеткізілімдер бойынша келісімшарттардың бұзылуына соқтырады. Бұл зауытты орасан зор шығынға отырғызады, айыппұл санкцияларына, келісімшарттардың жойылуына, сондай-ақ стратегиялық маңызды құрылыстардың дағдаруына ұшыратпақ. Демек, жұмысшыларды жалақысын сақтаусыз таратуға тура келеді. Бұған жол бермеу үшін қаламаңы аймақтарының және Алматы облысының тұрғындары саналатын жұмысшыларымызға арнайы өткізу рұқсат қағазын беруді сұраймыз", – дейді кәсіпорын бас директоры М.Раушанов. 

Әйткенмен, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһарға өзгелердің кіруіне ешқандай рұқсат қағаз берілмейтінін кесіп айтты.

"Қала ішінде көліктің және адамдардың қозғалысы шектелмейді. Ал Алматыға кіруге және одан шығуға жол берілмейді. Соның ішінде қалада жұмыс істейтін қаламаңы және облыс тұрғындарының Алматыға кіріп-шығуына тыйым салынған. Жекелеген адамдарға қалаға кіруіне мүмкіндік беретіндей ешқандай арнайы рұқсат қағаздар жоқ. Тек бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түліктерді, дәрі-дәрмек, медициналық өнімдер, қорғаныш пен гигиена заттарын әкелетіндер үшін "жасыл дәліз" орнатылды", – дейді әкім Бақытжан Сағынтаев.

Қос мегаполисте енгізілген карантиннің мерзімі шектелмеген, яғни оның қашан аяқталатыны белгісіз. Осыған байланысты бірқатар сарапшылар карантин тым ұзаққа созылса, қала ішінде мародерлік әрекеттер, тонау-қарақшылық қылмыстары белең алуы мүмкін екенін ескертуде. Демек, қалалар ішінде қауіпсіздік шараларын күшейту қажет.

"Біз күзет фирмасымыз. Карантин енгізілсе де, жұмысымызды тоқтата алмаймыз. Өйткені мектептер, балабақшалар, шіркеу және басқа да әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Бірақ фирма қызметкерлерінің үлкен бөлігі Алматы облысының тұрғындары", – деп қамығады "Мирас Секьюрити" жетекшісі.

Телевизиялық өнім өндірумен айналысатын "Той Думан" ЖШС да осы мәселеге маңдай соғыпты: оның қызметкерлерінің көбі Алматы облысында және қаламаңында тұрады. Олар уақытша қашықтан жұмыс істеуге көшірілген, әйтсе де жұмыстың мұндай тәртібін ұзақ уақыт бойы сақтау мүмкін емес көрінеді.

Алматылық Роман Никитин оғаш жағдайға тап болған. Ол қаламаңында жұмыс жасайды, алайда блокпост үйінің дәл іргесіне орнатылыпты. Енді оның жұмыс орны тоспаның ар жағында, 200 метр жерде қалған. Қолсозым жердегі жұмысына бара алмайды.

Иван Петенков Шымкенттен Алматыға көшуге ұйғарады. Содан карантин қарсаңында әйелі Натальяны және қызы Маргаританы алып, барлық жүктерін жүк көлігіне тиеп, Алатау жаққа аттанған.

"Алматы карантинге жабылды. Достық даңғылындағы жаңа баспанасы қызым Наталья атына тіркелген, яғни ол толыққанды қала тұрғыны. Немерем де осындағы мектепке тіркелді. Шымкенттегі тұрақты тіркеуден шықты. Алайда Audi жеке көлігімен де, заттары артылған Газеллмен де Алматыға кіре алмай тұр. Кері қайтайын десе, Шымкентте тұратын жері жоқ. Карантин мерзімі аяқтағанша өзге жерде өмір сүруге қаражаттары жетпейді. Баспанаға жұмсаған", – дейді Наталья Сапрыкина. Ол да әкімдіктен туғанына Алматыға кіруіне рұқсат сұрайды.

Ал қала тұрғыны Қали Жалын қала билігінен тосын шақыру алыпты.

"18 наурызда Алматының Наурызбай ауданының военкоматы қоңыраулатты: ұлымның кезекті медициналық тексеруден өтуге дереу келуін талап етті. Ұлым – колледж студенті. Колледж барлық шәкірттерді қашықтан оқуға ауыстырды. Яғни, үйден шықпайды. Карантин уақытында жігіттерді шұғыл жинаудың қаншалықты қажеті бар? Оның үстіне колледжде оқыса. Осыны түсіндірейін деп 1308, 1406 нөмірлеріне қоңырау шалсам, үнемі бос болмай шығады", – дейді ол.

Қаладағы блок-посттарда патрульдік полиция полктары, СОБР арнайы жасақтары, "Гранит" полктары, Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері, Ұлттық ұлан жұмылдырылған екен. Осы арқылы жаһанды жайлаған індеттің қалада таралу тізбегін бұзып, тоқтату міндеті қойылған. Алматыда үй карантині және тұрғындардың өз бетінше оқшаулануы тетіктері де қолданылуда. Егер Алматы COVID-19 пандемиясын тез жеңсе, шаһар үлгісі өзге өңірлерге өнеге болуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу