Пандемия Қазақстанның еңбек нарығына кері әсер етуде. Карантин уақытында тек Алматы қаласындағы кәсіпорындарда жұмыс күші 266 мың адамға қысқарған. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің 80%-ы қызметін уақытша тоқтатты. 27 наурызда Алматыда өткен брифингте Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы екі күннің ішінде мегаполисте жұмыссыз ретінде 400-ден астам адам тіркелгенін хабарлады.
Карантин әсіресе сауда және қызмет көрсету секторын тығырыққа тіреді. Алматы нарығының 70%-ын осы сала қамтиды. 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша мегаполисте жалпы саны 106 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның ішінде сауда мен қызмет көрсету саласында 240 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, карантин енгізілгелі азық-түліктен басқа тауар сататын кәсіпкерлердің басым бөлігі уақытша жұмыссыз қалған.
"Қазіргі кезде тек дүкендер мен дәріханалар жұмысын жалғастыруда. Палата төтенше жағдай кезіндегі кадрлық мәселелерді шешу мақсатында 874 кәсіпорында жұмысшыларды босату мәселесі бойынша онлайн-сауалнама жүргізді. Бұл мекемелердегі 16 869 адамның 25,4%-ы еңбекақысыз демалысқа жіберілген. Ал 1617 адам болашақта жұмыссыз қалуы мүмкін", – дейді Нариман Әбілшайықов.
Таяқтың тағы бір ұшы...
Уақытша және тұрақты жұмыссыздар санының артуымен қатар, Алматы шекарасының жабылауына байланысты мегаполистегі кейбір кәсіпорындарда маман жетіспеушілігі байқалады. Себебі қала карантинге жабылғандықтан өз өңірлеріне кеткендер мен шаһар маңындағы елдімекендерде тұратындар мұнда кіре алмайды.
Еліміздегі ірі сауда желісінің басқарма төрағасы Азамат Османовтың әлеуметтік желідегі пікіріне сүйенсек, Алматыдағы азық-түлік, дәрі саудасы қызметкерлерінің 50%-ы, логистика саласы мамандарының 80%-ы облыста тіркелген және сонда тұрады. Карантин салдарынан олар жұмыс орнына жете алмайды.
"Осыған байланысты карантин аумағына қала маңындағы елдімекендерді қосу қажеттілігі бар. Біз қызметкерлеріміз жұмыс орнынан тысқары қалатынын білгенде тәулік ішінде 1 мыңнан астам адамды хостелге орналастырдық. Алайда бәрібір адам жетпей жатыр", – дейді ол.
Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Алматы қаласы облысқа қарасты бес ауданмен шекаралас. Олардан шаһарға күніне 500 мың адам күнделікті қатынап жұмыс істейтін. Сырттан келетіндердің басым бөлігі бизнес нысандарында, базарларда сауда жасайтындар мен түрлі кәсіпорындарда еңбек ететіндер еді.
"Алматыға қала маңындағы тұрғындардың кіруіне тыйым салынуына байланысты кейбір компанияларда маман тапшылығы бар. Біз жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша 16 компаниямен хабарластық. Нәтижесінде 254 адам еңбекпен қамтылды", – дейді палата басшысы.
Алматы кәсіпкерлер палатасы жұмыс күшін сақтап қалу мақсатында қала маңында тұратын мамандарға жатақханалар мен хостелдерден орын беріп, қалада тұрақтауына жағдай жасаған. Қазіргі кезде мегаполисте 150-ден астам осындай жатақхана бар. Ірі сауда орындары бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз қызметкерлерін орналастырған.
Карантиннің салдары
Сарапшылардың пікірінше, карантиннен кейін басқа салалармен қатар еңбек нарығы да үлкен өзгеріске ұшырайды. Бизнесте банкрот болғандар мен жұмыссыздар саны артып, адамдар кәсібін өзгертуі, ал кейбір салаларда, өңірлерде керісінше маман тапшылығы да байқалуы мүмкін.
Экономист экономист Нұржан Зиябековтың айтуынша, карантиннен кейін қысқартулар болып, жұмыс азаяды.
"Көптеген компания иелері қашықтан еңбек ету тиімді екенін түсініп, қызметкерлерін қысқартады. Карантин кезінде қызметінен босатылғандарды кейін қайтып бұрынғы орнына ала қоюы екіталай. Тәжірибесі аз жастар арасында жұмыссыздар саны артады. Сондықтан жұмыс күші арзандауы мүмкін", – дейді ол.
Ал еңбек нарығындағы өзгерістер Алматы сияқты мегаполистерде бірден сезіледі. Оның салдары ел экономикасынан да айқын көрініс табады. Өйткені Алматы Атырау облысымен бірге республикалық бюджеттің доноры.
"Карантиннен кейін нарық қалпына келгенше кемінде үш ай керек. Алайда оның бәрі шектеу қаншаға созылып, жұмыс күшінің қаншалықты кемуіне байланысты. Егер карантин ұзаққа созылса, нарық бірден қалпына келе қоймайды", – дейді экономист.
Әлемдік статистика
Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Дүниежүзілік еңбек ұйымының (ДЕҰ) дерегінше COVID-19 пандемиясының кесірінен туындаған экономикалық дағдарыс салдарынан әлемде 24,7 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондай-ақ қызметінен босағандардың басым бөлігі – жоғары жалақы алатын мамандар. Ұйымның болжамы бойынша әлімде кемінде 2,8 млн адам жұмыссыздар қатарына қосылады. Бұдан бөлек халықтың айлық кірісі де төмендеуі мүмкін. 2020 жылдың соңында әлем халқының табысы 860 млрд-тан 3,4 трлн долларға дейін қысқаруы ықтимал. Сондай-ақ, кедейлік деңгейі өсіп, 2020 жылы жағдайы төмен адамдар саны 8,8 млн-нан 35 млн адамға жетуі мүмкін.
Құралай Құдайберген