Қарашүңгілден "Қашағанға" дейін

6783

Кazservice одағы ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті үлесті көбейтіп, отандық компаниялардың мүддесін қорғап отыр.

Қарашүңгілден "Қашағанға" дейін

Келесі жылдың 13-ші қарашасында Қарашүңгіл кен орнындағы №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігінен алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 120 жыл толады. Қазақ мұнайының тарихына бастау болған XIX ғасырдың соңындағы осы оқиға ата кәсібіміз болмаса да, мұнай өндірумен ғасырдан астам уақыт айналысып келе жатқанымызды айғақтайды.

Қарашүңгілден мұнайдың өнеркәсіптік қоры табылмаса, Жем, Атырау өңірін барлау ісі мен кен көзін ашу жылдарға жалғасып, Маңғыстаудың мұнайы мен газына жету арманға айналар еді. Бәлкім, 1979 жылы "Теңіз", "Қарашығанақ", екі мыңыншы жылы "Қашаған" кен орындарын тауып, қазіргідей "шекеміз шылқып" отырмаған болар  ма едік, кім білсін?

Қарашүңгіл – жер атауы. Оның Қарашұңғыл болуы да ғажап емес. Қалай болғанда да, "шүңгіл" мен "шұңғыл" тілдік қолданысымызда бар сөздер. Мағынасы – ойыс дегенді білдіреді. Шынтуайтында солай, бұл жер құм шағылдардың арасындағы ойысқа орналасқан.

Айтпақшы, Қарашүңгіл – әулиелі жер. Оған адамдар түнеп, зиярат етеді. 1899 жылы атқылаған мұнайдың бір күнде сап тиылуын қалың көпшілік осы  жердің қасиеттілігімен байланыстырады.

Жасыратыны жоқ, Қарашүңгіл кен орнының дәурені ұзаққа созылмады. Мұндағы мұнай тез таусылды. Есесіне ол қазақтың "қара алтынына" алпауыт елдердің назарын аудартып, мойнын бұрғызды.

Қарашүңгілден "Қашағанға" дейінгі аралықта Доссор, Мақат және бұлардан басқа ондаған кен орындары ашылды. Қазақ мұнайынан өндірілген жанар-жағармай Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұрыс даласына жөнелтілді. Қазақстан мұнай өнеркәсiбiнiң 100 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50, Атыраудағы Доссор мұнайының 100 жылдық мерейтойы үкімет деңгейінде атап өтілді. Қазақ мұнайының өндірісі мен әлемдік нарықтағы экспорты еселенді. Ал "Қарашығанақ", "Теңіз" кен орындары ұлттық экономиканың көшін алға сүйрей бастады. 

Былтырғы рекорд биыл жаңарады
Өткен жылы Қазақстанда 86,2 млн тонна мұнай өндірілді. Оның 70 млн тоннасы экспортталды. Осылайша отын-энергетика саласында рекорд орнатылды. Қуантарлығы, мұнайшылар толайым табыстарына тоқмейілсіген жоқ. Керісінше, өндіріс өнімділігін арттыруға білек сыбана кірісті. Бұған энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың: "2017 жылы "Қашаған" кен орнын өнеркәсіптік игеру барысында өндіріс көлемі 86,2 млн тоннаны құрады. Осылайша елдің жылдық өндіріс деңгейі жаңа деңгейге көтерілді. 2018 жылы мұнай өндіру көрсеткішін 87 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл алдын-ала жасалған болжам ғана, көрсеткіш бұдан әлдеқайда жақсы болуы мүмкін. 2019 жылдан бастап "Қашаған" кен орнынан тәулігіне 370 мың, 2024 жылы тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіру көзделген", – деген мәлімдемесі дәлел.

Қанат Бозымбаевтың сөзінше, ортамерзімді перспективада мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсіп, 2025 жылға қарай жылына 104 млн тоннадан асады. Мақсатқа жету үшін "Теңіз", "Қарашығанақ" және "Қашаған" кен орындарындағы өндіріс көлемі ұлғаяды.

"Қашағанда" 2024 жылға дейін өндіріс көлемін қазіргі 13 млн тоннадан 16 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. 2017 жылдың соңына дейін "Қашаған" кен орнының мұнай өндіру деңгейі тәулігіне 210 мың баррель болды. Ал қазір аталмыш кен орнынан тәулігіне 350 мың баррель мұнай өндіріліп жатыр. 2022 жылдан кейін "Теңіздегі" мұнай өндіру көлемі қазіргі  27 миллионнан 39 миллион тоннаға жеткізіледі. Жыл соңында мұнай өндірісінің былтырғы рекорды жаңарады деп үміттенеміз", – деді министр.

Кazservice қалай құрылды?
Мұнай өнеркәсібі мен мұнай және мұнай өнімдері тілге тиек етілгенде оған көрсетілетін қызмет жайлы сөз қозғамауға болмайды. Сондықтан бүгін біз Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының тарихынан сыр суыртпақтаймыз.

Кazservice одағы 2011 жылы дүнеге келді. Бүгінде одақ мұнай-газ саласына қызмет көрсететін компаниялар арқылы 170 мың адамның басын біріктіріп отыр.

Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде Кazservice одағының қалай құрылғанын былай деп еске алады: "2011 жылы "Болашақ"  бағдарламасымен оқып келген жастар мұнай-газ сервисі саласын зерттей бастайды. Сол кезде түрлі қиындықтарға тап болады. Мысалы, электр жүйесін жабдықтайтын компания құрып, қомақты тендер ала қояйық деп "ТШО" ға барады. Ал олардың талабы қатаң. "Алдымен квалификациялық талаптан өтіңдер, содан кейін тендерге  қатыстырамыз" дейді. Қожайын шетелдік болғаннан кейін міндетті түрде ағылшын тілін білу қажет. Құжаттың барлығын ағылшын тілінде толтыру керек. 1 адам, 2 адам болып мәселені шеше алмайтын болғаннан кейін Кazservice одағы құрылды".

Үштің өзі күш
Мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету жеңіл, орташа және жоғары деңгей болып жіктеледі. Қызмет көрсетудің алғашқысына сабын, қағаз жеткізу немесе мұнайшыларды тамақпен қамтамасыз ету жатады. Бұдан түсетін табыс мардымсыз. Ауырлығы орташа қызмет көрсету инжиниринг, жобалау, құрылыс және тасымал жұмыстарын қамтиды. Бұл жердегі қызмет көрсетудің 60%-ын өзіміздің азаматтар атқарып отыр. Технологиялық қызмет көрсету жоғары деңгей болып саналады. Осы деңгейде жүргендердің табысы қомақты. Өкініштісі, біз бұл деңгейге жете алмай жүрміз.

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, бұған елімізде жоғары технологиялық өндіріске қажетті бөлшек шығаратын зауыттардың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

"Біз жоғары технология шығаратын зауыттардың Қазақстанда бой көтергенін қалаймыз. Осы мақсатты жүзеге асыру бағытында әрекет етеміз. Шындығын айту керек, жоғары технология өндіріп отырғандарға Қазақстан нарығы қызық емес. Халық саны аз болғандықтан, инвестор Қазақстанды экономикалық тұрғыда тиімсіз ел санайды. Қалай болғанда да біз шетелдіктерге елімізде қызмет көрсету орталықтарын ашқызуға тиіспіз", – деді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы.

Жылына 7 млрд доллар
Былтыр мұнай-газ саласында 2,5 трлн теңге айналды. Яғни осындай сомаға қызмет көрсетілді. Мұны "көк қағазға" айналдырсақ, 7 млрд доллар болады. Ал мұнай өндіруші барлық компанияның жалпы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,5 трлн теңгені құрады. Айта кетейік, барлық сатып алудың 75%-ы "Қашаған", "Қарашығанақ", "Теңіз" сынды ірі кен орындарының еншісіне тиді.

Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Кazservice одағы ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті үлесті көбейтіп, отандық компаниялардың мүддесін қорғайды. Бүгінгі таңда мұнай-сервистік қызмет ұлттық экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналған.

Кazservice одағы мүшелерінің мүддесін қорғау, ірі мұнай-газ жобаларына отандық компанияларды тарту, мұнай-газ саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы қарым-қатынасты реттеу сынды жұмыстарды жүйелеп отырады. Одақ Норвегияның, Францияның мұнай-газ саласына қатысты қауымдастықтарымен байсалды байланыс орнатқан.

"Отандық компаниялардың мүддесі мен мүмкіндігі шетелдіктерден жоғары тұруы тиіс"
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, қазір отандық мұнай-сервис компанияларының басым бөлігі Беларусь, Украина мамандарының қас-қабағына қарап отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сала мамандарына ІТ-технологияны меңгеру қажет.

"Бізде ІТ-технология мамандарын даярлайтын инкубатор жоқ. Әркім шама-шарқынша ұсақ-түйек компанияларды құрған болып жүр. Бірақ олар "Қашаған", "Қарашығанақ", "Теңіз" секілді ірі операторлардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. ІТ-технология әлемдегі табысты сала саналады. Мәселен, құрылыстан 20-30% пайда көруге болады. Ал ІТ-технология саласы арқылы табысты 300-400%-ға еселей аласыз. Мемлекет пен бизнес осы мәселені бірлесіп шешсе, біз өзгелерге кіріптар болудан құтыламыз", – деді Рашид Жақсылықов.  

Оның сөзінше, отандық компаниялар мемлекет тарапынан көріп отырған қолдауды тиімді пайдаланулары тиіс.

"Жас мемлекетте қай салаға болмасын қолдау қажет. Біздің салаға да қолдау көрсетілуде. Алайда оның тиісті мөлшері болуға тиіс. Жалпы, кәсіпкерлік бәсекелестіктен тұрады. Ал қолдауға иек артып алған кәсіпорын дүниежүзілік сауда ұйымының есігі айқара ашылғанда бәсекеге қабілетті болмай қалуы мүмкін. Біз осыны ескеру керекпіз", – деді одақтың төралқа төрағасы.

Рашид Жақсылықовтың сөзінше, отандық компаниялардың мүддесі мен мүмкіндігі шетелдіктерге қарағанда жоғары тұруы тиіс. Алайда жұмыстың сапасы мен жұмысшылардың біліктілік деңгейі шетелдік компаниялардың өкілдерінен төмен болмауы керек.

Baker Hughes компаниясы Қазақстан нарығынан тыс қалды
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың мәлімдеуінше, мұнай-сервис саласында бәсекенің бәсін қыздырып тұрған отандық компаниялар жоқ емес. Олар шетелдік компаниялардың алдын орап кететін деңгейге жеткен. АҚШ-тың атақты Baker Hughes компаниясының Қазақстан нарығынан ығысуына отандық компаниялар ықпал еткен.

"Бұрғылау, жобалау секілді салаларда отандық компаниялар үлкен жетістікке жетті. Логистика саласындағы жұмысымызды орташа деп бағалаймын", – дейді Рашид Жақсылықов.

Өзгелер емес, өзіміз басқаруымыз керек
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының жоба басқарушысы Нияз Жұматтың сөзінше, "Қашаған", "Қарашығанақ", "Теңіз" секілді ірі кен орындарының басшылық қызметінде Қазақстан азаматтарының үлесі аз.

Мемлекеттік сатып алу департаменттерін, техникалық жобаларды, құрылыс және инжинеринг салаларын шетел азаматтары басқарып отыр.

"Негізгі басшылық қызметтерді шетелдіктер атқаруда. Өкінішке қарай, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Олар Қазақстанда 3-4 жыл жұмыс істейді, сосын өз елдеріне кетіп қалады. Жергілікті нарықты дұрыс білмейтіндіктен басшылықта отырған шетелдіктер ел аумағынан тыс жердегі мердігер компаниялармен серіктес болады. Салдарынан отандық компаниялар қағажу көреді", – деді Нияз Жұмат.

Оның мәлімдеуінше, мұнай компанияларының басшылық қызметіндегі жергілікті кадрлардың үлесін арттыру үшін ірі операторлармен, мемлекеттік органдармен келісім жасалған.

"Бүгінде кадрларды ұлттандыру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Соған сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстан азаматтарынан кем дегенде департамент басшыларын дайындап шығуымыз керек. Бұл жұмысты энергетика министрлігі бақылап отыруға тиіс", – деді Астанада журналистермен жүздескенде Нияз Жұмат.

Субмердігердің соры – бас мердігер
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов шетелдік бас мердігер отандық субмердігердің құқығын аяқ асты ететінін жариялады.  

Оның баяндауынша, бас мердігер субмердігердің қаржысын дер кезінде аудармайды. Салдарынан субмердігер қиындыққа тап болады.

"Көрсетілген қызмет актісіне қол қойылған соң тапсырыс беруші бір айдың ішінде бас мердігерге қаржыны аударады. Ал бас мердігер ақша түскен соң субмердігермен бірден есептеспейді. Көп жағдайда субмердігер қызметін қазақстандық компаниялар атқарады", – деді Нұрлан Жұмағұлов.

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексте мердігерлерге қатысты талап бар. Онда мердігерлер мемлекеттік сатып алуды тапсырыс берушінің ережесіне сай жүргізуі тиіс екені нақтыланған. Осы турасында бас директор: "Бұдан бөлек, тауарлар мен қызметтерді бірыңғай мемлекеттік реестр арқылы сатып алатын жеке компаниялар үшін де арнайы талаптар ескерілген. Яғни, олар тауарлар мен қызметтерді келісімшарт бағасы 100 айлық есептік көрсеткіштен асса ғана сатып ала алады. Бұл – 245 млн теңге. Сол секілді мемлекеттік сатып алудың көп бөлігін алып отырған "Қашаған", "Қарашығанақ", "Теңіз" кен орындарына қатысты да міндеттемелер бар. Олардың тендерлік іс-шаралары жабық жағдайда өтеді. Негізі жабық жағдайдағы тендерлік іс-шаралар мердігер ұйымдарға трансляциялануы тиіс. Бұл – заңның талабы. Қысқасы, осы аталған талаптар бойынша ортақ келісімге келу керек", – деді.

Қазақстанның кадры, шетелге қымбат қадірі

Нұрлан Жұмағұловтың мәлімдеуінше, шетел компаниялары Қазақстанның мықты кадрларын, өздеріне тартып әкетіп жатыр.

"Біз мұндай саясатқа қарсымыз, себебі мұндай әрекеттен қазақстандық субмердігер ұйымдар әлсірейді. Салдарынан олар алдағы уақытта міндеттемелерін орындай алмай қалады. Біз барымызды бағалауға, яғни мықты мамандарымызды қадірлеп, олардың материалдық мәселесін шешіп беруге тиіспіз", – деп қорытты ойын Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу