Павлодар облысында шаруалармен арзан картоп жеткізу туралы жасалған меморандумның аяқталғаны сол еді, сауда сөрелеріндегі өнімнің бағасы күрт қымбаттады. Жергілікті билік мұны өзіміздің картоптың таусылып, оның Түркістан мен Жамбыл облыстарынан жеткізілуімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Былтыр күзде өңірде картоп өсірумен айналысатын 33 ірі шаруашылық пен облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы жаңадан жиналған өнімнің 30 мың тоннадан астамын мамыр-маусым айларына дейін әлеуметтік дүкендерге келісін 95 теңгеден жеткізу туралы меморандумға қол қойған болатын. Соның нәтижесінде күзден көктемге дейін облыс тұрғындарына өнімнің бір келісі 115 теңгеден сатылып келді. Алайда бүгінгі күні бағасы 220 теңгеден төмен көкөністі табу қиын. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, өткен жылғы статистикалық деректер жазда картоптың келісі орта есеппен 120 теңгеден сатылғанын көрсетіп отыр.
"Әлеуметтік бағамен сатылған кейбір картоп сапасыз болғанмен, бағасының қолжетімділігі біз сияқты зейнеткерлерге жақсы еді. Бастапқыда келісі 95, кейін 115 теңгеден сатылып, азық-түлікке жұмсайтын ақшаны үнемдеуге көп көмектесті. Бұл баға жаңа өнім жиналғанға дейін сақтала ма деп едік. Алайда қазір картоптың келісін 250 теңгеге сатып алуға мәжбүрміз. Маусымаралық кезеңде өнім қымбаттайтыны түсінікті. Бірақ бірден екі есеге өсуі қалтаға салмақ салады", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Төлеу Ахметова.
Өңірдегі баға саясатына жауапты облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы күзге дейін амалдай тұруға тура келетінін алға тартады. Сол кезде ғана тағы да меморандум жасалуы мүмкін. Ал қазіргі уақытта басқармасының бағаны реттейтін мүмкіндігі жоқ.
"Маусымаралық кезеңде тұрғындарды қолжетімді бағадағы өніммен қамту мақсатында "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлерік корпорациясына қарасты тұрақтандыру қорында 2 мың 151 тоннадан астам картоп бар. Ол баға күрт өскен жағдайда сауда сөрелеріне жеткізіледі. Сондай-ақ, күзгі жиын-терім жұмыстарынан соң былтырғыдай меморандум жасап, картопты дүкендерге арзанға жеткізу жоспарда бар", - дейді басқарма өкілдері.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл аймақтағы 21 мың 700 гектар алқапқа картоп тұқымы салынды. Жоспар бойынша, одан күзде 625 мың тонна өнім жиналады. Өткен жылы шаруалар 20 мың суармалы жерден 582 мың тоннадан астам картоп алған болатын. Өңір тұтынушыларының сұранысы 100 мың тоннадан сәл ғана асады. Қалғаны еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерге сатылады.
Құндыз Қабылденова