Қаржы министрлігі республикалық бюджетті қайта қарады

Бюджет шығыстары 2,2 трлн теңгеге өсті. Бұдан не өзгереді? 

Қаржы министрлігі республикалық бюджетті қайта қарады Фото: yandex.kz

Сенатының жалпы отырысындағы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың "2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы" баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджетке түсетін қаржы 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгені құрайды. Ал тапшылық ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақталды.

Ал бюджет шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

"Жалпы шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрады және келесі басым бағыттарды қамтиды. Бірінші. Мемлекет Басшысының Жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінетін болады.   Бұл өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар", – деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ бұл бағыт аясында:
- жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд теңге; 
- қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 126 млрд теңге;
- тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд теңге көзделеді.

"Екіншіден, басқа да бірқатар маңызды міндеттемелерді іске асыруға 186 млрд. теңге бағытталатын болады", – деді министр. 

Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Бұны шығыстардың құрылымының өзгеруінен байқауға болады.

Мәселен, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3%-ке ұлғайды. 

Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр.

"Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады. Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5%-ін құрап отыр", – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Қаражат "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталмақ. 

Күш құрылымы шығыстары 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған.

Нақтылау кезінде биылғы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 32%-ы бағытталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу